Санаулы күннен кейін «Ұлы дала жорығы» марафоны басталады. Бұл сапарда салт аттылар Арқадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымдық жолды жүріп өтеді. Бір кездері бір жұма ішінде жүріп өткен хан Кененің бағытымен қасиетті мекенге бет түзейтіндер 6 бірдей облыстың аумағына ат шалдырмақ. Осы орайда айтулы шараға дайындық, оның мән-мазмұны турасында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлымен сұхбаттасқан едік.
– Берік Әбдіғалиұлы, бірер күнде елімізде «Ұлы дала жорығы» атты марафон басталады. Біздің білуімізше, марафон үшін әзірленген бағыттың үштен бірі Ұлытау облысының жерімен өтеді екен. Шараға облыстың дайындығы қандай? Марафонға қатысушылар қандай тарихи орындарға тоқтайды?
– Иә, өте дұрыс айтасыз. «Ұлы дала жорығы» марафоны Ұлытау облысының жерімен өтуі тарихи заңдылық. Тарихтан белгілі кезінде Көкшеден бастау алған «Хан жолы» қасиетті Түркістанға дейін жеткен болатын. Аталмыш марафонның Арқа жерінен бастау алып екі дүние есігі саналатын Түркістанға жетіп тоқтау бағыты сол тарихи деректерді жаңғырту болып тұр. Бұл үлкен спорттық шараға облыстың дайындығы жоғары. Марафонға қатысушылар мен қонақтар есімі алты Алашқа мәлім Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне соғып, Жошы хан кесенесіне ат басын бұрады деп жоспарланған.
– Марафон жолындағы Алаша хан, Жошы хан кесенелерінің ұлт тарихы үшін маңызы зор екені анық. Дегенмен Ұлытау облысының аумағында қола дәуірінен бастап кен өндіріп, мыс балқытқан орындар да бар. Оларды жорық бағытына қосудың мүмкіндігі болмады ма?
– Ұлытау өңірі – тарихи көне ескерткіштерге бай өлке. Ұлытаудың қойнауы тұнған тарих десек артық айтқаным емес. Ғалымдардың дерегінше, осы аумақта 3000-ға жуық тарихи археологиялық ескерткіш орналасқан. Ескерткіштердің әрқайсысы ел тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің кешегісі мен бүгінін саралайды. Сонысымен де оның келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Әрине, әлемге билігі жүрген Шыңғыс хан атының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. Солардың ішіндегі ең көнесі және ұлт тарихы үшін маңызы зор киелі орындардың бірі де бірегейі саналатын Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан кесенелері.
Жалпы, Қазақстанда кімді де болса қызықтыратын тарихи орындар аз емес. Әрине, Ұлытау облысының аумағындағы қола дәуірінен бастап кен өндіріп, мыс балқытқан орындар да солардың қатарында. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған марафон биыл осы тарихи орындармен жүріп өтсе, келесі жолы басқа да бағыттарды қамтығанын құптаймын. Сонда жүз салт аттыға назары ауған жұртшылық марафонды тамашалаумен қатар, жаңа тарихи орындар туралы деректерге қанығар еді. Яғни, сіз атап отырған көне кен қорыту пештерін келесі жылғы бағытқа қосуға әбден болады.
Осыны түсінген ұлытаулықтар жобаны қуана қолдап, қатысушыларға барлық жағдайды жасауға кірісіп те кетті. Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан кесенелерінің арасы да жақын және маңайында елді мекендер орналасқан. Бұл осы шабандоздардың аламан бәйгесін жұртшылықтың да тамашалап, тұңғыш рет қолға алынған ірі жобаның куәсі болуларына да мол мүмкіндік туып тұр. Рухты жігерлендіретін жобаның Ұлытау өңіріне ат басын тіреуі ел үшін үлкен қуаныш, рухани серпіліс берері сөзсіз.
– Әдетте мұндай шаралар туристерді тартуға ықпал ететіні бар. Айталық, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы бүркітшілер фестиваліне шетелдік туристер көптеп келеді. «Ұлы дала жорығы» солай қызықтыра ала ма? Ұлытау облысы бұл бағытта не ұсына алады?
– Иә, бүркітшілер фестивалі бүгінде Моңғолияда кең көлемде аталып өтетін шараның біріне айналған. Олардың саятшылығын қызықтап келетін саяхатшылар да мыңдап саналады. «Ұлы дала жорығы» марафоны да осындай кең көлемде танымал, оның өткізілер мерзіміне қарай әлем жұртшылығы елеңдеп отыратын дәстүрлі шараға айналады деп сенгім келеді. Оның өміршеңдігі өзімізге тікелей байланысты. Мысалы, алыс жорыққа аттанған бабаларымызда ат шалдыру деген ұғым болған. Оның мәнісі табиғаты әдемі, қонақжай ауылы бар жерде екі-үш күн аялдап, ат тынықтырып, сонымен қатар сол жердің өнерпаздарымен бәсекеге түсе отырып, халыққа қызыққа толы күндерді сыйлау. Міне, осы салтты марафон бағдарламасына енгізсе деп ойлаймын. Белгіленген шақырымдарды зулап өте шықпай кемі екі аялдама – думан белгілесе дұрыс болар еді. Ұлытау облысы көмек ретінде осы аялдама-думанның бірін өз аумағында ұйымдастыра алады.
– «Ұлы дала жорығын» ұйымдастырушылар марафон бағытындағы 6 өңірдегі 28 елді мекенге түрлі сараптама жасалатынын айтады. Бұл жұмыстар Ұлытау өңірінде қандай елді мекендерді қамтымақ?
– «Ұлы дала жорығы» Ұлытау облысының Ұлытау ауданы Алғабас ауылы, Жезқазған қаласының Малшыбай ауылы, Алаша хан, Домбауыл кесенелері, Жошы хан кесенесі және Талап ауылын басып өтеді. Ұлт ұясы – Ұлытаудың тарихи жерлері арқылы өтетін ұлы дала жорығына қатысатын шабандоздарға бұл жорық керемет әсер қалдырады деген ойдамын.
– Меніңше, марафон ғылыми экспедиция емес, сондықтан оның идеологиялық мазмұнынан гөрі спорттық бағыты басым түсуі мүмкін. Бұған сіз не дейсіз?
– «Ұлы дала жорығы» марафоны жалпы ат спортына үлкен дүмпу беріп, жастардың спорттың осы түріне қызығушылығын оятады деп үміттенеміз. Өйткені атқа міну – салауатты өмір салтының бірден-бір кепілі. Ат спортының төл мәдениетімізді дамытуға, дәріптеуге қосатын үлесі зор екені айдан анық. Басқа елдердің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бізді әлем таниды және спорттық және туристік маршруты қалыптасады. Осы сәтті пайдалана отырып, жастарымызды атқа мініп үйренуге, ат спортымен айналысуға және ұлттық спортты дамытуға шақырамын.
– Марафон Қазақстанның ұлттық брендін қалыптастыруға ықпал етеді деген пікір айтылып жүр. Бұл оймен келісесіз бе?
– 12 күндік аламан жарыс, марафон-бәйге еліміздің алты өңірін қамтитын жалпыреспубликалық ат марафоны қазақтың ұлан-байтақ жерін дүр сілкіндіріп, рухын жігерлендіреді. Жобаны сөзсіз ұлттық брендті қалыптастыруға негіз болары анық. Олай дейтінім, жылқы мен қазақ егіз ұғым. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Әлем ғалымдары жылқыны алғаш қолға үйреткенде Ұлы Даланың байырғы тұрғындары, яғни біздің ата-бабамыз екенін мойындайды. Олай болса, әлем мойындаған түсінікті неге ұлттық брендке айналдырмасқа?! 1 200 шақырым жолды белгіленген уақыт арасында жүріп өту адамға да, атқа да оңай емес. Мұндай қадамға қазақ тәрізді көшпенділер тарихының иесі болып отырған ұлт қана шыдас бере алады. Бұл дегеніміз осы марафонның өзі ұлттық бренд болуға сұранып тұрғанын аңғартса керек.
– Сіздіңше мұндай ауқымды шаралардың берері не?
– «Ұлы дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс, марафон-бәйгенің қазақ халқына берері мол тағылымды іс-шара болмақ. Бұл марафон аясында ұлттық салт-дәстүріміз жаңғырады. Әрбір қаным қазақ дейтін ұлтжанды азаматтар сайын далада шапқан ат тұяғының дүбірінен рухтанады. Бұл шара кең даламыздың әрбір тау-тасының, өзен-көлінің тарихын, киелі жерлерін насихаттайтын және еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, қиыры мен шығысын жалғайды. Туристік бағытты да дамытады. Біз осы кең байтақ даланың заңды мұрагеріміз екендігін әлемге паш етеді. Келісемін, «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін әр қазаққа рухани серпіліс береді. Жоба жастарды жылқы жануарын қастерлеуге, жылқыны күту, баптау, міну сияқты ұмытылған дәстүрлерді үйренуге, сабырлы, жігерлі, батыл да батыр болуға тәрбиелейді. Ұлтына деген мақтаныш сезімін оятады. Яғни, ұлттық код болып саналатын ат спорты арқылы басқа да ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне жақындай түседі. Марафонның ұйымдастырылуы сонысымен де құнды.
– Бұл марафон хан Кененің Арқадан Созаққа жасаған жорығын еске түсірмей ме? Хан Кене Ұлытаудан Созаққа 5 күнде, кейбір әңгімелерде 7 күнде жеткен деседі.
– Иә, хан Кененің қысқа уақыттың ішінде Бетпақдаланы басып өтіп, жасаған жорығы әскери маневрдың шыңы екені рас. Бұл жерде де соған ұқсастық бар. Орташа есеппен алғанда күніне 100 шақырым жолды бағындыру дегеніміз салт атты адамға оңай емес. Жақында Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай жерінде 140 шақырымдық ат жарыс өтті. Осының өзі тек қана біздің ұлт тәрізді түркі тектес халықтардың қолынан ғана келетін әрекет. Яғни, аттан адамның осыншама алыстап, техникаға, ұшаққа, автокөлікке иек артып кеткен заманында атты да көлік ретінде қарастыру мәселесі бұл жерде өзінен-өзі күн тәртібіне шығады. Сонда атпен серуендеу немесе атпен саяхаттау шаралары қолға алынатын болса, онда ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласының кез келген бөлігі туризмге сұранып шыға келеді. Өйткені бұл жерде табиғаттың бір әдемілігі болуы тіпті шарт емес, керісінше даланың осынша кеңдігін пайдаланып атпен белгіленген мың шақырымдық болашақта екі мың, үш мыңдық межеге де тәуекел етуге болады. Немесе жастар үшін екі жүз, үш жүз шақырымдық осындай қашықтықтарды бағындыру және сол қашықтықтардың барысында тауларды немесе биік адырларды, орманды жерлерді әдейі қиындық ретінде таңдап, әрі сол жерлерде төзімділікті шыңдауға болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!