Астанада саңырау және есту қабілеті нашар адамдарға арналған сурдоаударма диспетчерлік бюросы тәулік бойы жұмыс істейді. Мемлекет есебінен берілетін 60 сағаттық сурдоаударма қызметі тым аздық ететіндіктен, бұл мәселеге жанашыр кісілер 2015 жылы өздері мұрындық болып, осы орталықты ашыпты. Бүгінде олар көмекке жүгінгендерді дәрігерге жазылу, дүкенге бару, МАИ қызметкерімен сөйлесу сияқты кішігірім шаруалардан бастап банкте ипотека рәсімдеу, нотариуста құжатқа қол қою, баланы мектепке тіркеу тәрізді күрделі тірліктер барысында сурдоаудармамен қамтамасыз етеді.
Банкте де, дүкенде де, перзентханада да жәрдемші
Әсілі, осындай істердің басы-қасында жүретін адамдар сол проблемамен өз отбасында таныс болғандықтан, ынты-шынтысымен кірісетін секілді. Неге десеңіз, сурдоаударма бюросындағы мамандардың кез келгені ым-ишара тілін бала кезінен бері біледі: бірінің ата-анасы, енді бірінің бауырлары саңырау немесе есту қабілеті нашар болған. Біз әңгімелеп отырған бюро орналасқан «Жаснұр» саңыраулар қоғамдастығының жетекшісі Мәдина Сембинаның да екі бауырының құлағы естімейді екен.
«Мемлекеттің саңырауларға жылына беретін 60 сағаты бір айға шаққанда 5-ақ сағаттан тиеді. Ал бір айдағы бүкіл шаруаңды 5 сағатқа сыйдыру мүмкін емес. Бұрын ол тіпті бұдан екі есе аз болатын. Оның үстіне, сурдоаудармашы дәл сен сұраған уақытта босамауы мүмкін. Соны ескеріп, 2015 жылы Жұмыспен қамту басқармасына жоба ретінде ұсынып жүріп, сурдоаударма диспетчерлік бюросын аштық», – дейді Мәдина Сембина.
Сурдоаударма қызметін алғысы келген кез келген азамат бюроға видеоқоңырау шалса, сурдомамандар әлгі кісі тап болған ситуацияны оған ым-ишара тілімен түсіндіріп, ал оның жанындағы адамға (мысалы, МАИ қызметкеріне, мұғалімге, дүкендегі сатушыға, дәрігерге, т.б.) оның айтқысы келгенін кәдімгі сөзбен жеткізіп береді. Бала босану секілді күрделі сәттерде бюро мамандары оффлайн қызмет көрсетеді. Диспетчерлік орталық сурдоаудармашыларының бірі Еркін Мұхаметқалидың сөзінше, мұнда күн сайын кемінде бес қоңырау түседі.
Тұмшаланған ауыздан түк түсінбейді
Қиындықтар әсіресе карантин кезінде көп болыпты. Өкінішке қарай, біздің елде мемлекет сурдоаудармашымен тек саңырау азаматтарды қамтамасыз етеді. Ал құлағы нашар еститіндерге арнайы аппараты бар болғаны үшін еш көмек көрсетілмейді. Олар бала күнінен әлдекім сөйлегенде, оның ерніне қарап сөзін түсінуге дағдыланады екен. Сондықтан сөйлеп жатқан адамның аузын көріп тұру оларға маңызды. Карантин кезінде барлық халық маскамен жүргенде, оларға қандай қиын болғанын елестете беріңіз.
«Бірде дүкенге бардым. Әдетте, керек заттарымды кассаға әкеліп қойып, ақшасын төлеп, алып кете беретінмін. Бір күні сатушы маған әлдене деді. Бетінде маска. Не айтып тұрғанын түсінгім келіп, «маскаңызды шешіңізші», «маскаңызды шешіңізші» деймін. Ол да мені түсінбейді. Содан бері бір жыл бойы қызымды ертіп жүретін болдым», – дейді «Жаснұр» саңыраулар қоғамдастығында тігінші болып жұмыс істейтін Динара Нұрпейісова.
Содан да болар, карантин кезінде судроаударма бюросына саңыраулардан гөрі нашар еститін адамдар көбірек жүгінген. Кейіннен масканың түр-түрі шыға бастағанда, саңыраулар алғаш болып ауыз тұсы мөлдір матадан тігілген маскаларды осы бюродағыларға сыйға тартыпты.
Жазба тілі біздікінен бөлек
Карантин кезінде саңырауларға ыңғайсыздық туғызған тағы бір жайт – олар үсті-басы тұмшаланып, аппақ киім киген дәрігерлердің науқастарды қайда алып кетерін, онда не істейтінін, ғимараттардың іші мен далаға не шашып жүргенін ұғу қиынға түскен. Құлағы еститін біздердің өзіміз сол кездері небір аңыздарға сеніп, ел арасында коронавирус жайлы небір гу-гу өсек тарап жатқанда, олардың неге сенер-сенбесін білмей дал болуы түсінікті де шығар. Ақпаратты неге интернеттен оқымайды деп ойлайтын шығарсыз, иә? Бірақ біздер оқитын, жазатын мәтін саңырауларға сәл түсініксіздеу екен, өйткені олардың жазба тілі де біздікінен ерекшеленеді.
«Олардың жазба тілінде жалғаулар болмайды. «Сіз», «олар» деген есімдік жоқ, тек бары – «мен», «сен», «ол». Ал телеарналарда жаңалықтар бұрышынан шығатын сурдоаудармашының бейнесі тым кішкентай. Оның үстіне, жаңадан бұл салаға келіп жатқандары сурдоаудармашының ережелерін біле бермейді. Негізі, олар саусақтарының қимылы анық көрінуі үшін үнемі үстіне қара түсті киім киюі шарт. Ал біздегі сурдоаумашылар сары, қызыл костюммен де шыға береді», – дейді диспетчерлік бюроның сурдоаудармашысы Гүлмира Байжанова.
Жабылып жүріп жүргізуші куәлігін бергіздік
Диспетчерлік бюроның сурдоаудармашылары қолдан келсе саңыраулардың өмірін әртүрлі салада жеңілдеткісі келеді. Мәселен, олар тұрақты түрде өңір-өңірлерді аралап, ипотека алудың қыр-сырын, цифрлық, қаржылық сауаттылықты, көп шаруаға қажетті Kaspi.kz қосымшасын пайдалануды, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы тәптіштеп түсіндіретін іс-шаралар өткізіп тұрады.
«Әсіресе, қаржылық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені саңырау ғой, бәрібір түсінбейді деп, бұлардың атына туыстары несие алып, кейін оны уақытылы жаппай, ақыры өздері төлеуге мәжбүр болған жайттар жиі кедеседі», – дейді «Жаснұр» саңыраулар қоғамдастығының жетекшісі Мәдина Сембина.
Сурдомамандар бір жылдары заң қарсы болмаса да, саңырауларға жүргізуші куәлігін алудың да мүмкін болмағанын айтады.
«Арнайы жүргізу курсын оқиды, емтиханнан өтеді, бірақ құжат алатын кезге келгенде МАИ қызметкерлері «құлағы естімейтіндер жолда әлдекімнің сигналын естімей қалып, жол ережесін бұзады» деген желеумен куәлік беруден бас тартатын. Ақыры, жабылып жүріп, бұл тыйымды да алғыздық. Қазір біздің жігіттердің көбі «Яндекс Таксиде» жүр. Айтпақшы, бұрында рөлде құлағы естімейтін жүргізуші барын білмеген жолаушылар оған телефон шалып, жауап болмаған соң таксиді кері қайтарып жіберетін. Ал ол – жүргізушіге минус. Осыны ескеріп, біз «Яндекске» хат жазып, осы мәселені шешуді сұрадық. Енді қазір рөлдегі жүргізушінің саңырау екендігі, айтар сөзін смс арқылы жолдауы керегі туралы жолаушыға алдын ала хабарлама барады. Екі жаққа да ыңғайлы», – дейді Мәдина Сембина.
«Қазақша» ым мен «ағылшынша» ым
Бір қызығы, саңырау адамдардың ым-ишара тіліндегі есімдері де болады екен. Бірақ ол есімді тек «лайықтыларға», яғни сол ортаға сіңісіп кеткендерге ғана береді.
«Бұрын мені мұндағылар өз араларында «Жасұлан мен Нұрланның әпкесі» деп қана «атайтын». Жасұлан мен Нұрлан – менің құлағы естімейтін інілерім. Мені солар арқылы сипаттайтын. Енді Қызылгүл деген әп-әдемі қылып атаудың жолын тауып алған», – деп күледі қоғамдастық жетекшісі.
Оның сөзін сурдоаудармашы Гүлмира да растады.
«Мен де алғаш келгенімде біраз уақытқа дейін «Нейляның қызы» болдым. Менің анамның құлағы естімейді, ол кісілер анамды танитын болғандықтан, мені тек сол кісі арқылы ғана ассоциациялайтын ғой. Кейін барып қана Гүлмира болдым», – дейді ол.
Ым-ишара тілі уақыт өткен сайын жаңа сөзбен толығып отырады. Қоғамдағы жаңа құбылыстарды әуелгіде әркім әртүрлі ыммен жеткізсе, кейіннен ортақ бір мәмілеге келеді де, ресми түрде сол ым бекітіледі. Бір ғажабы, ишара тілі де халықтар арасында өзара бөлінеді екен. Гүлмираның айтуынша, ТМД елдеріне арналған ым-ишара тілі бір де, түріктердікі басқа, ағылшындардікі мүлдем бөлек. Айырмасын түсінейін деп, «рақмет» деген сөзді қалай ымдауды сұрадым. Орыс-қазақ тілінде оны түйілген жұдырықты маңдайға бір, иекке бір тигізумен жеткізсе, ағылшын арасында алғыс айтқың келсе, алақаныңды жазып тұрып, аузыңнан кеудеге қарай қимыл жасауың тиіс екен.
«Халықаралық ым тілі деген де бар. Бірақ оны халықаралық спорт, өнер байқауларына барып жүрген спортшыларымыз ғана біледі. Ал негізі «ағылшынша», «түрікше» ым тілін үйренгісі келетіндерге арнап тегін курс та аштық», – дейді Гүлмира.
Маман болуға үш ай аз
«Жаснұр» қоғамдастығының мамандары жыл сайын тігін, кондитер, шаштараз, дінтану курстарының контентін жасап, әкімдікке ұсынады. Дінтану курсын жасайтын себебі – саңыраулар арасында секталарға кетіп қалу жиі кездеседі екен, қауіпті секталарда өздеріне арбап шақыратын сурдоаудармашылары да болады, қаражатты да үйіп береді.
«Бірақ соңғы жылдары тендерден ұта алмай қалдық. Жеңген ұйымдарды сұрастырып білсек, бұл салада ешқандай жұмыс істеп көрмеген, көлденеңнен қосылған компаниялар. Кейбіреулері ешқандай курс ұйымдастырмастан, қатысушылардың құжаттарын сұратарда «тегін азық-түлік береміз, мына құжаттарыңызды алып келіңіздер» деп хабарлама таратты. Бұл салада нағыз жанашыр адамдар жүрмесе, бұл кісілерге шынымен обалдық жасайды ғой», – дейді Гүлмира қынжылып.
Тағы бір «әттеген-ай» сәттердің бірі ретінде ол елімізде сурдоаудармашыларды дайындауға дұрыс көңіл бөлінбейтінін айтты.
«Ресейде сурдоаудармашы мамандығын алу үшін бес жыл оқисың. Егер педагог болғың келсе, оның үстіне тағы екі жыл қосылады. Бір қарағанда, дәрігерден аз оқымайсың. Ал бізде сурдоаудармашы болу үшін үш айлық курс оқысаң жеткілікті екен. Ишара тілі де ағылшын, қытай секілді шет тілі ғой. Сіз қандай шет тілін үш айда меңгеріп шыға аласыз?!» – дейді маман.
Эмоцияң бетіңде болсын
Саңырау немесе құлағы нашар еститін жандардың мінезі де ерекшелеу болады екен. Біз әдетте қарсы алдымыздағы адамның көңіл күйін, эмоциясын оның даусынан ажыратып үйренсек, олар ешқандай дауысты естімейтіні себепті адамның мимикасын бағады екен.
«Ешқандай эмоциясыз «сөйлесу» оларда түсініспеушілік туғызады. «Мына адам неге жымимай тұр? Демек, ол мені ұнатпай тұр ма?» деп, бәрін өз есебіне қабылдайды. Сондықтан эмоцияны барынша көрсетіп отыру керек», – дейді Гүлмира.
Бюродағы сурдоаудармашылардың бірі Диана Тагирдянованың ата-анасы да құлағы нашар еститін кісілер екен.
«Кейде анаммен ишара тілінде әлденені қызу талқылап жатқанда, құрбыларым «неге анаңмен ұрсысып жатсың?» деп сұрайды. Ондайда мен күлемін, бұл біздің сөйлесуіміз деп. Әкемнің дауысы қаттырақ шығады, құлағы естімейтін болғандықтан, заттарды да тарс-тұрс қойып, ымдағанда да қаттырақ дыбыс шығарады. Онысы айналадағыларға дөрекілеу көрінетін болса керек, «Неге сенің әкең үнемі ашуланып жүреді?» деп сұрайды менен. Сондай отбасыда өскен соң, мен де ата-анамның ығына жығылып, қатты күлетін, эмоциямен сөйлейтін болып кетіппін, оқуға түскенімде, жанымдағы қыздар «ақырын күлші», «ақырын сөйлеші» дейтін», – деп жымиды Диана.
Жалпы, саңырау ата-ананың перзенті болудың өз қиындықтары бар екен. Бюро мамандарының айтуынша, ондай отбасындағы балалар тез есейеді.
«Әлі есімде, сегіз жасымда әкеме жұмысынан айлық бермей жатқан соң ашулы анам мені жетектеп апарып, айлығын сұрап бер деген. Баламын ғой, заңды, ештеңені білмеймін, қолымнан бар келгені – «әкеме айлық беріңізші», «әкеме айлық беріңізші» деп айқайлай бердім. Мектептегі ата-аналар жиналысына да анам менімен баратын. Мұғалімім «қызыңыздың сабағы нашар, мына пәннен үлгерімі төмен» деген ескертулерін басым салбырап отырып анама аударып беретінмін. Қазір жағдай әлдеқайда жақсы ғой. Мейлі, мемлекет беретін 60 сағат болса да, әйтеуір көмекке жүгінетін біреу бар. Проблемаңды балаң шешпейді», – деді Гүлмира.
Ишара тілінде ән айтуға да болады
Айтпақшы, құлағы естімейтін жандар да музыканы сезініп, керек десеңіз, ым-ишара тілінде әндете алады. Осы орталықтың мүшелері Анар Баянова мен Ерхан Төлеубек – өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеп жүрген жастар. Оларға ым тілінде әндетуге сурдоаудармашылар көмектескен. Туғалы есту қабілетінде мүкістігі бар немесе мүлдем естімейтін адамдарға қарапайым мәтіндерді түсіну қиынға соғады. Өйткені олар қолданатын жазба тілінің құрылымы барынша оңайлатылған. Көпшілікке арналған мәтіндердегі теңеу, эпитет, метафора тәрізді сөз оралымдары бұл тілде жоқ. Ал сурдоаудармашылар сол күрделі тілді түсінікті етіп жеткізуге көмектеседі.
«Ым-тілінде әндеткенде, әндегі әрбір сөзді емес, оның жалпы мағынасын аударуға тырысамыз. Мысалы, орысша әндердің мәтінінде «сжечь мосты» деген тіркес жиі кездеседі. Оны ым тілінде көпірді өртеп жатқандай ишарада тікелей аударуға болмайды, онда бізді ешкім түсінбейді. Ал оны «ішкі жан-дүниеңді өзгерту, батыл шешім қабылдау, байланысты біржола үзу» деген сияқты аударсақ, көрермен де тез түсінеді», – дейді Анар.
Эмоция – ым тілінде әндетудің ең басты ерекшелігі. Қарапайым көпшілік әнді тыңдағанда оған барлық ақпарат құлаққа келіп тұрса, ым тілінде бұл процесс эмоция арқылы компенсацияланады.
«Әннің мұңды тұсында қабағымызды салбыратып, қуанышты жерінде жымиып, әуен екпіндейтін шақтарда оны бүкіл түр-тұрпатымызбен көрсетеміз. Сондықтан сахнаға шығар алдында бар ынты-шынтың әнде болуы керек. Әлдебір дүниеге алаңдап тұрғанда, ымдап әндету мүмкін емес, оны көрермен түсініп қояды. Жүрекпен орындаған әнің ғана олардың жүрегіне жетеді», – дейді Ерхан.
Ым тіліндегі әннің құрылымы қарапайым ән мәтінінен басқашалау. Мәселен, ән мәтінінде Абай немесе Ньютон деген секілді әйгілі адамның есімі болса, ыммен әндету барысында оны жалпылама түрде «әйгілі адам» деп аударады екен. Себебі, адам есімін дактиль алфавиті бойынша әріптермен түсіндіріп отыру көп уақытты алады, яғни әннің ырғағына ілесе алмай қалу қаупі бар. Ым тілінде айтуға келмейтін әндер де бар екен. «Сұлу», «сүйкімді», «аузы оймақтай», «кең маңдай», «бота көз» деген секілді тым көп синоним кездесетін әндер ым тілінде онша әдемі болып шықпайды. Ым тілінің қоры ауызша тілге қарағанда азырақ болғандықтан, мағынасы ұқсас сөздердің бәрі әдетте бір ишарамен түсіндіріледі: синонимдердің бұл тілде «сүйкімсіз» болатыны содан.
Бюроға барғанымызда, мамандар «Жаснұр» саңыраулар қоғамдастығының жанынан ашылған тігін шеберханасын да аралатты. Кабинетке кіргенімізде, ондағы қыз-келіншектер ұшып түрегеліп, бізді аңқылдаған жайдары жүзбен қарсы алды. Шкафтарын ақтарып, өздері тіккен құрақ көрпе, худи, шопперлерін көрсетіп әлек. Бюро мамандарымен сөйлесіп жатқанымызда да, «не деп жатыр?», «не деп жатыр?» деп қайта-қайта әңгімемізге қызығып, бізді мұқият «тыңдаумен» болды. Осындай аппақ көңілдеріне еріксіз ішіміз жылып, олардың жұмысына, өміріне, болашағына шынымен тілеулес болып қайттық.