«Паразиттер» фильміне төрт «Оскар» не үшін берілген?
«Паразиттер» фильміне төрт «Оскар» не үшін берілген?
Фото: Интернеттен алынды
584
оқылды
«Оскардың» америкалық киноакадемияның сыйлығы аталғанымен, оның іс жүзінде бүкіләлемдік киножүлде ретінде мойындалатынын айтудың өзі артық.  Сол сыйлықтың биылғы жүлдегерлерін анықтау кезінде нағыз сенсация орын алды. 2020 жылы «Оскардың» басты  жүлдесі саналатын «Үздік фильм» номинациясының жеңімпазы тұңғыш рет ағылшын тілді лента болмай шықты – аса құнды алтын мүсін «Паразиттер» («Паразиты»)  фильмін түсірген оңтүстіккореялық режиссер Пон Чжун Хоға бұйырды. Иә, сонау 1929 жылдан бері «Оскардың» бұл номинациясы тек ағылшын тілінде түсірілген фильмдерге беріліп келген еді. Басқа елдердің кинотуындылары  «Үздік шетелдік фильм» номинациясында ғана жеңетін. Мысалы, өзімізге жақындау кешегі кеңестік кинодан, бертінгі ресейлік кинодан «Соғыс және бейбітшілік», «Дерсу Узала», «Мәскеу көз жасыңа қарамайды», «Күн өтіп кеткендер» фильмдері осы номинацияны ұтып алған. «Паразиттер» тек «Үздік фильм» атанып қойған жоқ, ол «Үздік режиссерлық жұмыс», «Үздік дара сценарий», «Үздік шетелдік фильм» номинацияларында да таңдаулы деп танылды, сөйтіп төрт бірдей «Оскарды» иеленді. Оның алдында фильм Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағы» бас жүлдесін де иеленген еді. Сол жолы фильм көрсетіліп біткенде бүкіл залдың кино түсірушілерге тұтастай 15 минут бойы қол соғып тұрып алғанын  бүкіл әлемнің журналистері жарыса жазғанын көзі қарақты жұртшылық жақсы біледі.   [caption id="attachment_21706" align="alignnone" width="1024"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] Бұл табыстың сыры неде? Алдымен фильмнің оқиғалық желісін әңгімелеп өтейік. Екі баласы – ұлы мен қызы бар Ким Китхэк есімді әке мен Чхунсук есімді ана аядай жерде, дәлірек айтқанда, жертөледе өз күнін әрең көріп жүреді. Пицца қорабын жинап, оны өндіруші компанияның қызметкерлеріне өткізіп, болмашы табыс тауып. өлместің күнін көріп жүрген отбасының жағдайы тым мүшкіл еді. Олар тіпті ақша үнемдеу үшін өздерінен жоғарыда, яғни бірінші қабатта тұратын көршілерінің вайфайын (Wi-Fi) пайдалануға ұмтылып, телефонын төбеге тіреп жанталасатын, лас үйдің қуыс-қуысында қаптап жүрген тарақандарды тегін өлтіріп алу үшін көшені улы дәрімен тазалағанда терезелерін ашып тастайтын...  Содан бір күні Ким әулетінің ұлы Киуге өзінің досы Мин келіп, бақыт пен баққа жол ашатын үлкен «тасты» әкеліп, сыйға тартады. Өзінің бір себептермен шетелге кететінін айтып, досына өзінің орнына өте бай Пак әулетінің қызына ағылшын тілінен сабақ беруді ұсынады. Осылайша, байлыққа қызыққан кедей отбасынан шыққан Киу әпкесіне жалған құжат жасатып, Пак әулетіне жұмысқа тұрады. Кейін қулық пен сұмдық араласып, осы әулеттегі қызметшілерді қасақана кетіру арқылы әпкесі Киджон кішкентай ұлдың тәрбиешісі, кейін әкесі Китхэк көлік жүргізушісі, тіпті, анасы Чхунсук үй қызметшісі болып, төртеуі бірдей өте бай Пак әулетіне жұмысқа орналасады. Қанша жерден бай болса да, күдіктенуге, күмәндануға Пак әулетіндегі ана мен әкенің деңгейі жетпейді. Керісінше, аздап ауытқушылық байқалады дейтін кішкентай ұл жаңадан келген қызметкерлердің бәрінен бірдей иіс шығатынын сезіп қояды. Иә, бұл жай ғана иіс емес, таптық бөліністің айрықша деталі саналатын жертөленің иісі еді. Сонымен, Ким әулетінің Пак әулетінің даңғарадай үйіндегі қызықты күндері өтіп жатады. Бірақ, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, бір күні Пак әулеті жоқта зәулім үйде өздерін бақуатты сезініп жүрген Ким әулетінің қызығының үстінен бұрынғы үй қызметшісі (бұлардың әдейі жасаған қысастығының кесірінен жұмыстан қуылған) Мунгван ханым түседі. Оқиға шым-шытырыққа ұласып, талас пен тартыс күшейеді. Мунгван ханымның бұл үйге келуіне себеп болған несиеге әбден белшесінен батқан өзінің күйеуі еді. Сөйтсе, Мунгван ханым бұрыннан Пак әулетіндегі үйдің жертөлесінде күйеуін жасырып жүріпті. Фильмнің соңында күтпеген жағдайлар орын алып, Пак әулетінің отағасын Ким Китхэк өлтіріп, Ким әулетіндегі қызды Мунгван ханымның күйеуі пышақтайды. Фильмнің басы драма, ортасы комедия, соңы трагедияға, тіпті триллерге айналады. Ең соңында, басты кейіпкер Киудың бай болуға ұмтылған асқақ арманымен аяқталады.   [caption id="attachment_21707" align="alignnone" width="512"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] Фильм оқиғасы Сеулде өткенімен, лентадан қала суреттерін көп кездестіре қоймайсыз. Осы арқылы режиссер өз шығармасында айтылатын жайттар барша адамзатқа ортақ екенін аңғартқысы келген.  Фильмден өзінен өзі өрбитін «Бай немесе кедей отбасының қайсысы паразиттер?» деген сауалға қатысты пікірлер әлеуметтік желіде  қаптап жүр. Кедей отбасының «паразиттер» екені фильмнің басында-ақ анық болды ғой. Қулық пен сұмдық арқылы аяқ астынан байығысы келген кедей отбасы ғана «паразиттер» деп қоя салу оп-оңай. Ал қоғамда әлеуметтік теңсіздікке себеп болып отырған, жаппай жұмыссыздарды жамыратып жіберген, басқалардың кедейлігінен өздерінің дәулеті бадырайып көріне түсетінін сезетін байларды да аулақ деп айта аламыз ба? Қандай қоғамда да аталмыш фильмдегідей паразиттер жетіп артылады. Басқалардың маңдай термен, еңбекқорлықпен тапқан байлығын күндейтін, өзінің қолынан іс келмейтініне, білімсіздігіне, біліксіздігіне қарамай, қит етсе қоғамды тұтастай кінәлап шыға келетін,  масылдыққа салынатын, бәз біреулердің еңбегінің есебінен күн көретін, Шәкәрім айтқан «арам айла, зорлықсыз мал табу» қағидатын ұстанбайтын адамдардың бәрі – паразиттер. Жалпы, «паразиттер» ұғымының тікелей биологиялық қыры да бары белгілі. Адамның өз ағзасына паразит енгізіп алуы оп-оңай. Айталық, жеміс-жидекті, көкөністі жумай жей салсаңыз да, асқазаныңызда санаулы минуттардан кейін паразиттер пайда бола қалуы әбден мүмкін.  Ағзаға бір еніп алған паразиттерге адамды іштей үңгіп, ірітіп-шірітіп ала жөнелу тіпті де қиын емес. Олардан ада болу  үшін өзіңізді өзіңіз өмір бойы күтіп жүруге, ойыңызға да, бойыңызға да ластықты жолатпау үшін жанталасып бағуға тиіссіз. Оңтүстік Корей киносының даңқын әлемге әйгілеген бұл фильм біздің әрқайсымызға қоғамды да, адамды да арамтамақтардан сақтауға шақырады. Сонымен бірге, лентаның финалындағы сұмдық трагедия ел ішінде байлық пен кедейліктің аражігі тым ашылып кетуі тіптің түбінде жақсылықпен бітпейтінін де ойға орынды  салады. Ойлантатын туындының бәрі де – талантты туындылар. Алтынбек МЕРСАДЫҚ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  студенті