ЕҰУ 1-курс студенттерінің 70%-ы техникалық бағыттарды таңдады 
ЕҰУ 1-курс студенттерінің 70%-ы техникалық бағыттарды таңдады 
352
оқылды
ЕҰУ техникалық мамандықтарына түскен бірінші курс студенттерінің саны екі есеге артты. ЖОО-ның 6 техникалық факультетінде 4000-нан астам студент, магистрант және докторант оқуын бастады. Бұл техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс үлесінің 60%-ға дейін артуымен байланысты. ЕҰУ 1-курс студенттерінің таңдауы ақпараттық технологиялар факультеті, жаратылыстану ғылымдары факультеті және сәулет-құрылыс факультетіне басым түсті. «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың архитектурасы», «Шетел тілі: екі шет тілі», «География», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламалары таңдаулы бестіктің ішінде. Жаңа оқу жылында ақпараттық технологиялар факультетінде 3000-нан астам адам білім алуда. Олардың көпшілігі «Ақпараттық қауіпсіздік жүйесі» факультетіне таңдау жасаған. 1-курс студенттерінің бір бөлігі ЕҰУ-дың жаңа білім беру бағдарламаларын меңгере бастады. «Жоғары технологиялық өндірістерді киберфизикалық автоматтандыру» бағдарламасы бакалавриат деңгейіне, «Инновациялар менеджменті және экономиканы цифрлық трансформациялау» MBA үшін қарастырылған. Жаңа бағдарламалар шетелдік университеттермен, IT және телекоммуникация саласындағы ірі қазақстандық компаниялармен бірлесіп, еңбек нарығының сұраныстарын ескере отырып әзірленді.
«Жыл сайын техникалық мамандықтарды үйренгісі келетіндер саны артып келеді. Еңбек нарығының қажеттіліктерін және технологиялардың дамуын ескере отырып, біздің университет білім беру бағдарламаларын үнемі жетілдіріп отырады және жаңаларын әзірлейді. Бүгінгі таңда ЕҰУ-да IT, құрылыс, физика, химия, телекоммуникация, логистика салаларында 60 техникалық білім беру бағдарламасы бойынша оқыту жүргізілуде. Университет жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз олармен бірге жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлейміз. Бұл ретте ЕҰУ бастауыш курстардағы оқыту бағдарламаларының практикалық құрамдас бөлігіне басым көңіл бөледі. Бұл кәсіби дағдыларды дамытуға, теориялық білімді тәжірибеде тиімді қолдануға ықпал етеді», – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашқынбай.
Университет студенттерге қажетті жағдай жасайды. Жаңа оқу жылында 164 орындық тағы бір коворкинг орталығы ашылды. Жаңа шығармашылық кеңістікте жастарға бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік көп. Мұнда білім алушылар бос уақытын өткізіп, сабаққа дайындалып, креативті идеялар мен өз әлеуетін дамыта алады. Бұл – университеттегі үшінші коворкинг орталығы. Биылғы жылы №4 оқу корпусында кезекті коворкинг кеңістігін ашу жоспарлануда, онда студенттік пікірсайыстарды өткізу үшін жағдай жасалатын болады.