1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамай төленіп жатқан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалу тәртібіне өзгеріс енгізіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, алдағы уақытта 8 және одан көп баласы бар отбасылар мемлекеттік жәрдемақыны бала санына қарай алады.
«Қазіргі уақытта 7 баладан әрі қарай біркелкі мөлшерде жәрдемақы жоқ. Сондықтан енді 8 және одан көп баласы бар отбасыларға да біркелкі жәрдемақы беру қарастырылды. Мысалы, 8 балаға - 85 мың теңге, 10 балаға - 106 мың теңге, 15 балаға - 159 мың теңге төленеді», – деді министр.
Естеріңізге салайық, қаңтар айынан бастап кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары, оның ішінде 23 жасқа дейін студент балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге болып бекітілген. 8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 74 388 теңге тағайындалған болатын.Олар бұдан артық ақша алмайтын.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 370 мың көпбалалы отбасы табысына қарамай мемлекеттік жәрдемақы алып отыр.
«Былтыр ана мен баланы қолдауға 372 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 559 млрд теңге қарастырылды. Көпбалалы отбасыларды қолдау көлемін әлі де көбейту керек деп ойлаймыз. Жәрдемақының түрлері мен оны төлеудің мерзімін ұлғайтуды қарастырып жатырмыз», – деді ол.