Қазақстанда есірткі заттарының заңсыз айналымымен және оларды сатумен айналысқан қылмыстық топты жою бойынша арнайы операция кезінде ұсталған азамат 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мәлім еткендей, ұсталған азаматқа жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу туралы үкім шығарылды.
«Қаржылық мониторинг агенттігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қазақстан аумағында есірткі жеткізуші және таратушы тұлғалардың әрекетіне тосқауыл қою мақсатында арнайы операция жүргізген болатын. Олар үй жануарларына арналған азық-түлікке оралған халықаралық сәлемдемені алу кезінде ұсталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 7 келіден астам марихуана мен мефедронды құрады», – делінген ведомство хабарламасында.
Сот шешімімен тәркіленген есірткі заттары жойылды. Қаржылық мониторинг агенттігі ел азаматтарының денсаулығына зиян келтіретін қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.