Астанада саңырау және есту қабілеті нашар адамдарға арналған сурдоаударма диспет­чер­лік бюросы тәулік бойы жұмыс істейді.
Ишара тіліндегі игілік
© коллаж: Елдар Қаба
1,257
оқылды

Астанада саңырау және есту қабілеті нашар адамдарға арналған сурдоаударма диспет­чер­лік бюросы тәулік бойы жұмыс істейді. Мем­лекет есебінен берілетін 60 сағаттық сурдоаударма қызметі тым аздық ететіндіктен, бұл мәселеге жанашыр кісілер 2015 жылы өздері мұрындық болып, осы орталықты ашыпты. Бү­гінде олар көмекке жүгінгендерді дәрі­герге жазылу, дүкенге бару, МАИ қызметкерімен сөйлесу сияқты кішігірім шаруалардан бастап банкте ипотека рәсімдеу, нотариуста құ­жат­қа қол қою, баланы мектепке тір­кеу тәрізді күрделі тірліктер ба­ры­сында сурдоаудармамен қамта­масыз етеді.

Банкте де, дүкенде де, перзентханада да жәрдемші

Әсілі, осындай істердің басы-қасында жүретін адамдар сол проблемамен өз отба­сында таныс болғандықтан, ынты-шын­ты­сымен кірісетін секілді. Неге десеңіз, сурдоаударма бюросындағы мамандардың кез келгені ым-ишара тілін бала кезінен бері біледі: бірінің ата-анасы, енді бірінің бауырлары саңырау немесе есту қабілеті нашар болған. Біз әңгімелеп отырған бюро орналасқан «Жаснұр» саңыраулар қоғам­дас­тығының жетекшісі Мәдина Семби­наның да екі бауырының құлағы естімейді екен.

«Мемлекеттің саңырауларға жылына беретін 60 сағаты бір айға шаққанда 5-ақ сағаттан тиеді. Ал бір айдағы бүкіл шаруаң­ды 5 сағатқа сыйдыру мүмкін емес. Бұрын ол тіпті бұдан екі есе аз болатын. Оның үстіне, сурдоаудармашы дәл сен сұраған уақытта босамауы мүмкін. Соны ескеріп, 2015 жылы Жұмыспен қамту басқармасына жоба ретінде ұсынып жүріп, сурдоаударма диспетчерлік бюросын аштық», – дейді Мәдина Сембина.

Сурдоаударма қызметін алғысы келген кез келген азамат бюроға видеоқоңырау шалса, сурдомамандар әлгі кісі тап болған ситуацияны оған ым-ишара тілімен түсін­діріп, ал оның жанындағы адамға (мысалы, МАИ қызметкеріне, мұғалімге, дүкендегі сатушыға, дәрігерге, т.б.) оның айтқысы келгенін кәдімгі сөзбен жеткізіп береді. Бала босану секілді күрделі сәттерде бюро мамандары оффлайн қызмет көрсетеді. Диспетчерлік орталық сурдоаудар­машыларының бірі Еркін Мұхаметқалидың сөзінше, мұнда күн сайын кемінде бес қоңырау түседі.

Тұмшаланған ауыздан  түк түсінбейді

Қиындықтар әсіресе карантин кезінде көп болыпты. Өкінішке қарай, біздің елде мемлекет сурдоаудармашымен тек саңы­рау азаматтарды қамтамасыз етеді. Ал құ­лағы нашар еститіндерге арнайы аппа­раты бар болғаны үшін еш көмек көрсетіл­мейді. Олар бала күнінен әлдекім сөйле­генде, оның ерніне қарап сөзін түсінуге дағдыланады екен. Сондықтан сөйлеп жатқан адамның аузын көріп тұру оларға маңызды. Карантин кезінде барлық халық маскамен жүргенде, оларға қандай қиын болғанын елестете беріңіз.

«Бірде дүкенге бардым. Әдетте, керек заттарымды кассаға әкеліп қойып, ақша­сын төлеп, алып кете беретінмін. Бір күні сату­шы маған әлдене деді. Бетінде мас­ка. Не айтып тұрғанын түсінгім ке­ліп, «мас­ка­ңыз­ды шешіңізші», «мас­ка­ңыз­ды ше­шіңіз­ші» деймін. Ол да мені түсінбейді. Со­дан бері бір жыл бойы қы­зымды ертіп жүре­тін болдым», – дейді «Жаснұр» саңы­раулар қоғамдастығында тігінші болып жұмыс істейтін Динара Нұрпейісова.

Содан да болар, карантин кезінде су­дроаударма бюросына саңыраулардан гөрі нашар еститін адамдар көбірек жүгін­ген. Кейіннен масканың түр-түрі шыға бас­тағанда, саңыраулар алғаш болып ауыз тұсы мөлдір матадан тігілген маскаларды осы бюродағыларға сыйға тартыпты.

Жазба тілі біздікінен бөлек

Карантин кезінде саңырауларға ыңғай­сыздық туғызған тағы бір жайт – олар үсті-басы тұмшаланып, аппақ киім киген дәрігерлердің науқастарды қайда алып кетерін, онда не істейтінін, ғимараттардың іші мен далаға не шашып жүргенін ұғу қиынға түскен. Құлағы еститін біздердің өзі­міз сол кездері небір аңыздарға сеніп, ел арасында коронавирус жайлы небір гу-гу өсек тарап жатқанда, олардың неге сенер-сенбесін білмей дал болуы түсінікті де шығар. Ақпаратты неге интернеттен оқымай­ды деп ойлайтын шығарсыз, иә? Бірақ біздер оқитын, жазатын мәтін саңырау­лар­ға сәл түсініксіздеу екен, өйткені олар­дың жазба тілі де біздікінен ерекшеленеді.

«Олардың жазба тілінде жалғаулар болмайды. «Сіз», «олар» деген есімдік жоқ, тек бары – «мен», «сен», «ол». Ал теле­арна­ларда жаңалықтар бұрышынан шығатын сурдоаудармашының бейнесі тым кіш­кентай. Оның үстіне, жаңадан бұл салаға келіп жатқандары сурдоаудармашының ережелерін біле бермейді. Негізі, олар саусақтарының қимылы анық көрінуі үшін үнемі үстіне қара түсті киім киюі шарт. Ал біздегі сурдоаумашылар сары, қызыл кос­тюм­мен де шыға береді», – дейді диспет­чер­лік бюроның сурдоаудармашысы Гүлмира Байжанова.

Жабылып жүріп жүргізуші куәлігін бергіздік

Диспетчерлік бюроның сурдоаударма­шы­лары қолдан келсе саңыраулардың өмірін әртүрлі салада жеңілдеткісі келеді. Мәселен, олар тұрақты түрде өңір-өңір­лерді аралап, ипотека алудың қыр-сырын, цифрлық, қаржылық сауаттылықты, көп шаруаға қажетті Kaspi.kz қосымшасын пайдалануды, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы тәптіштеп түсіндіретін іс-шаралар өткізіп тұрады.

«Әсіресе, қаржылық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені саңырау ғой, бәрібір түсінбейді деп, бұлардың атына туыстары несие алып, кейін оны уақытылы жаппай, ақыры өздері төлеуге мәжбүр болған жайттар жиі кедеседі», – дейді «Жаснұр» саңыраулар қоғамдас­тығының жетекшісі Мәдина Сембина.

Сурдомамандар бір жылдары заң қар­сы болмаса да, саңырауларға жүргізуші куәлігін алудың да мүмкін болмағанын айтады.

«Арнайы жүргізу курсын оқиды, емти­ханнан өтеді, бірақ құжат алатын кезге келгенде МАИ қызметкерлері «құлағы естімейтіндер жолда әлдекімнің сигналын естімей қалып, жол ережесін бұзады» деген желеумен куәлік беруден бас тартатын. Ақыры, жабылып жүріп, бұл тыйымды да алғыздық. Қазір біздің жігіттердің көбі «Яндекс Таксиде» жүр. Айтпақшы, бұрын­да рөлде құлағы естімейтін жүргізуші ба­рын білмеген жолаушылар оған телефон шалып, жауап болмаған соң таксиді кері қайтарып жіберетін. Ал ол – жүргізушіге минус. Осыны ескеріп, біз «Яндекске» хат жазып, осы мәселені шешуді сұрадық. Енді қазір рөлдегі жүргізушінің саңырау екендігі, айтар сөзін смс арқылы жолдауы керегі туралы жолаушыға алдын ала хабар­лама барады. Екі жаққа да ыңғайлы», – дейді Мәдина Сембина.

«Қазақша» ым мен «ағылшынша» ым

Бір қызығы, саңырау адамдардың ым-ишара тіліндегі есімдері де болады екен. Бірақ ол есімді тек «лайықтыларға», яғни сол ортаға сіңісіп кеткендерге ғана береді.

«Бұрын мені мұндағылар өз араларында «Жасұлан мен Нұрланның әпкесі» деп қана «атайтын». Жасұлан мен Нұрлан – менің құлағы естімейтін інілерім. Мені со­лар арқылы сипаттайтын. Енді Қызыл­гүл деген әп-әдемі қылып атаудың жолын тауып алған», – деп күледі қоғамдастық жетекшісі.

Оның сөзін сурдоаудармашы Гүлмира да растады.

«Мен де алғаш келгенімде біраз уақыт­қа дейін «Нейляның қызы» болдым. Менің анамның құлағы естімейді, ол кісілер анам­ды танитын болғандықтан, мені тек сол кісі арқылы ғана ассоциациялайтын ғой. Кейін барып қана Гүлмира болдым», – дейді ол.

Ым-ишара тілі уақыт өткен сайын жаңа сөзбен толығып отырады. Қоғамдағы жаңа құбылыстарды әуелгіде әркім әртүрлі ыммен жеткізсе, кейіннен ортақ бір мә­мілеге келеді де, ресми түрде сол ым бекітіледі. Бір ғажабы, ишара тілі де халықтар арасында өзара бөлінеді екен. Гүлмираның айтуынша, ТМД елдеріне арналған ым-ишара тілі бір де, түріктердікі басқа, ағыл­шындардікі мүлдем бөлек. Айырмасын түсінейін деп, «рақмет» деген сөзді қалай ымдауды сұрадым. Орыс-қазақ тілінде оны түйілген жұдырықты маңдайға бір, иекке бір тигізумен жеткізсе, ағылшын арасында алғыс айтқың келсе, алақаныңды жазып тұрып, аузыңнан кеудеге қарай қимыл жасауың тиіс екен.

«Халықаралық ым тілі деген де бар. Бірақ оны халықаралық спорт, өнер байқауларына барып жүрген спортшы­ларымыз ғана біледі. Ал негізі «ағылшын­ша», «түрікше» ым тілін үйренгісі келе­тіндерге арнап тегін курс та аштық», – дейді Гүлмира.

Маман болуға үш ай аз

«Жаснұр» қоғамдастығының маман­дары жыл сайын тігін, кондитер, шаш­тараз, дінтану курстарының контентін жасап, әкімдікке ұсынады. Дінтану курсын жасайтын себебі – саңыраулар арасында секталарға кетіп қалу жиі кездеседі екен, қауіпті секталарда өздеріне арбап шақы­ратын сурдоаудармашылары да болады, қаражатты да үйіп береді.

«Бірақ соңғы жылдары тендерден ұта ал­май қалдық. Жеңген ұйымдарды сұрас­тырып білсек, бұл салада ешқандай жұмыс істеп көрмеген, көлденеңнен қосылған ком­паниялар. Кейбіреулері ешқандай курс ұйымдастырмастан, қатысушылардың құжаттарын сұратарда «тегін азық-түлік береміз, мына құжаттарыңызды алып келіңіздер» деп хабарлама таратты. Бұл салада нағыз жанашыр адамдар жүрмесе, бұл кісілерге шынымен обалдық жасайды ғой», – дейді Гүлмира қынжылып.

Тағы бір «әттеген-ай» сәттердің бірі ретінде ол елімізде сурдоаудармашыларды дайындауға дұрыс көңіл бөлінбейтінін айтты.

«Ресейде сурдоаудармашы маман­ды­ғын алу үшін бес жыл оқисың. Егер педа­гог болғың келсе, оның үстіне тағы екі жыл қосылады. Бір қарағанда, дәрігерден аз оқымайсың. Ал бізде сурдоаудармашы болу үшін үш айлық курс оқысаң жеткілікті екен. Ишара тілі де ағылшын, қытай се­кіл­ді шет тілі ғой. Сіз қандай шет тілін үш айда меңгеріп шыға аласыз?!» – дейді маман.

Эмоцияң бетіңде болсын

Саңырау немесе құлағы нашар еститін жандардың мінезі де ерекшелеу болады екен. Біз әдетте қарсы алдымыздағы адам­ның көңіл күйін, эмоциясын оның дау­сынан ажыратып үйренсек, олар ешқандай дауысты естімейтіні себепті адамның мимикасын бағады екен.

«Ешқандай эмоциясыз «сөйлесу» олар­да түсініспеушілік туғызады. «Мына адам неге жымимай тұр? Демек, ол мені ұнатпай тұр ма?» деп, бәрін өз есебіне қа­былдайды. Сондықтан эмоцияны барын­ша көрсетіп отыру керек», – дейді Гүлмира.

Бюродағы сурдоаудармашылардың бірі Диана Тагирдянованың ата-анасы да құлағы нашар еститін кісілер екен.

«Кейде анаммен ишара тілінде әлде­нені қызу талқылап жатқанда, құрбыларым «неге анаңмен ұрсысып жатсың?» деп сұрайды. Ондайда мен күлемін, бұл біздің сөйлесуіміз деп. Әкемнің дауысы қаттырақ шығады, құлағы естімейтін болғандықтан, заттарды да тарс-тұрс қойып, ымдағанда да қаттырақ дыбыс шығарады. Онысы айналадағыларға дөрекілеу көрінетін болса керек, «Неге сенің әкең үнемі ашу­ла­нып жүреді?» деп сұрайды менен. Сон­дай отбасыда өскен соң, мен де ата-анам­ның ығына жығылып, қатты күлетін, эмо­циямен сөйлейтін болып кетіппін, оқуға түскенімде, жанымдағы қыздар «ақы­рын күлші», «ақырын сөйлеші» дейтін», – деп жымиды Диана.

Жалпы, саңырау ата-ананың перзенті болудың өз қиындықтары бар екен. Бюро мамандарының айтуынша, ондай отба­сындағы балалар тез есейеді.

«Әлі есімде, сегіз жасымда әкеме жұ­мысынан айлық бермей жатқан соң ашулы анам мені жетектеп апарып, айлығын сұрап бер деген. Баламын ғой, заңды, ештеңені білмеймін, қолымнан бар кел­гені – «әкеме айлық беріңізші», «әкеме айлық беріңізші» деп айқайлай бердім. Мектептегі ата-аналар жиналы­сына да анам менімен баратын. Мұғалімім «қы­зыңыз­дың сабағы нашар, мына пән­нен үл­герімі төмен» деген ескертулерін басым сал­бырап отырып анама аударып бере­тінмін. Қазір жағдай әлдеқайда жақ­сы ғой. Мейлі, мемлекет беретін 60 сағат болса да, әй­теуір көмекке жүгінетін біреу бар. Проб­лемаңды балаң шешпейді», – деді Гүлмира. 

Ишара тілінде ән айтуға да болады

Айтпақшы, құлағы естімейтін жандар да музыканы сезініп, керек десеңіз, ым-ишара тілінде әндете алады. Осы орталықтың мүшелері Анар Баянова мен Ерхан Төлеубек – өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеп жүрген жастар. Оларға ым тілінде әндетуге сурдоаудармашылар көмектескен. Туғалы есту қабілетінде мүкістігі бар немесе мүлдем естімейтін адамдарға қарапайым мәтіндерді түсіну қиынға соғады. Өйткені олар қолданатын жазба тілінің құрылымы барынша оңайлатылған. Көпшілікке арналған мәтіндердегі теңеу, эпитет, метафора тәрізді сөз оралымдары бұл тілде жоқ. Ал сурдоаудармашылар сол күрделі тілді түсінікті етіп жеткізуге көмек­теседі.

«Ым-тілінде әндеткенде, әндегі әр­бір сөзді емес, оның жалпы мағынасын аударуға тырысамыз. Мысалы, орысша әндердің мәтінінде «сжечь мосты» деген тіркес жиі кездеседі. Оны ым ті­лінде көпірді өртеп жатқандай ишарада тікелей ау­дару­ға болмайды, онда бізді ешкім түсінбейді. Ал оны «ішкі жан-дүниеңді өзгерту, батыл шешім қабылдау, бай­ланысты біржола үзу» деген сияқты аударсақ, көрермен де тез түсінеді», – дейді Анар.

Эмоция – ым тілінде әндетудің ең басты ерекшелігі. Қара­пайым көпшілік әнді тыңдағанда оған барлық ақпарат құлаққа келіп тұрса, ым тілінде бұл процесс эмоция арқылы компенсацияланады.

«Әннің мұңды тұсында қабағымыз­ды салбыратып, қуанышты жерінде жымиып, әуен екпіндейтін шақтарда оны бүкіл түр-тұрпатымызбен көрсе­теміз. Сондықтан сахнаға шығар ал­дында бар ынты-шынтың әнде болуы керек. Әлдебір дүниеге алаңдап тұрған­да, ымдап әндету мүмкін емес, оны көрермен түсініп қояды. Жүрекпен орындаған әнің ғана олардың жүрегіне жетеді», – дейді Ерхан.

Ым тіліндегі әннің құрылымы қара­пайым ән мәтінінен басқашалау. Мәселен, ән мәтінінде Абай немесе Ньютон деген секілді әйгілі адамның есімі болса, ыммен әндету барысында оны жалпылама түрде «әйгілі адам» деп аударады екен. Себебі, адам есімін дактиль алфавиті бойынша әріптермен түсінді­ріп отыру көп уақытты алады, яғни әннің ырғағына ілесе алмай қалу қаупі бар. Ым тілінде айтуға келмейтін әндер де бар екен. «Сұлу», «сүйкімді», «аузы оймақтай», «кең маңдай», «бота көз» деген секілді тым көп синоним кездесе­тін әндер ым тілінде онша әдемі болып шықпайды. Ым тілінің қоры ауызша тілге қарағанда азырақ болғандықтан, мағынасы ұқсас сөздердің бәрі әдетте бір ишарамен түсіндіріледі: синоним­дердің бұл тілде «сүйкімсіз» болатыны содан.

Бюроға барғанымызда, мамандар «Жаснұр» саңыраулар қоғамдастығының жанынан ашылған тігін шеберханасын да аралатты. Кабинетке кіргенімізде, ондағы қыз-келіншектер ұшып түрегеліп, бізді аңқылдаған жайдары жүзбен қарсы алды. Шкафтарын ақтарып, өздері тіккен құрақ көрпе, худи, шопперлерін көрсетіп әлек. Бюро мамандарымен сөйлесіп жатқаны­мызда да, «не деп жатыр?», «не деп жа­тыр?» деп қайта-қайта әңгімемізге қызы­ғып, бізді мұқият «тыңдаумен» болды. Осындай аппақ көңілдеріне еріксіз ішіміз жылып, олардың жұмысына, өміріне, болашағына шынымен тілеулес болып қайттық.