Түркістан облысында елді мекенге Мәшһүр Жүсіптің есімі берілетін болды
Түркістан облысында елді мекенге Мәшһүр Жүсіптің есімі берілетін болды
Фото: inbusiness.kz
871
оқылды
Түркістан облысында ауылға Мәшһүр Жүсіптің есімі беріледі. Түркістан облыстық мәслихатының кезекті 17-сессиясында Түркістан облысы Қазығұрт, Отырар және Сауран аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері қаралды. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы заңы 11-бабы  3), 4) тармақшаларына сәйкес, облыстық ономастика комиссиясының 2022 жылғы 21 сәуірдегі қорытындысы негізінде, халықтың пікірін ескеріп, Түркістан облысы Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округі аумағынан елді мекен құрып, оған Мәшһүр Жүсіптің есімі берілетін болды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, тектінің тұяғы Абай Шарапиевке хабарласып, ақжолтай хабардың анық-қанығын білдік.
«Түркістан облысы Сауран ауданында бабамның есімі елдімекенге беріледі деген жаңалықты әлеуметтік желіден оқыдым. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімін ұлықтап жатқан елге, бастама көтерген Түркістан өңірінің азаматтарына, қолдаған халыққа ризамын», – дейді Абай Шарапиев.
Ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Мәшһүр Жүсіп 29 жасынан Бұхара, Ташкент, Түркістан және т.б. шаһарларда білім алған. Сондықтан ойшылдың есімін Түркістан өңірінде елді мекенге беру жергілікті тұрғындардан қолдау тапқан.