«Ұлттық қор – балаларға»: шетелде балалар қорына қанша қаражат құйылады?
«Ұлттық қор – балаларға»: шетелде балалар қорына қанша қаражат құйылады?
fingramota.kz
994
оқылды
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтты. Осы ретте Тоқаев балалардың шотына жыл сайын Ұлттық банктің инвестициялық табысын аударып отыруды ұсынды. Осы орайда Aikyn.kz сайты өзге елдердегі «балаларға арналған ұлттық қорға» шолу жасады.
«Балалар 18 жасқа толғанша мерзімінен бұрын алу құқығынсыз олардың жинақ шотына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысынан 50% аударып отыруды ұсынамын. Кәмелет жасына толғаннан кейін жиналған соманы үй немесе білім алуға жұмсайды. Бұл қаржы өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына серпін береді»,–  деді Президент.
Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр. БАӘ. БАӘ азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана Араб Әмірліктерінің азаматы бола алады. Ол елдегі жалпы халық санының 20 пайызын құрайды. Сәйкесінше, олардың қаржылық артықшылықтары да өте мол. Мысалы, үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан пайызсыз несие ала алады (әрқайсысына шамамен 20 мың доллар). Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Сондай-ақ мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда ел азаматтарының 15 пайызы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Мұның себебін өз кірістерінің жеткілікті екенімен түсіндіреді. Кувейт. Кувейтте де дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банктен шот ашылады. Және оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыруына болады. Ирландия – балаларға депозит түрінде ақша төлейтін Еуропадағы жалғыз мемлекет. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар төлейді. Баланың ата-анасы ақшаны үш бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді (2008 жылғы дағдарысқа дейін жәрдемақы 18 жасқа дейін төленген). Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді. Аустралия. Аустралияда әрбір жаңа туған нәрестеге 4 мың аустралиялық доллар сыйақы беріледі (бұл 3 мың АҚШ долларынан сәл асады). Алғашқыда бұл осы соманың тек 30 пайызын ала алуға болады, қалған бөлігі одан кейінгі екі жыл ішінде төленеді. Алайда сыйақы ата-аналар балаға қажетті барлық екпені алса ғана беріледі. Үкімет пен Ұлттық банктің есебінше қазақстандық балалар 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. Ал экономист Мақсат Халық елдегі Ұлттық қордың кірісін арттыратын болсақ, балаға түсетін ақша да екі есеге көбейеді деген болжам айтты.
«Ұлттық банктің мәліметі бойынша, әр баланың есепшотында 18 жылда  3 мың доллар жиналмақ. Меніңше, бұл олай емес. Жоқ дегенде, 18 жылда 6 млн жиналады. Онда да Ұлттық қордың қазіргі күйін есепке алдым. Дегенмен Ұлттық қорды ұлғайтуға, активтерін көбейтуге, инвестициялық сыйақы мөлшерлемесін ұлғайтуға болады. Осының бәрін жүзеге асырып, Ұлттық қордың кірістілігін 10-12 пайызға жеткізсек, түсетін ақша да екі есеге көбейеді. Немесе депозиттік шот ашып, оның үстінен 10-12 пайыз есептесек, 18 жылда 14-15 миллионға дейін табыс түседі. Мысалы, Американың орташа кірістілігі – 10-15 пайыз. Ал қазіргі біздің жағдай  2,4 пайыз ғана. Ол өте аз. Сондықтан осыған білікті маман, мықты қаржыгерлерді тартып, Ұлттық қордың кірісін көтеру керек. Осыны қолға алып, азаматтық бақылау болса, жұмыс та өз жемісін беретіні сөзсіз», – деді экономист.
PS: Байқағанымыздай, балаларға арналған ұлттық қор ашқан мемлекеттер саусақпен санарлық. Әлем елдерінің басым көпшілігі бала туғанда берілетін бірреттік  және ай сайығы жәрдемақымен шектеледі. Сондықтан Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға!» атты жаңа жобаны іске қосу туралы бастамасын тарихи шешім деуге болады.