Коронавирус әлі де қауіпті ме?
Коронавирус әлі де қауіпті ме?
© коллаж: Қуаныш Аман
Coronavirus2020.kz сайты қайтадан елдегі эпидемия­лық ахуалға байланысты рес­ми ақ­­парат тарата бастады. Сайт­­­тың мәліметіне сүйенсек, елімізде Covid-19 инфекция­сын жұқтырғандар саны 1,5 миллионға жуықтады. Оның ішінде ПЦР-дің оң нәтижесі анық­талған науқастардың 14 мыңға жуығы қайтыс болған. 8 қыркүйектегі дерекке сүйен­сек, республика бойынша 253 адам вирус жұқтырған, ал 7 қыркүйекте – 321, 6-сы күні – 324, 5-інде 154 тұр­ғыннан коронавирустың оң нә­ти­жесі анықталды. Нұр-Сұлтан, Ал­маты қалалары және БҚО, ШҚО, Атырау, Қарағанды, Қос­танай облыстарында індет жұқтыру көрсеткіші жоғары. Қазіргі жағдай бойынша еліміздің барлық өңірі «жасыл» аймақта, әйтсе де өткен айда мамандар халық саны көп шоғырланған ірі мегаполистердің «қызыл» аймаққа кіру мүмкін еке­нін болжады. Оның үстіне, жаңа оқу жылының басталды. 2022-2023 оқу жылында білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп жа­тыр. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің «ҚР-дағы коронавирус инфекциясының профилактика шаралары туралы» 25.03.2022 жыл­ғы №16 (2022 жылдың 12 тамы­зында енгізілген өзгерістермен) қаулысына сәйкес, инкубациялық кезеңде топпен (сыныптың, по­ток­тың 30 пайызы) коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелсе ғана 10 күнге дейін үй карантиніне оқшау­лау енгізіледі. Осыған орай, ірі қалаларда қозғалыстың көбейюі, қо­ғамдық көліктерде адам саны­ның артуы коронавирустың қайта өршуіне әкелуі мүмкін деген қауіп болғаны жасырын емес. Бұған эпидемологтар не дейді? Алматыдағы Фтизиопульмо­нология ұлттық-ғылыми орталы­ғы­ның эпидемиолог-дәрігері Нұргүл Аманжолованың айтуын­ша, бүгінде коронавирусқа қатыс­ты жұқтыру көрсеткіші 150-350 адамның арасында ауытқып тұр­ға­нымен, еліміздің «қызыл» аймаққа кіру мүмкіндігі төмен. Өйткені Covid-19 инфекциясының асқыну кезеңі жаз айларында өтті.
«Әр аурудың өршитін маусымы болады. Коронавирус көбіне жаз мезгілінде, әсіресе күн қатты ысы­ған уақытта өршитінін алдыңғы екі жылдың тәжірибесі көрсетіп отыр. Болжам бойынша, биыл 2020-2021 жылдардағыдай асқыну көрсеткіші бол­майды. Оның үстіне, бүгінде ха­лықтың басым бөлігі вакцина алды, ревакцинадан өтті. Коро­на­вирус­тың оң нәтижесі анықталған күннің өзінде алдыңғы жылдарда­ғыдай өлім көрсеткіші болмайды. Бұдан былай Covid-19 бізбен өмір сүреді, ол маусымдық аурулар си­патына ие. Сондықтан жыл сайын оның асқыну кезеңінен қорқудың орнына, алдын алу шараларына мұқият болуымыз керек», – дейді Нұргүл Берекетқызы.
Елімізде коронавирус инфек­ция­сына қарсы вакцинаның бірін­ші компонентін 9,6 млн, ал екін­шісін 9,4 миллионға жуық адам салдырған. 6 қыркүйекте еліміздің 1,2 миллиондай тұрғыны Pfizer вакцинасының I және ІІ дозасын алды. Эпидемиологтың айтуынша, халыққа вакцина алу «мәдениетін» ковид үйретті. Әйтпесе, жыл сайын ЖРВИ мен тұмауға қарсы тегін екпе салдыруға болады. Мұны көп тұрғын құнттамайды. Сәйкесінше, күн суыған бойда еңбектеген бала­дан еңкейге кәріге дейін аурудан көз ашпайды.
«ЖРВИ мен тұмаудың өршитін кезеңі жақындап келеді. Бұл ауру түрлерін коронавируспен байла­ныстыруға болмайды, өйткені олар­дың қоздырғыштары әртүрлі. Әйт­се де, кез келген ауру имму­ни­тетті әлсірететінін ескерсек, ауру белгілері ЖРВИ-мен баста­лып, коронавирусқа жалғасуы әбден ықтимал», – деп атап өтті маман.
ДСМ Санитариялық-эпи­де­мио­логиялық бақылау комитеті тұ­­мауға қарсы вакцинациялау биыл 1 қазанда басталатынын айтты.
«Қазіргі уақытта коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты. ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымы жақындап келеді. Бұл орайда Ден­саулық сақтау министрлігі бірқатар шара атқарып жатыр: медициналық ұйымдардың науқастарды қабыл­дауға дайындығын, аурухана­лар­дың кіреберісіне фильтр қою, диаг­ностика жасайтын зертханалар жұмысын, қажет болған жағдайда науқасты үйіне барып, ем та­ғайын­дау мүмкіндігін қамтамасыз етуде. 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы вакцинациялау басталады», – деді Инфекциялық ауруларды эпиде­мио­логиялық бақылау басқарма­сы­ның басшысы Роза Қожапова.
Алайда эпидемиолог-дәрігер Нұргүл Аманжолова ЖРВИ мен тұмауға қарсы екпе қыркүйектің ба­сында салынуы керек деп есеп­тейді. Сонда эпидемиологиялық кезең басталғанға дейінгі бір айда тұрғындарда иммунитет қалыпта­сып үлгереді. Ал қазан айы бұл екі ауру түрлерінің дәл асқынатын кезеңі болып есептеледі. Өкінішке қарай, вакцина қай кезеңде са­лынса да, ЖРВИ мен тұмауға қар­сы екпе алуға көп халық құлықсыз. Жалпы тәжірибедегі дәрігер Әй­герім Омаршанованың айтуынша, тұрғындардың арасында кез келген инфекцияға қатысты екі қате тү­сінік бар.
«Біріншісі, вакцинаның вирус­қа қарсы антидене қалыптастыра алатынына сенбейді. Мәселен, ЖРВИ мен тұмауға қарсы екпені көбіне көп қариялар алады, оның өзінде, вакцина іздеп, емхананың табалдырығын тозыратынның көбі – орыс әжейлер. Ересектердің ара­сында екпе салдыратындар тіптен сирек. Әрі баласына салдыруға да көп ата-ана қарсы болып жатады. Есесіне, күн суытып, ЖРВИ мен тұмау асқынғанда, халық түрлі ан­тибиотик ішуден, ине салдыру­дан қорықпайды. Мұның ағзаға зия­нын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Екіншісі, халық өзін-өзі емдеуге құмар. Кез келген ауру дұрыс ем­делмесе, оның түрлі салдары болуы мүмкін. Мәселен, антибиотик та­ғайындаудың бекітілген нормасы мен уақыты болады – 3, 5, 7 күн және түріне қарай күніне екі-үш рет. Ал біздің тұрғындар ауырған бойда дәрігермен кеңеспей уыстап антибиотик ішіп бастайды да, жағдайы сәл тұрақталса, дәрі ішуді ұмытып кетеді. Сондай-ақ анти­биотик қабылдаған соң пробиотик ішу дегенді мүлдем білмейді. Біздің коронавирустан ғана қорқып, тек сол вирусқа қарсы екпе салдыруы­мыз қате. Кез келген аурудың, тіпті халық өзі «емдеуге» құмар ЖРВИ мен тұмаудың да адам ағзасына қауіпті салдары болады. Сондық­тан кез келген ауру түрлерінің бел­гі­ле­ріне жауапты қарау, дәрігер­ге қа­ралу, маманмен кеңесу, то­лыққанды ем-дом алу, алдын алу үшін екпе салдыру мәдениетін қалыптастыру керек», – дейді дәрігер.
Қорыта айтқанда, Covid-19 ин­фекциясының беті қайтты деге­ні­мізбен, эпидемиологтардың бай­ламынша, күз айларында асқына­тын ЖРВИ мен тұмау маусымы халықтың иммунитетін төмендетуі, ал бұл жағдай коронавирусты қай­та өршітуі ықтимал. Сол себепті халық тек ковидтен емес, жалпы ЖРВИ мен тұмау сияқты вирустан сақтану шараларына мұқият болып, уақтылы ем-дом қабылдап, дәрігердің кеңесіне жүгінуі керек. Әрі вакцина алу маңызды және тек ковидке қарсы емес!

Айдана НҰРМҰХАН