Super.mamasita лақап атымен танымал блогер Әлия Байтуғаева үйін жөндеп бермек болған отбасының өзі туралы жалған мәлімет айтқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Блогер тұрмысы төмен отбасыға көмектесіп, баспанасын жөндеп беруді жоспарлаған. Бірақ үйге арнайы барған кезде әйелдің айтқандары күмән тудырған. Оның сөзінше, балаларымен бірге бұл баспанада 2017 жылдан бері тұрып келеді. Бірақ үйдің ұзақ уақыттан бері бос тұрғаны байқалған.
Әйел бастапқыда өз сөзінен қайтпай, жағдайды түсіндіруге тырысқан. Кейін ұлы шындықты айтып қойған соң, бұл үйде тұрмайтынын мойындаған. Сондай-ақ баспананың өзіне тиесілі емес екенін және үй иесінің рұқсатынсыз блогерлерді шақыра алмайтынын жеткізген. Үйдің нақты кімге тиесілі екені және әйелдің неліктен мұндай әрекетке барғаны белгісіз.
Әлия Байтуғаева бұл оқиғаны көпшілікке біреуді қаралау немесе танымал болу үшін жарияламағанын айтты. Ол қайырымдылық жасағысы келетін адамдардың сенімін теріс пайдалануға болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар видеодағы отбасы мүшелерінің жеке басын жария етпеу үшін олардың жүзін жасырған.
– Мен ешкімге тегін жөндеу жасап беруге міндетті емеспін. Біреудің есебінен пайда көргісі келетіндер болса, бұл сіздерге арналмаған. Еңбек етіп, ақша жинап, өз күштеріңізбен жағдай жасауларыңыз керек, – деп жазды блогер.
Ол қайырымдылықты жеке пайдасына пайдалануға тырысатын адамдарды сынға алып, көпшілікті адал болуға шақырды.
