Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Палатаға 2022 жылғы 5 маусымда референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды іске асыру мәселелері бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау ұсынылады. Олар: «Конституциялық Сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» конституциялық заң жобалары, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кейбір конституциялық және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бар.
Сондай-ақ, күн тәртібінің жобасында Мәжіліске келіп түскен кәсіби біліктілік туралы жаңа заң жобалары мен сот алқабилердің қатысуымен қарайтын санаттарын кеңейту бойынша Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген жаңалықтар да бар.
Сонымен қатар Мәжіліс комитеті бірқатар ратификациялық заң жобасын жұмысқа алады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының және Еуразиялық экономикалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.