Президент Жолдауында биыл 1 қыркүйекке дейін шетелден елімізге әкелген автокөліктерді заңдастыруды тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.Polisia.kz-тің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы тіркеу және утилизацияға жіберу үшін төлем құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс екенін айтты.
Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге азаматтарға әкелінген шетелдік автокөліктерін өздері үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізуде, сондай-ақ оны жүргізу тетіктері әзірленуде.
2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген (кірген) барлық көлік құралдары бойынша Ішкі істер, Мемлекеттік кірістер және Ұлттық қауіпсіздік органдары (Шекара қызметі) арасында ақпарат алмасу мәселелері пысықталды. Мұндай автокөліктер туралы мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген автокөліктерді заңдастыруды болдырмау үшін жинақтайды.
Биыл 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, басқару органдары оң жақта орналасқан, сондай-ақ тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ автокөліктер заңдастырылмайды.
Сондай-ақ заңсыз әкелінген автокөлікті тіркеуді болдырмау мақсатында көлік бойынша ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылады. Тағы да азаматтарды Қазақстанда автокөлікті тіркеу және пайдалану мүмкіндігі үшін автокөлік сатып алу кезінде заңнаманы сақтауға, олардың заңдылығын міндетті түрде тексеруге шақырамыз.