Жалдау ақысы жалынан сипатпайды
Жалдау ақысы жалынан сипатпайды
© коллаж: Елдар Қаба
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде биылғы тамызда пәтер жалдау ақысы өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырған 31,8 пайызға өскен. Осы орайда еліміздегі республикалық маңызға ие қалалар мен ірі шаһарлардағы баспананы жалға алу құнына шолу жасап көрген едік. Шамасына қарай бағасы Пәтерді жалдау ақысы сәт санап өсіп жатқан елордадағы жиһазбен жабдықталған жатақхана типіне жатпайтын бір бөлмелі пәтерлерді жалға алудың орташа ақысы 171 мың 990 теңгені құ­райды. Қаладағы төрт ауданның ішінен Есіл ауданындағы баға бұдан 4-5 мың теңгеге ғана артық. Ең арзан бір бөлмелі пәтерлер­ді «Аружан» (110 мың теңге), «Жа­ғалау» (120 мың теңге), «Сенім» (130 мың теңге), «Техникум» (130 мың теңге) тұрғын үй кешендерінен табуға болады. Ал нарықтағы орташа бағаға «Мисон» (170 мың теңге), «Ал­па­мыс» (170 мың теңге), Nura Esil (170 мың теңге), «Көркем» (160 мың теңге), «Алтын Шар» (160 мың теңге), «Саранда» (160 мың теңге), Samruk Towers (160 мың теңге), Sezim Qala (150 мың теңге) тұрғын үй кешендеріндегі бір бөлмелі пәтерлерді жалдайсыз. Қалтасы қалыңдар үшін Esil Riverside (350 мың теңге), Atlant (300 мың теңге), «Времена года» (270 мың теңге), «Театральный» (250 мың теңге), Park Avenue Exclusive (250 мың теңге), Sclub (250 мың теңге), «Кристалл» (250 мың теңге), «Айсанам» (250 мың теңге), Expo New Life (250 мың теңге), Apple City (250 мың теңге), Bucharest (250 мың теңге) тұрғын үй ке­шендерінде премиум жағдайда­ғы бір бөлмелі пәтерлер бар. Екі ­бөл­мелі пәтерлердің орташа бағасы – 240 610 теңге. Елордадағы 2 бөлмелі ең қым­бат пәтерді Ray Residence (650 мың теңге), Sat City (550 мың теңге), Нұрсая (500 мың теңге) тұрғын үй кешендерінен жалдай аласыз. Ор­таша бағалар: «Лазурный квартал» (240 мың теңге), «Сармат» (240 мың теңге), «Варшава» (240 мың теңге), «Арман қала» (240 мың теңге), «Мисон» (230 мың теңге), BI City Tokyo (230 мың теңге), «Көр­кем» (230 мың теңге). Ең ар­заны: «Шығыс» (130 мың теңге), «Достар» (150 мың теңге), «Сау­ран» (180 мың теңге), «7 бочек» (180 мың теңге). Үш бөлмелі пәтерлерді орташа жалдау құны – 399 630 теңге. Ең арзан пәтерлер Family Town (180 мың теңге), «Гүлдер» (190 мың теңге), «Тамыз» (190 мың теңге), «Алатау», «Қаһарман» (200 мың теңге), «Отандастар» (250 мың теңге) тұрғын үй кешенінде. Ал «Лазурный квартал» (350 мың теңге), «Көркем» (350 мың теңге), «Северное сияние» (350 мың тең­ге), «Алматы» (350 мың теңге) тұр­ғын үй кешендерінен 2 бөлмелі пәтерді жалға алуға болады. Ең қымбат пәтерлерді Central Park (1 млн 700 мың теңге), Ray Residence (1 млн 500 мың теңге), «Арис­­то­крат» (1 млн 300 мың теңге), Sultan apartaments (1 млн теңге), Grand Opera (900 мың теңге) тұр­ғын үй кешенінен жалдайсыз. Елордадағы ең қымбат пәтерді жалдау үшін ай сайын 4 миллион 500 мың теңге төлей алуыңыз ке­рек. Ол «Хайвил Астана» тұрғын үй кешенінің 19-қабатында орна­лас­қан. Аумағы 360 шаршы метрді құрайтын бұл пәтерде 8 бөлме бар екен. Ала-құла нарық Алматыда пәтер жалдау құны елордадағыдан кәдімгідей қымбат. Мысалы, оңтүстік астанадағы бір бөлмелі пәтерді жалға беру құны 240 140 теңге. Бірақ шаһар аумағы үлкен екенін ескерсек, мұндағы 7 аудандағы бағалар арасында ­едә­­уір айырмашылық бар. Мәсе­лен, 1 бөл­­мелі пәтердің ең арзанын Нау­рызбай ауданында орта есеп­пен 134 мың 400 теңгеге жалда­са­ңыз, орталыққа таяу Бостандық ауда­нында бұл баға 2 есе қымбат­тайды. Яғни, мұндағы 1 бөлмелі пәтердің орташа құны 289 мың 850 теңге шамасында. Айтпақшы, мұндай бағаға Наурызбай ауда­нында 3 бөлмелі пәтер (266 260 теңге)жал­дауға болады екен. Ал Бостандық ауданында 3 бөлмелі пәтерді жалға алсаңыз, айына 608 мың 130 теңге төлеуге тура келеді. Алатау баурайындағы қаланың Түрксіб (154 мың 990 теңге) Жетісу, (141 мың 370 теңге) Алатау ау­дан­дарында да (157 мың 490) 1 бөлмелі пәтерді жалдау ақысы өзге аудан­дармен салыстырғанда әлдеқайда арзандау. Сәйкесінше, Бостан­дықпен бірге Алмалы (238 мың 470 теңге), Медеу аудандарындағы (270 мың 350 теңге) бір бөлмелі пә­терді жалға алу құны жалын сипата қоймайды. Ал қаладағы ең қымбат пәтерді жалға алғыңыз келсе, айына 4 млн 800 мың теңге төлеп тұруға дайын болыңыз. Аумағы 500 шаршы метр болатын алты бөлмелі пәтер Esentai Apartments тұрғын үй кешенінде орналасқан. Залының ауданы 100 шаршы метрді құрайды, ал оның биіктігі 6 метр екен. Үшінші мегаполисте арзанырақ Шымкент қаласында пәтерді жалдау ақысы алдыңғы мегапо­листерге қарағанда әлдеқайда ар­зандау. Мұнда бір бөлмелі пә­тер­лерді жалдаудың орташа айлық ақысы 102 мың 670 теңгенің тө­ңірегінде. Сәйкесінше, екі бөлмелі пәтерлер айына шамамен 137 мың 760 теңге болса, үш бөлмелі пәтер жалдау ақысы 199 мың 290 теңгеге айналады. Бірақ миллионерлерге арнал­ған құны миллиондық пәтерді Шымкенттен де табуға болады. Қала бойынша ең қымбат пәтер «Яссауи» тұрғын үй кешенінде орналасыпты. Оның аумағы – 270 шаршы метр. Елорда іргесіндегі Қарағанды қаласында да пәтерақының бағасы бас қаламен шамалас. Мысалы, кеншілер шаһарында бір бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны 147 мың 930 теңге болса, екі бөл­мелі пәтер – 201 мың 550 теңге, үш бөлмелі пәтердің айлық ақысы 249 мың 510 теңгеге бағаланған. Қа­ладағы жалға берілетін ең қымбат пәтерлердің ай сайынғы ақысы 500 мың теңгенің шамасында. Сонымен қатар Ақтөбеде бір бөлмелі пәтердің орташа айлық ақысы – 92 мың 840 теңге, екі бөл­мелі пәтерлер – 115 мың 600 теңге, ал үш бөлмелі пәтерлер – 143 мың 560 теңге. Ай сайын 700 мыңды құрбан етуге дайын болсаңыз, «Ренессанс» тұрғын үй кешеніндегі 4 бөлмелі пәтерді жалға алсаңыз болады.  
P.S. Жылжымайтын мүлік агент­тігінің маманы Әлібек Той­басовтың айтуынша, оқу жылы басталарда жалға берілетін пә­терлер ақысының өсуі – қалыпты құбылыс. Бірақ биыл елімізге шетелдіктердің көптеп келуі жағ­дайды күрделендіріп жіберген. «Баға өсіп не пәтер болмай қала ма деп қауіптенген біраз студент маған шілде айынан бері хабарласып, бір ай бос тұрса да, оған ақы төлеуге дайын екенін айтты. Тағы бір өзгеріс, биыл бір бөлмелі пәтер­лерден гөрі бірнеше бөлмелі пә­терлер көбірек сұранысқа ие болып жатыр. Өйткені баға қатты өсіп кеткендіктен, адамдар пәтер шы­ғынын азайту үшін топтасып жал­дауға көшті», – дейді риэлтор. Қысқасы, қай қаладан болмасын қалтаңыздың қалыңдығына қарай пәтер табу қиын емес.