Шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ тағдыр теперішін көріп, жетімдіктің ащы дәмін татқан сәбилерге қалай қорған болып жүрміз? Соңғы кездері баласын далаға тастап, тіпті нәрестесін сатпақшы болған аналардың қылығын естіп жағамызды ұстадық. Сарапшылар елімізде бала асырап алудың қиын екенін, сондықтан көп жағдайда отбасылардың бір-бірімен келісіп, бала алатынын айтуда. Шынымен де, Қазақстанда бала асырап алу қиын ба?
Ұлттық агенттіктің мәлімдеуінше, бала асырап алу үшін құжаттар дайындау – оңай әрі қысқа үрдіс. Бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімі Электронды Үкіметтің Egov.kz сайтында орналасқан. Ол жерде қолданыстағы заңға сәйкес бала асырап алушы ата-аналардан 8 құжат талап етіледі деп көрсетілген. Сонымен қатар ниет білдіруші отбасы 14 талапқа сай келуі керек. Біріншіден, бала асырап алатын ата-аналардың тұрғын үйі болуы маңызды. Екіншіден, күнкөріс деңгейі мен табысы 60 мың теңгеден төмен болмауы керек. Үшіншіден, наркологиялық және психологиялық диспансерлерде есепте тұрмаған, сотталмаған деген талаптар назарға алынады. Сондай-ақ басқа балаларға қатысты ата-аналық құқығынан айырылмаған болуы шарт. Одан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген медициналық профилактикалық тексерістен өткенін анықтайтын құжат та талап етіледі. Бұл құжаттармен бірге асырап алғысы келген бала 10 жастан асқан болса, баланың пікірі де есепке алынады. Сөйтіп, қамқоршы органдар 10 күн ішінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізіп, 5 күн ішінде нәтижесін хабардар етеді. Құжаттардың толық пакетін жинағаннан кейін бала асырап алу процесі кемінде 2 айды алады. Өтініштер мен құжаттарды қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға немесе Республикалық деректер банкі арқылы тапсыру керек. Жалпы, соңғы үш жылда елімізде 480 бала асырап алынса, 700-дей бала қамқорлыққа беріліпті. «Аналар үйі» Қоғамдық қорының бұрынғы директоры Балия Әкімбекованың айтуынша, қазір бала асырап алу үшін құжат дайындау қиын емес. Барлығы – стандартты құжаттар. Бірақ ниетті азаматтар асырап алушы ата-аналар мектебінен 3 ай бойы өтеді.
– Дайындық мектебіне ата-ананың екеуі де қатысуы қажет. Осы сатыға келгенде көптеген адам қиналады. Себебі ата-ана баланы асырауға жағдайымыз жетсе болды деп санайды. Бірақ дайындық мектебінің мақсаты ата-ананы бала асырап алуға психологиялық тұрғыда әзірлеу. Баланың дүниетанымын түсінуге жағдай жасау. Өйткені балалар үйінде өскен тәрбиеленушілердің түсінігі бәрібір өзгеше болады. Бала асырап алатын ата-аналар көп жағдайда кішкентай балаларды алғысы келеді. Бірақ мұндай бөбектер аз, – дейді Балия Әкімбекова.
Ниет білдірушілер көп, кезек жоқ
Соңғы жылдары асырап алушылар арасында қамқорлыққа алған балаларды 4-5 жылдан кейін қайтару жиілеп кеткен. Соның алдын алу мақсатында екі жыл бұрын бала асырап алушы ата-аналарға даярлық мектебін оқу міндеттелді. Олар үш айлық курсты оқып, сертификат алады. Сарапшының пікірінше, құжат дайындаудың ешқандай қиындығы жоқ. Алайда елорда тұрғыны Гүлбақ Самалова бірнеше жылдан бері бала асырап алу ниеті болса да, кезектің көптігінен бала асырап алудан бас тартқанын айтты.
– Нұр-Сұлтандағы балалар үйінен бала асырап алайық дегенбіз. Тастанды балаларды көргенде «біз не жесек, соны ішіп-жеп, балаларымызбен бірге өсер. Материалдық жағынан көп нәрсе бере алмасақ та, мейірім бере аламыз» дегенбіз. Өзімізше жетімдерді азайтуға үлес қоссақ деп шешкен түріміз ғой.
Бірақ сол кездегі балалар үйінің бас дәрігері: «сендердің өз балаларың да бар, баласы жоқ адамдарды аясаңдаршы» деді. Сөйтсек, астанада бала асырап алу үшін кезекте тұрғандар көп екен. Тек олардың бірінің талабы күшті болса, бірінің өз жағдайы талапқа сай емес, – дейді Гүлбақ Самалова.
Негізі бала асырап алатындардың 95 пайызы – орташа жалақы алатын қарапайым отбасылар. Ауқатты адамдардың тек 5 пайызы бала асырап алады. Әлеуметтік қызметкерлердің мәліметінше, ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істемей, әйел – үй шаруасында болып, ер-азамат – отбасының табыскері болса да бала асырай алады. Оған қоса, елімізде әр адамға тіркелген жерінде 14 шаршы метрден кем болмайтыны белгілі. Міне, баланы асырауда өз үйі болмай, жалдап отырса да асыраушы ретінде қарастырылады. Бастысы – жалдап отырғаны расталса болғаны.
– Балалар үйінде бүгінде 64 бала тәрбиеленуде. Мүмкіндігі шектеулі бала саны үшеу. Бізде 3 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетіндіктен асырап алушы ата-аналар көп. Барлық құжатты жинап болғаннан кейін бала асырап алушы ата-аналарға арналған портал болады. Бізге ата-аналар сол портал арқылы келеді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған балалар үйі директорының орынбасары Арайлым Еркінқызы.
Қамқорлық органдарға арнайы мамандар жетіспейді
Онсыз да дүние есігін ашпай жатып тірі жетім атанған балалардың жақсы отбасыға кездесіп, алаңсыз өмір кешуі бұл заманда мүмкін болмай тұр. Жақында әлеуметтік желіде Алматы облысында асырап алған балаларын соққыға жыққан отбасының әрекеті көпшіліктің қызу талқысына түсті. Аталған жайт бойынша құзырлы органдар араласып, арнайы комиссия құрылып, шешім де шығыпты. Балалар асырап алған әйелдің қолында қаламыз депті. Әйелге қатысты да жағымды сипаттама берілген екен. Бірақ заңбұзушылықтар да жоқ емес. Видеодағы ер адам – азаматтық некедегі күйеуі. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова осындай жағдайларды болдырмас үшін, балалардың тәрбиесіне бөтен ешкім араласпауы керек екенін айтты. Ал қолданыстағы заң бойынша отбасылық жұптың да, тұрмысқа шықпаған әйелдің де баланы асырап алу мүмкіндігі бар. Үйленбеген ер адамдардың да баланы асырап алуына болады. Сондықтан балаларды асырап алу мәселесіне келгенде отбасылы жұптарға басымдық берген дұрыс.
– Ол баланың қорғаушысы да, қолдаушысы да жоқ. Жәутеңдеп тағдырдың жетегімен кете береді. Олардан «кім сені жылатты» деп ешкім сұрамайды. Сондықтан жетім балаларды қоғам қорғауы тиіс. Жетімдер үйінде тәрбиеленген балаларды жаңа отбасында тәрбиелеу, оларды қоғамға бейімдеу көп жағдайда қиынға соғып жатады. Сол үшін әйелі мен күйеуі екі жақтап, балаларды дұрыс жолға сілтей алады деп есептеймін. Бір қуантарлығы, енді аталған отбасы қатаң қадағалауда болады, – дейді Әлия Әбсеметова.
Депутат өзі де бірнеше бала асырап, оларға ел қатарлы білім беріп, тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, бала асырап алу оңай емес. Осыдан 8-10 жыл бұрын құжат жинау қиын еді. Қазір бәрі цифрланған. Әр адамның өзіне байланысты. Ата-ана моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Әр адам бала асырап алмас бұрын «Осы баланы өз балаларыммен бірдей көре аламын ба?» деп өз-өзінен сұрауы керек. Қазір ата-аналарды дайындайтын арнайы мектеп бар. Көп азаматтар осы мектептің сабақтарынан өткеннен кейін дайын емес екенін біліп, қалауларынан бастартып жатады. Құжат жинағаннан кейін ата-аналар «алатын бала жоқ» дейді. Негізі елімізде бала қажетсінген ата-ана да, оған үміткер бүлдіршіндер де көп. Бірақ балалардың құқықтық статустары нақты белгіленбеген. Ата-ана құқығынан айырылған азаматтар балаларын өткізгеннен кейін, олар баланы не өздері алып кетпейді, не асырап алушыларға бермей ұстап отырады. Сосын асырап алушылар мүгедек балаларды алғысы келмейді. Көп ата-ана балаға материалдық жағдайын жасасам мені жақсы көріп кетеді деп ойлайды. Олай емес. Себебі әр баланың өз әлемі бар. Сол әлеміне үңіліп, бар қалпында қабылдап, сенімін ояту ата-ананың міндеті.
– Елімізде қамқорлық органдарға арнайы мамандар жетіспейді. Статистикаға жүгінсек, бір ауданда осындай бір ғана маман бар. Сонда 30 мың балаға бір маман қарайды. Әлемдік тәжірибе бойынша 30 мың балаға 5 маман қарауы керек. Олар жылына екі рет бала асырап алған отбасылардың жағдайын қарап тұруы керек, – дейді Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова.
Ал Америка, Еуропа елдерінде бала асырап алу өте қиын. Талаптарына сай келмесе, құзырлы органдар баланы тартып алады. Сондықтан бала асырап алған отбасылар әрдайым қатаң қадағалауда болады. Осындай шаш-етек жұмыстан қашқан шетелдіктер көп жағдайда өзге елдерден біржолата бала асырап алуға әуес. Тіпті дамыған елдерде өз балалары болса да, бала асырап алу үрдіске айналып кеткен. Мұны америкалықтар: «тек өзіңнен туған баланы жақсы көру, оның ғана ары қарай көбеюіне жағдай жасау – генетикалық эгоизм» деп түсіндіреді. Олардың пікірінше, баланың бәрі бірдей. Бастысы, ата-ананың жағдайы келсе, қамқорлығы жетсе, жетімдерге демеу болуы керек. Тіпті бала мүгедек болса да мейлі. Осылайша шетелдіктер ауру баланы тәрбиелеп, адам қатарына қосуды мақсат етеді.
Ал біздің елімізде жағдай керісінше. Бала асырап алғысы келген ата-аналардың 90 пайызы дені сау, қол-аяғы бүтін баланы аңсайды. Осындайда жетімге демеу болуды қоғамның әрбір мүшесі азаматтық парызы санаса ғой деп ойлайсың...