Анимацияның атасына арналған фильм
Анимацияның атасына арналған фильм
526
оқылды
Қазақ және түркі анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров­тың 100 жылдығына арналған «Әмен ағаның ғажайып ағашы» атты қысқаметражды анимациялық фильм жарыққа шығады. Анимациялық картина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірі­ліп жатыр. Анимациялық фильмнің сценарийін Әмен Қайдаровтың шәкірті Тамара Мұқанова мен қазақ мифология­сын зерттеуші, жазушы, киносценарист Зира Наурызбаева жазған. Қазіргі таңда кейіпкерлердің бастап­қы эскиздері дайын.
 «Фильм желісі Әмен ағаның Бауыр­жан Нөгербековтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінде жұмыс істеген жылдарымен тікелей байланыс­ты. Ол кісіге шабыт қалай келді, түсірілім кезіндегі бастан кешкен қиыншылықтары мен қызықтары жайлы баяндалады. Негізгі мәліметтер мен әдеби деректер көзі Бауыржан Нөгербековтың «Когда оживает сказки» кітабынан алынды», – деді фильмнің қою­шы режиссері Жанәділ Байдарбеков.
Айтуынша, жобаға 10-нан аса адам жұмылдырылған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін туындыны аяқтау міндеті тұр.
 «Жалпы 10 минуттық фильм жасау­ға кемінде жарты жыл уақыт кетеді. Қазір бізде техникалық тұрғыдан біраз қиындықтар бар. Себебі суретте тек мультфильм жасаушыларды ғана емес, Әмен ағаның жанында жұмыс істеген атақты суретшілер, танымал композиторлар – Нұрғиса Тілендиев, Олжас Сүлейменов сынды мәдениетіміздің көрнекті қайраткерлерінің образын, түр-әлпетін барынша ұқсатып келтіру үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр», – деп ойымен бөлісті режиссер.
Жаңа анимациялық фильм қазақстандық көрерменге алдағы жылдың көктем айында Әмен Қайдаровтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жол тартады.