Әулиекөл ауданында «Жастар рухының» 300-ден астам волонтері жұмыс істеп жатыр
Әулиекөл ауданында «Жастар рухының» 300-ден астам волонтері жұмыс істеп жатыр
625
оқылды
«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты жасақтаған волонтерлік топтар Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен және эвакуацияланған тұрғындарға көмек көрсетіп, белсенді жұмысын жалғастырып жатыр.    width= «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, Әулиекөл ауданына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ерікті келді.
«Волонтерлеріміз гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырды. Азық-түлік пен қажетті заттарды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп беруде. Зардап шеккендер мен эвакуацияланғандарға жылы сөзімізді айтып, моральдық қолдау көрсету де маңызды. Бұл – біздің шынайы жанашырлығымызды білдіру ғана емес, сонымен бірге оларға қиын сәтте күш-жігер беру. Сонымен қатар, жастар қалпына келтіру жұмыстарына, өрттен кейінгі үйінділерді сұрыптауға, аумақты тазалауға жұмылдырылған. Мұнымен қоса, біз өрттен зардап шекпеген, бірақ қолдауды қажет ететін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да азық-түлік таратамыз», – деді Н.Жетпісбаев.
Сондай-ақ, ол қазір тұрмыстық техника мен құрылыс материалдары көбірек келіп жатқанын айтты.    width= Волонтер Райымбек Бақытжанов Қостанай облысына елордадан келді. Ол апат туралы ести сала бірден ерікті ретінде баруға шешім қабылдағанын айтты.  width=  
«Жүк тиелген көліктер сағат сайын келіп жатады, ұйықтамай, демалмай жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ ерікті болудың басты қасиеті де осы. Себебі біз адамдарға нақты іспен көмектесеміз. Сондықтан мүмкіндігім бола салысымен осында еш ойланбастан келдім. Біз мұнда көмек қолдауымыз қанша қажет болса, сонша уақытқа дейін жұмыс істейміз», - деді ол.
Жергілікті тұрғын Аманжол Ахметов еріктілерге алғысын айтып, ең бастысы, елімізде тыныштық болсын деген тілегін жеткізді.    width=
«Бүкіл Қазақстан халқы бізге көмектесіп жатыр. Азық-түлік тапшылығы жоқ, бізге қажеттінің бәрін әкелді. Бұл өрт қазақстандықтардың қиын сәтте бір-біріне көмектесуге әзір жанашырлығын көрсетті», – деді ол.
Еске сала кетейік, аманаттықтар үш күн ішінде зардап шеккендерге 1214 тонна гуманитарлық көмек жинады. Партия филиалдары жанындағы гуманитарлық көмек жинау пункттері еліміздің барлық 20 өңірінде жұмыс істейді. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұжымы да зардап шеккендерге көмек көрсету қорына біркүндік жалақысын аударды. Қазіргі уақытта волонтерлер партия филиалдары жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау пункттерінде жұмысын жалғастыруда.