Nomad келін: Швейцарияда қазы айналдырып, құрт жаятын қазақ қызы көшпелі елдің мәдениетін дәріптеуде
Шетте жүрсе де ұлттық құндылықты дәріптеп қана қоймай, тұрмыс-тіршілігінде жиі пайдаланатын қыздарымыз аз емес. Сондай жанның бірі – Тахмина Али. Швейцарияда тұрып жатқан қазақ қызы тұрмысқа шығып, үбірлі-шүбірлі болса да өзінің тегін ұмытқан жоқ. Шетелде тұрып жатқанына 18 жылдан асса да, дастарқанынан ұлттық тағамдардың дәмі үзілмеген. Кең сарайдай үйін қазақы кілеммен әсемдеп, текемет төсеп, құрақ көрпеге толтырып тастаған. Үйінің әр бұрышынан Nomad мәдениетінің, қазақылықтың иісі сезініп тұратындай.
Тахмина Али – Алматының тумасы. Қазақстаннан 2004 жылы көшіп кеткен екен.
– 2000 жылдары студентпін, Алматыда заңгерлікке оқып жүргенімде күйеуіммен таныстым. Ол кезде Пол Еуроодақтың жобасымен Қазақстанда жұмыс істеп жүрген. Сөйтіп, екеуміз 4 жылдай кездестік. Артынан Лондонға кетіп, сол жақта үйлендік, – дейді ол.
[caption id="attachment_216468" align="alignnone" width="1200"] ©voxpopuli.kz[/caption]
Айтуынша, күйеуінің есімі – Пол, тегі – Торгерсон, өзі ағылшын. Үш ағасы Лондонда тұрғандықтан, үйлену тойы сол жақта өткен. Тойдан кейін өздері үш жылдай Цюрихта тұрған. Кейін жолдасының жұмысы бойынша Кариб теңізі аралдарына барып, біраз мекендеп, артынан Цюрихқа оралған.
– Шыны керек, жақындарымның ешқайсысы мені ағылшынға тұрмысқа шығып, шетелге көшіп, шешем мен қызымды ала кетеді деп ойлаған емес. Оның үстіне, күйеуімнің туған жеріне емес, Швейцарияға кетеді деп кім ойлаған. Сол себепті жаңа елге барып, жаңа жерге сіңісу – бәрімізге таңсық еді. Ал қажетті құжаттарды реттеп, жұмыс іздеп, баспана табу секілді мәселелерді жолдасым шешті. Өзім тек анам мен қызыма қарап, үйдің тірлігімен айналыстым. Артынан ұлды болып, басыбайлы үш баланың тәрбиесіне көңіл бөлдім, – деді Тахмина Али.
Тахминаның жолдасы – Цюрих университетіне қарасты Эпидемиология институтының директоры. Ол паразитология және эпидемиология саласында ғылыми зерттеумен айналысады. Көбіне ғылыми жұмысын Еуропа мен Африка елдерінде, Қытай, Қырғыз Республикасы мен Қазақстанда жүргізеді. Соған қарамастан Тахминаның өз тірлігі бар. Қазір ол ұлттық нақышты насихаттай отырып, этностильдегі декорды әсемдеумен айналысады. Өз үйінің әр бұрышын текемет, кілемше, құрақ көрпе секілді кілең қазақи жиһаздармен толтырып тастаған. Торгерсон әулеті үшін бұл – қалыпты дүние.
– Көрпе, текемет, түскиіз, сандық, ыдыс-аяқ, киім-кешек секілді ұлттық нақыштағы дүниелерді қатты ұнатамын. Жүрген жерімде жинап жүремін. Кейбірін өзім әсемдеп жасап аламын. Үйдегі қазақы дүние-мүліктің әрбірі – жүрегімнің бір бөлшегі. Өйткені ол қазақылығымның, туған жерімнің иісі. Екіншіден, «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, анамыздан үйренгенімізді көрсетіп бағудамыз. Сол себепті де анама арналған жоба ретінде Instagram парақшамда ұлттық нақышты насихаттауды қолға алдым. Өзіміздің түп тамырымыздан ажырамауымыз керек, – дейді ол.
Тахминаның айтуынша, үйінде тұрған сандықты сол жақта сатылымнан 20 франкке сатып алып, танымастай етіп жөндеткен. Қазір түріне қарап, бұл сандықты Швейцариядан табылған дүние деп ойламайсың дейді.
Ең қызығы, Торгерсон әулетінде Жаңа жылмен бірге, Наурыз мерекесін тойлап, дастарқанын аққа толтырып, қарсы алу әдеті сақталған.
– Біз бұл мерекелерді ешқандай діни астарсыз тойлаймыз. Бір ғана ұстанымым, ораза кезінде міндетті түрде садақа мен ауызашар беремін. Сол кездерде отбасымызбен қазақтың ұлттық киімін киіп, шашты өріп, шашбау тағып, дастарқан басында домбыра тартып, ән айтып, тойлатамыз. Мұндай дәстүрді үйге келген қонақтар да көріп, мәз болып қалады, – дейді Тахмина.
Торгерсон әулетінде күнделікті тағам да қазақы колоритке сіңіп кеткен. Тахминаның айтуынша, күйеуі нағыз қазақ секілді еттен бас тартпайды. Тіпті, ет пен қуырдақ – сүйіп жейтін тағамның біріне айналған. Ал дастарқандағы құрт, қазы, жент дегенді Тахминаның өзі жасайды екен.
«Щвейцарияда сатып алатын ондай тағамдар мүлдем жоқ. Сондықтан бәрін қолдан жасап, жолын тауып, үйрендік қой. Құртты ыстық пешке кептірген де кезіміз болды. Арасында балаларым «Мама, шай ішеміз бе?» деп келгенде балалық шағым еске түседі. Бастысы, ас үйде балалығымның иісі аңқиды», – деді ол.
[caption id="attachment_216284" align="alignnone" width="1200"] ©voxpopuli.kz[/caption]
– Пол екеуміз – екі елдің, екі ұлттың өкіліміз. Сол себепті біздің тіліміз де, мәдениетіміз де екі түрлі. Мысалы, балаларымның бәрі қазақша сарнап тұр. Олар әкесімен ағылшынша, менімен қазақша сөйлеседі. Өзім орыс мектебін бітірген соң, орысшам да жетік. Балаларым да орыс тілін ғана емес, немісше де біледі. Оған қоса, осында оқығандықтан, швейцариялық диалекті де бойға сіңген, – дейді Тахмина Али.
Олардың үлкен қыздары Камила жоғары мектепті бітіріп, Цюрихта жұмыс істейді. Одан кейінгі ұл Антони-Ануар болса, электротехника мен полимеханика мамандығы бойынша оқып жатыр. Ал кенже ұлдары Джеймс-Арыстан үйдің жанындағы мектепте оқиды. Тахминаның сөзінше, балаларға екі есім беруді жолдасы Пол ұсынған. Тіпті, балаларға қазақылықты сіңіріп өсіргенді жөн санаған.
– Әуелі адам өз болмысынан алыстамау керек. Менің жаным – қазақ, тәнім – қазақ, қаным – қазақ. Осыны ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Керісінше, қазақ болғаныма мақтан етемін! Жүрген жерімде еліміз жайында, жеріміз жайында сөз етемін. Қазақылығымды өз отбасыма, ұрпағыма сіңіргім келеді. Содан болар, үйімізге келген қонақтар қазақ екенімізді бірден байқайды. Себебі мен – қазақпын, өз елімнің патриотымын!, – дейді Тахмина Али.