«Омбы-Майқапшағай тасжолына жұмсалуы тиіс 21 млрд теңге талан-таражға түскен» – Антикор
«Омбы-Майқапшағай тасжолына жұмсалуы тиіс 21 млрд теңге талан-таражға түскен» – Антикор
1,277
оқылды
Омбы-Майқапшағай жол құрылысының бітпей жатуына 21 миллиард теңгенің талан-таражға түсуі себеп болуы мүмкін. Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тексеріс күшейтілді, – деп хабарлайды "Хабар 24". Жалпы өлкедегі жолдарда заңсыздықтар жиі анықталып жатыр. Бұған рейд нәтижелері айғақ. Омбы-Майқапшағай жол құрылысы бойынша әлі бір оңған нәтиже жоқ. Осы жазда аяқталуы керек болған жоба тағы екі жылға созылды. Талай себеп айтылды. Енді ол қатарға жемқорлық та қосылуы мүмкін. Құзырлы орган өкілдері мердігер компанияның өте қомақты қаражатты қалтасына басуы ықтимал екенін мәлімдеді.
"Қалбатау-Майқапшағай автожол құрылысына қатысты 21 миллиард теңгені мақсатсыз пайдалану, яғни талан-таражға түсу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Ол әлі жалғасып жатыр. Құжаттар толық жинақталған соң процессуалды шешім шығарылады", – дейді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Денис Шакенов.
Республикалық маңызды жолдарда ғана емес, тіпті облыс ішіндегі жергілікті бағыттағы жол құрылысы да заңсыздыққа тұнып тұр.
"2022 жылы жолдарға 814 тексеріс жүргізілді, 60-тан аса заң бұзушылық анықталды. Жолдардан мың шақты сынама алынды, қазір тексеріс жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ШҚО Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері Айдос Қабылбаев.
Бұдан бөлек, мәселен құжат бойынша дардай қып жол салынған деп көрсетілген жерге барсаң шаң басқан, асфальт төселмеген жолды көріп таңғаласың дейді қоғам белсенділері. Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде де мысал көп. Мұндағы Нұржау көшесінде құжат бойынша тротуар салыну керек болғанмен, ол атымен жоқ. Ал осы аудандағы Шымқора ауылына кіреберіс жолды сол маңда жол салып жатқандардың өзі талқанын шығарыпты. Алматы-Өскемен трассасын төсеп жатқандар, соңынан бәрін оңалтамыз деп уәде берген екен. Бірақ содан бері 4 жыл өткен. Осы учаскедегі жұмыс аяқталып, уәде бергендер енді кетуге қам жасаған.
"Олар өздері бұзған 2,8 шақырым жолды кетер кезде дәл алдындағыдай, тіпті, одан да жақсы қылып жөндеп береміз деген болатын. Енді кетеді деп жатыр. Ал жол сол қалпы қалды. Соған біз наразымыз",  – деп отыр Егінсу ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Мағауиянов.
Енді наразы жұртқа жол сапасын бақылаушылар мен жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары көмектеспек.