Оқуға түскен 137 талапкер білім грантынан айырылды
Оқуға түскен 137 талапкер білім грантынан айырылды
©Sputnik
4,557
оқылды
ҰБТ кезінде жасалған видеожазбаларды тексеру қорытындысы бойынша биыл грантқа ілінген 137 талапкердің ҰБТ нәтижесі жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
«ҰБТ-2022 аяқталды, бірақ оның бейнежазбаларын тексеру әлі де жалғасып жатыр! Қазір  бейнежазбаларды қайта қарау қорытындысы бойынша, 153 тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылды, олардың 137-сі білім беру грантының иегері болған еді», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, 137 талапкердің бәрінің грант туралы куәліктері жарамсыз деп танылған. Сонымен қатар олқылыққа жол берген ҰТО қызметкерлерінің үстінен тексеріс жүргізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолданып жатыр. Ресми мәліметке сәйкес, биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылған.
«Құрметті 2023 жылғы талапкерлер! Міне, сіздер үшін жауапты кезең басталды.Себебі алда емтихандар мен ҰБТ тапсырасыздар. Сіздер білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің арқасында ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, алдыңғы буынның қателіктерін қайталамайсыздар деп сенеміз», – деп жазды Руслан Емелбаев.