Бауырластық нығайса, үммет бірлігі артады
Бауырластық нығайса, үммет бірлігі артады
459
оқылды
Тілі, діні, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бір-біріне өте жақын өзбек және қазақ халқы тарихи дамудың барлық бағыты бойынша өзара құрметпенен, туыс-бауыр болып, ғасырлар бойы татулық пен ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев айтқандай, «Өзбек пен қазақ – бір-біріне арқа сүйеп, ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан тамыры бір халық». Біздің дініміз тату көршілік байланыс­тарды нығайтуға, жақсы қарым-қатынас жасауға шақырады. Абдулла ибн Амр әл-Астан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла алдында достардың ең жақ­сысы – досына жақсылық жаса­ған адам. Алла алдында көршінің ең жақсысы – көршісіне жақсылық жасаған адам», – деген (Имам Термизий риуаяты). Алла Тағала Құран Кәрімде: «Бір Аллаға құлшылық жасаңдар, Оған еш нәрсені серік етіп қос­паңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыс­тарыңа, жетімдерге, кедей-кеп­шікке, жақын және алыс көршілеріңе, жолдастарға, жолау­шыға жақсылық жасаңдар», – деген болатын («Ниса» сүресі, 36 аят). Демек көршіге жақсылық жасау – мүмін мұсылманның міндеті. Кейінгі жылдары екі мем­лекеттің басшыларының ұтымды саясатының арқасында осындай тығыз тату көршілік пен өзара сенімге негізделген қатынастар барған сайын нығайып, жаңа деңгейге көтерілді. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық діни бағытта, сондай-ақ барлық салада дәйекті түрде дамып келеді және халқымыздың арасындағы бауыр­ластық одан әрі жақсаруда. Екі елдің мұсылмандар басқар­малары ынтымақтас­тығы­ның тарихи тамыры 1943 жылы құрыл­ған Орталық Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқар­ма­сындағы бірлесе жүргіз­ген қыз­метінен бастау алады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станда Ислам дінін кеңінен тарату, діндарлар мен мұсылмандардың қажеттілігін толық қанағат­тан­дыру, мешіттер мен медреселерді абаттандыру, біздің берекелі дінімізді насихаттау бойынша үлкен жұмыстар жүр­гізілді. Атап айтқанда, Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқар­масының дамуы­на Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малға­жыұлы, Серікбай қажы Ораз елеулі үлес қосса, бүгінде Бас мүф­ти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығы­мен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алла Тағала Құран Кәрімде өз дініне қызмет етіп жүрген адамдарды былай сипат­тайды: «Уа, иман келтіргендер! Егер Аллаға көмектессеңдер (дінімізді өркендету жолында), Ол да сен­дер­ге көмектеседі және қадам­дарыңды тұрақты етеді» («Мұхам­мед» сүресі, 7 аят). Бүгінгі күрделі жағдайда дін көшбасшылары мен Ислам ға­лым­дарының үйлесімді жұмысы бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Мұсылман ғалымдарының тығыз ынтымақтастығы ғана туындаған мәселелер мен қайшылықтарды шеше алады. Соның ішінде бауыр­лас халықтармен қарым-қатынас­ты нығайту дініміздің дамуына серпін береді. 2018 жылы Ташкент қаласында Өзбекстан мен Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы ара­сындағы ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды. Осыған орай пәтуа мәселелерінде, Рамазан айының басталу күні мен екі айт мерекесінің бірінші күнін анықтауда тұрақты ынтымақтас­тық байланыс орнады. Соңғы бес жыл ішінде Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан ғалымдарымен Рамазан айының, Ораза айт пен Құрбан айттың, шариғат мәселе­лері бойынша намаз уақыттарын анықтау және пәтуаларды әзірлеу мәселелері бойынша берік байла­нысымыз өз жемісін беріп келеді. Сондай-ақ меморандум аясында екі діни басқарма арасында зиярат туризмін дамыту, діни білім беру мен діни зерттеулер өткізу бағы­тында тәжірибе алмасу, халық­ара­лық конференцияларға, семинар­ларға, дөңгелек үстелдерге қатысу секілді іс-шаралар өткізіл­ді. Екі діни басқарма басшылығы­ның әртүрлі тақырыптарда бір­неше рет кездесулер өткізгені бауырлас халықтардың бір-біріне деген құр­меті мен сенімі одан ары дамып келе жатқанын көрсетеді. 2021 жылдың қараша айында Өзбекстан мұсылмандары басқармасының делегациясы Қазақ­станда өткен «Тәуелсіз Қазақ­стан және Ислам құнды­лық­тары» халықаралық конферен­циясына қатысып, бауырлас халықтардың Ислам дініне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Кон­ферен­­ция аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы біздің қарапайым еңбегімізді жоғары бағалап, мере­келік медальмен марапат­тады. Әрине, бұл сыйластықтан біздің көңіліміз көкке көтерілді. Соны­мен қатар мұны екі бауырлас елдің бір-біріне достығы мен жа­қын­дығының белгісі деп қабыл­дадық. Осы сапар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы­ның төрағасы, Бас мүфти Наурыз­бай қажы Тағанұлы Өзбекстан мен Қазақстан арасын­дағы діни-ағар­тушылық бағыттағы ынты­мақ­тастықтың дамып келе жат­қанын атап өтті. Сондай-ақ екі ел көш­басшыларының ұтымды саясаты да халықтарымыз арасын­дағы бауырластық байланысты нығайта түсетіні сөз болып, болашақта бірқатар жобаларды іске асыру жайы талқыланды. Биыл көктемде Ыстамбұл қала­сында өткен түркі мемлекеттері діни басқармалары басшы­ларының кездесуі де осын­дай диалогтың ажырамас жалғасы болды. Осы кездесуде де Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы­ның делегациясы бірқатар маңыз­ды ұсыныстарды алға тартып, Өзбекстан делегациясының пікір­лері мен ұсыныстарына қолдау білдірді. Бұл да бауырластықтың маңызды қырының бірі деуге болады. 6 мамырда Түркістан қала­сын­да «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылы­ми-практикалық конференция өтті. Өзбекстан мұсылмандары басқармасының ғалымдары осы беделді іс-шараға қатысып, бауыр­лас халықтардың өзара іс-қимы­лын нығайту діни саланы дамытуға қызмет ететінін атап өтті. 6-10 маусым күндері Мысыр мүфтиі, доктор Шауқи Ибраһим Алламның шақыруымен Каир қаласында өткен «Діни экстре­мизм. Зияткерлік негіз және оны еңсеру стратегиясы» тақыры­бын­дағы халықаралық конференцияға қатысты. Жиынның 200-ден астам қатысушысының қатарында Өзбекстан мен Қазақстан діни басқармаларының басшылары болып, мұсылман әлемі ғалым­дарының лайықты мадағына ие болды. Сол секілді 12 тамызда, қасиетті жұма күні Мысыр, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия елдердің діни басқармалары басшыларымен бірге Нұр-Сұлтан қаласында бой көтерген 30 мың орындық жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатыстық. Көрші елде осындай әдемі де керемет, өзгеше сәулеті бар мешіт салынғанына қатты қуандық. Шынында мешіттердің өркендеуі – елдің өркендеуі. Өйт­кені мешітке келген адамдар Отанымыздың, халқымыздың тыныш­тығын сұрап, дұға етеді. Алла Тағала осы жаңа мешітті Қазақстан халқы үшін мүбарак етіп, екі халық арасындағы ынты­мақты мәңгілік еткей!

Нуриддин ХОЛИҚНАЗАРОВ, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти