Қызылжарда да қауын-қарбыз өседі
Қызылжарда да қауын-қарбыз өседі
© фото: Виталия Резунова
813
оқылды
«Топ Ган», «Бархан», «Фарао», «Шампань», «Виктория», «Атаман», «Астраханский», «Кримсон Свит». Бұл не десеңіздер, солтүстікқазақстандық кәсіпкер өсіретін қарбыз түрлерінің атаулары. Қысы ұзақ, жазы тым қысқа солтүстік өңірде де қарбыз өсіруге болатынын Есіл ауданындағы Корнеевка ауылында тұратын Николай Малвенов алты-жеті жылдан бері дәлелдеп келеді. Бұған дейін кішігірім 3-4 келілік дақылға мәз болған кәсіпкер биыл 17 келі тартатын өнім жинап, жерлестерін таң қалдырды. Бұған дейін картоптан басқа ештеңе егіп көрмеген 54 жастағы Николай Малвенов қарбыз өсіруді бала кезінен армандапты. Алайда күнкөріс қамымен түрлі жұмыс істеуіне тура келгендіктен, қолы тимегенін жасырмайды: біресе отын дайындаумен айна­лысып отбасын асыраса, соңғы кездері өз жүк көлігін тізгіндеген. Фермер­лік шаруашылықтарда жалда­малы жұмыс істеген кездері де болған. Бірақ балалық шағын­дағы арманы мазалай берген соң Нико­лай жұмыссыз қалған кезінде қызы­ғу­шылықпен қарбыз егіп көрген екен. Бұған дейін жер баптап көрмеген ол бұл шаруа оңайға түспегенін айтады.
«Бастапқы 3-4 жыл бойы осы кәсіпті меңгеріп, қыр-сырын үйренумен болдым. Қарбыз тұқымының ең қарапайым түрін сатып алып, бар-жоғы екі қатар­ға егіп көрдім. Бастапқы үш жыл бойы маңдытып ештеңе шығара алмадым. Бұған дейін бақша дақылдарын өсіріп көрмегенмін. Қарбыз өсіру туралы оқымаған кітабым, көрмеген бейнеролигім қалмады, интернетті көп шарла­дым. Бастаған істі орта жолдан тастамай, соңына дейін жеткізу үшін табандылық пен осы іске деген сүйіспеншілік керек. Менің қызығушылығым басым еді. Бұл шаруа тіпті менің ең сүйікті шар­уам – балық аулаудан да қызық­тырақ болып шықты», – деп еске алады Николай Шал­вович.
Солтүстікқазақстандық ноу-хаусары қарбыз Оның түсіндіруінше, Есіл өңірі 56-солтүстік ендікте жатыр. Күн көлбеу түсетіндіктен, қысқа ғана жаз айларында бұл өңір үшін таңсық қарбыз түгілі, басқа жеміс-жидек те пісіп үлгермейді. Ма­мыр-маусым айларында қатқақ жиі болады, тамыз-қыркүйекте ауа райы минусты көрсетеді. Со­ған қарамастан, бағбан кәсіптің тың түрін қолға алып, қарбыз шаруашылығына жан бітірді. Ресейдің қарбыз өсетін өлке­лерінде тамыз айында ғана өнім жинау басталса, солтүстік­қазақ­стандық кәсіпкер шілденің соңын­да алғашқы өнімін саудаға шығарады. Оның өзінде қара­байыр емес, ноу-хау сұрыптарын да енгізуде. Мәселен, бұған дейін жерлестерін экзотикалық сары қарбызбен қуантқан бағбан биыл бірінші рет қарбыздың сүйексіз сары сортын өсіріп шығарды.
«Былтыр бұл түрін өзіміз үшін бірінші рет егіп көрдік. Оның дәмі ерекше, басқасына қарағанда қаттырақ, алма сияқты, бірақ кәдімгі қарбызға қарағанда әлдеқайда тәттірек әрі исі аңқып тұр. Ең бастысы, сүйегі жоқ. Бұл сұрыптың тұқымы өте қымбат әрі шығымдылығы нашар: тұқымның 30-40 пайызы текке кетеді. 10 тұқым ексек, соның алтауы, кейде тіпті екеу-үшеуі ғана өсіп шығады. Селекционерлер жаңа тұқымды жасап шығару үшін бірнеше түрін будандастырып, 2-3 жыл еңбек­тенеді. Бұл – өте қиын процесс. Қарбыздың мұндай түрі негізінен Еуропа елдерінде өсіріледі, Ресей­де өте сирек кездеседі, Қазақ­станда мүлдем жоқ», – деп түсін­дір­ді Николай Шалвович.
Бағбан 7 жыл ішінде қарбыз тұқымының жүз шақты түрін егіп көргенін айтады. Соның ішінен 15 шақтысына тоқталыпты. Бұған дейін сұранысқа сараптама жасап көрген кәсіпкер тұтынушыларға сары қарбыздың екі түрі ұнайты­нын ұғыныпты. Тұқым таңдау жұ­мысы әлі де жалғасуда. Олар­дың кейбіреуі теріскейдің жерін мүлдем жерсінбейтін болып шық­қан. Қауын өсіруді қолға алды Бастапқыда өнімін өз бала-шағасының ғана алдына тосқан кәсіпкер бүгінде жерлестеріне де ұсынып, қуантып жүр. Былтыр 2 сотық алқаптан 8 тонна қарбыз сатқан кәсіпкер сауданың көрігін қыздырып, биылғы көрсеткішін 10 тоннаға жеткізді. Николайдың жұмысы сәуірде қыза бастайды. Алдымен, көшет­тер егіліп, кейін олар «термос» технологиясымен отырғызылады. Бұл – өте қымбатқа түсетін әдіс­тердің бірі. Мұнда екі қабат ар­найы пленка қолданылады, ол өсімдіктерді арамшөптерден қор­ғап, жылу мен ылғалды сақтайды және топырақ температурасының төмендеуінің алдын алады. Тамшылап суару әдісі қолданыла­ды. Қарбыз үшін судың маңызы зор: не аз, не көп болмауы керек. Сол үшін топырақтың ылғалды­лығын, Ph және басқа да қасиетін өлшейтін арнайы аппарат та сатып алыпты. Шығыны мен машақаты көп болғандықтан, қарбыздың келісі 170-350 теңгеден сатылады. Бірақ нитратсыз таза өнімді тұрақты сатып алушылар­дың қарасы қалың. Тіпті, эко­логия­лық таза өнім сатып алу үшін көршілес Көкшетау мен Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келушілер де бар. Өз ауылдастары – тұрақты сатып алушылар. Кәсіпкер анда-санда облыс орталығы – Петропавлға да келіп қарбыз сатады. Оны асыға күту­шілер өте көп. Корнеевка қарбызы келе жатқаны туралы хабарлан­дыру түрлі чаттарда тез тарайды. Агрономиядан ауылы алыс болса да, биыл Николай Малвенов бірінші рет қауын өсіруді қолға алды. Отбасы мүшелеріне арнал­ған алғашқы өнім әлі жиналған жоқ. Бұл қарбыздан бетер жылу­сүйгіш өсімдік көрінеді. Бірақ жерлестері алдағы уақытта жер­гілікті жерде өсірілген қауыннан дәм татудан дәмелі.

 Солтүстік Қазақстан облысы