Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов кеше фракция жиынын өткізді. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттары да қатысты. Жиынға қатысушылар алдағы сайлауда қайта сайлау құқығынсыз жеті жылдық президенттік мерзімді енгізу және елордаға Астана атауын қайтару туралы бастаманы қолдады. Депутаттар осы реформалардың прогрессивті екенін және олардың әділетті Қазақстан құру бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті. Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынған 7 жылдық мерзімді енгізу және елорданың атын өзгерту жөніндегі мәселелер Мәжілістегі барлық фракция депутаттарының ұсынысы екеніне назар аударды.
«Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – прогрессивті әрі қажетті норма. Бұл биліктің бір қолға шоғырлануына тосқауыл болып, суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі арылуға жол ашады. Аталған мәселе ел арасында жан-жақты талқылануда. Біз осы сайлау жүйесін биылдан бастап енгізуді қолдаймыз», – деді фракция жетекшісі.
«Қазақстанда Президенттің кең өкілеттіктері бар. Сондықтан сайлау процесінде жоғары лауазымды тұлғаның тұрақты түрде ауысып отыруы Мемлекет басшысының қолында биліктің шамадан тыс шоғырлануы мен монополиялануының алдын алуға мүмкіндік береді», – деді С.Абдрахманов.Ал депутат Елнұр Бейсенбаев Президенттің мандатын қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу енгізудің маңыздылығын айтты.
«Қайта сайлану құқығынсыз бір реттік президенттік мерзімді енгізу саяси жаңару деуге болады. Ол сайланған кандидатқа халық алдындағы берген уәделерін тиімді әрі уақытылы орындауға септігін тигізеді. Өйткені сайланған Президенттің екінші мүмкіндігі болмайды. Алдағы 20 жылдықта біз жаңадан сайланған үш Президентті көретін боламыз», – деді Е.Бейсенбаев
«Әлемде Президентті бір рет сайлау тәжірибесі жүз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан елдер бар. Мысалы, Израиль (7 жыл), Армения (7 жыл), Мексика (6 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл) елдерінде осындай тәжірибені кездестіруге болады. Францияда да бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл тенденция әлемде кең таралып қана қоймай, қанат жайып келеді деген сөз», – деді депутат.