"Артында 5 баласы қалды": Абай облысында өрт сөндіруші қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты
"Артында 5 баласы қалды": Абай облысында өрт сөндіруші қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты
© ТЖМ
1,474
оқылды
Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Айдос өз ісінің маманы ретінде әріптестердің есінде мәңгі қалады. ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді. Абай облысы ТЖ департаментінің психологтері өрт сөндірушінің туыстарына көмек көрсетуде. 2022 жылдың 7 қыркүйегінде 13 сағат 35 минутта 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілді. Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге кірісті. Табиғи өртті сөндіру кезінде өрт сөндіру автоцистернасы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының өрт сөндіруге су жеткізетін КамАЗ-бен (12 текше метр) су алдырды. Осы кезде жел бағытының өзгеруі салдарынан өрт автоцистернаға қарай аумақты шарпыды. Техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранып, биіктігі екі метр қарағай ағашы өртенді. Өрт сөндірушілер жағдайды бағалап, өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кірісті. Автоцистерна мен КамАЗ су тасымалдаушы көлігі толығымен жанып кетті. Соның салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежедегі күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жатқызылды. Өрт аумағы 500 гектарды құрады, өрт 8 қыркүйекте сағат 5.40-та сөндірілді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды. Қазір  оқиғаның мән-жайы анықталуда. Айдос қатты күйік алып, жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды. Айдос 36 жаста еді. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Оның артында әйелі мен 5 баласы қалды. Елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде өртке қарсы және құтқару қызметтерінің 65 қызметкері қайтыс болды.