Жетісу облысындағы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары қолындағы азын-аулақ малын қайда жаюды білмей жүр. Себебі мұндағы мыңдаған гектар жерді «Агрохолдинг Ақсу» компаниясы иеленген. Алайда қыруар инвестиция тартып, сонау Даниядан сүтті сиыр әкелгендердің жобасында шикілік байқалады. Ақсу ауданынан 5 миллиард теңге инвестиция салып, 1300 бас сүтті бағыттағы асылтұқымды сиыр ұстайтын тауарлы-сүт фермасы жобасын жүзеге асыруды жоспарлаған компания жұмысын алғашында тәуір-ақ бастаған. Даниядан қыруар ақшаға сатып әкелген 620 асылтұқымды сиыр мен бұзауларының күйі қашқан. Шыбық жайқалып орман болатын Қызылағаштай нулы жердегі фермадағы сиырлардың қабырғалары ырсиып, бірінің жүнін бірі жеуге көшкен. Қысқасы «Джейсер» тұқымды сиыр Жетісуға жерсінбек түгілі, салғырттық пен жауапсыздықтың кесірінен көтерем болған. «Фермаға облыс әкімі келгенде экскурсия ұйымдастырып, сүйегіне әрең ілініп тұрған жануарларды жабық қораға тығып, қоңдылауларын ғана көрсетті. Аштықтан азан-қазан мөңіреген сиырлардың даусын естіртпеу үшін фермаға музыкалық аппарат әкеліп, даңғырлатып қойды. Осылайша түрлі амал-айламен облыстан келгендерді көпе-көрнеу алдады. Оның сөзін сауыншылар да растайды. Олардың айтуынша, қазіргі күйімен сиырлардың қыстан шығуы неғайбыл.
«Күн сайын таңғы сауынға келгенде аштықтан мөңіреген сиырларды көргенде жанымызды қоярға жер таппаймыз. Біздің қолымыздан не келеді? Шөп жоқ, құрама жем қыста ғана берілді. Арып-ашқан сиырлар 2-3 литр сүтті әрең береді. Бұлай жалғаса берсе сиырлар қыстан шықпайды. Оны айтасыз, сол қысқа дейін жатқан жерлерінде қатып қала ма деп те ойлаймыз», – дейді сауыншылар.Расында, қабырғалары ырсиып, ыңыршақтары шығып, көздері мөлиген сиырлар әрең жүргенде бұзаулардың күйі тіптен аянышты. Жүндері де түсіп қалғандай, терісінің кейбір тұстары тақырланып қалыпты. Малшының айтуынша, ашыққан мал бірінің жүнін бірі жейтін көрінеді.
«Азғана шөптің өзі былтырдан қалған. Оның құнары жоқ. Соның өзін үнемдеп, күніне бір рет қана малға шашамыз. Құрама жем дегенді ұмыттық. Сауынды сиырлар ала жаздай жайылымға шықпады. Күннің көзінен тығылар жер таппады», – дейді сиыршы Жұмағали Дәулетбай.Алайда компания басқарушысы Есет Жүнісов сиырлар күніне екі мәрте азықтандырылады дегеннен танбайды. Сөз арасында компания басқарушысы Мемлекеттік кірістер комитеті салықтар бойынша қарыздарға байланысты «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС есепшотын жауып тастағанын, қазір істің сотта қаралып жатқанын айтып қалды. Олар сотта жеңіп шыққаннан соң жалақы қарыздарын өтеуге, жемшөпті жеткізуге сөз беріп отыр. Жетісу облысының мемлекеттік кірістер департаменті компания есепшотына тыйым салынғанын растайды. Ондағылардың түсіндіруі бойынша, еліміздегі қолданыстағы салық заңнамасына сай аталған серіктестік Қазақстан аумағына асылтұқымды мүйізді ірі қара енгізгені үшін 37 миллион теңге шамасында қосымша құн салығын төлеуге міндеттелген. Алайда серіктестік басшылығы заңға енгізілгенімен әлі қабылданбаған жаңа түзетуге сілтеме жасап, қосымша құн салығын төлеуден бас тартып отырған көрінеді. Ауыл іргесіндегі төбесі қаңылтырмен жабылып, ағашпен қоршалған, айналасының алқам-салқамы шыққан қораны атағы жер жарған «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС асылтұқымды тауарлы-сүт фермасына тиесілі деп айту ұят. Бұзауларға арналған қоршау ішінде 300-ден аса бұзау тақыр жерге төгілген шөптің қалдығы мен жемнің жұғынын жалап жүр. Сауын сиырлар қамалған орын да олпы-солпы. Соған қарағанда аты дардай компания ірі жобаны жүзеге асыруға ешқандай дайындықсыз кіріскендей. Ферманың тізгінін таяуда ғана ұстаған Сауат Оразбаевтың айтуынша, жемшөптің жетіспеушілігі ретке келтіріліп жатыр екен. Қазір бар күшті мал азығын дайындау мен қора-қопсыны ретке келтіруге салуда. Фермада 226 бас сауынды сиыр, 326 бас бұзау бағылып жатыр. 462 гектар жүгеріге орақ түсіпті, сүрлем басылады. Сүрлем және қосымша жемшөп қорын толықтырып алса, қыстан қысылмайды. Оған қоса аудан әкімдігі мен компания арасындағы байланыс та тым нашар сияқты. Мемлекет басшысы Жолдау сайын инвестиция мәселесін көтеріп, инвесторларға барынша қолдау көрсету керектігін тапсырады. Соған сай кәсіпкер ауданға шетелден асылтұқымды сиырлар жеткізіп, өсіруге кіріскен кезден бастап аудан әкімдігі тарапынан қажетті қолдау мен істің барысына бақылау орнатылуы қажет еді. Құны 5 млрд теңгеден астам болатын жобаға инвестиция салу Ақсу сынды шағын ауданды айтпағанда, кез келген ірі аудан немес қала үшін аса қажетті әрі салмақты дүние екені анық. Екі тараптың арасында түсіністік пен іскерлік байланыстың баянсыздығы кесірінен мал зардап шегіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың инвесторларға деген сенімі азайып барады. Жоғарыда «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС есепшотының мамыр айында бұғатталғанын жазған едік. Соңғы бірер айда 100-ден астам адамның жалақысын төлеуге шамасы жетпей, малына жемшөп жеткізе алмай қиналып қалған компания есепшотына қатысты мәселе облысқа жетіп, Елорданы да елеңдетіпті. Жобаның алдағы кездегі жағдайы, атқарушы билік пен компания басшылығының айтқандары қалай орындалатынына уақыт төреші. Біз де барлығын назарда ұстап отыратын боламыз.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы