Әлеуметтік желіде Ұлытау облысының Жаңарқа ауданында жазушы, әдебиет зерттеушісі, этнограф Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткіш қызу талқыланған болатын. Ескерткіштің түр-сипатын сынағандар көп болған. Сол ескерткішті бүгін бұзып жатқан фотосурет тарады.
«Мынаның аяғын да, таяғын да жеп қойған ба» деп әзілдейді әлеуметтік желі қолданушылары. «Художник емес, хулиган салған ғой» деген тағы бірі. Тіпті, осыған байланысты облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлын да әлеуметтік желіде белгілеп, жағдайдың мән-жайын әкімнің өзінен сұраған. Ескерткіш ақыры демонтаждалатын болды. Демонтаж суретін әлеуметтік желіге журналист Ришат Асқарбекұлы таратты.
Әкімдік әзірге бұл сындарға жауап берген жоқ.
Ақселеу Сланұлы Сейдімбек (1942 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында туған - 2009 жылы 16 қыркүйекте Астана қаласында қайтыс болды) – жазушы, әдебиет зерттеуші, ғалым, филология ғылымдарының докторы (1998), профессор (2003). Қазақ әдебиеті мен тарихына еңбегі сіңген тұлға. Тірі болса 80 жасқа толар еді.
Ақселеу Сейдімбек 2009 жылы 16 қыркүйек күні Астана қаласында қайтыс болды. Жазушының өсиеті бойынша, Ақселеу Сейдімбек Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің іргесіндегі Қарауылтөбеге жерленген.