Жарты жылда партиялықтар 790 шалғай ауылда болды. Ауылдарда 6 мыңнан астам адаммен жүздесіп, айтар мәселесін тыңдады. «AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің сапары жалғасуда. Осы аптада партиялықтар Қарағанды облысындағы ауылдарда болды.
«Сиыр сауатын аппаратым бос жатыр. Шаруашылықта небәрі 2 сиыр ғана қалды. Ауылда 20-30 сиыр ұстайтын адамдар бар. Мұнша сиырды қолмен сауып жатқан жандарға қаншалықты қиын екенін ойлай беріңіз. Бір кездері сүт өңдейтін шағын цех ашып, өз ісімді бастағым келді. Алайда желіде кернеу болмаған соң тоңазытқыш та бұзылады. Сүтті сақтайтын орын жоқ», – деді ол.
«Егер бұл монополист жабдықты жөндемесе, инвестиция іздемесе, жаңа электр желілерін салмаса, онда оны басқа жеке қолға беру керек. Әр ауылға қуат беретін сапалы трансформаторлық қосалқы станса болуы керек», – деді партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі жетекшісінің орынбасары Азамат Біржанов.
«Су мүлдем жоқ. Бір кездері бақшада құлпынай, қарбыз өсірдім. Алайда осы күні электр қуаты жиі сөндіріле бергендіктен, не киім жуу, не тамақ пісіру мүмкін емес. Жаңбыр жауған сайын су толтырып алу үшін әр үй аулаға бөшке немесе өзге бір ірі су жинайтын ыдыс қойып қояды. Мал суаратын су жоқ. Барлығын сатып жіберді», – деді жергілікті тұрғын Ботагөз Тойымбетова.
«Тұрғындар өздерін толғандырған мәселені айтып келе ме деп күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жобасы өзін-өзі ақтап қана қоймай, оған деген сұраныс күннен-күнге артып барады. Биыл 14 наурыздан бастап 9 қыркүйекке дейін 790 шалғай ауылдық елді мекенде болып, 6 мыңнан астам азаматты қабылдадық», – деді Азамат Біржанов.