Елорданың газдандыру бойынша үш кезеңнен тұратын жұмыс жоспары қарқын ала бастады. Олай дейтініміз, бас қалада үш газ қазандығының құрылысы қатар жүріп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, келер жылдан бастап газ қазандықтарын кезең-кезеңмен іске қосу көзделген.
Жақында ғана газдандыру жобасының екінші кезеңінің бір бөлігі аяқталуға жақын қалғаны белгілі болған. Сол кездің өзінде қаладағы 10 тұрғын алабы мен 3 шағын ауданы толық газдандырылған еді. Екі жүз мыңға жуық тұрғыны бар аудандардағы үйлер толығымен газға қосылып, 14 мың абонент көгілдір отынға қол жеткізген. Яғни бас қаланың 5 мыңға жуық тұрғын үйі газға қосылып, 650 шақырымдық газбен жабдықтау желісінің құрылысы аяқталған. Сонымен бірге бұрын дизель отынын пайдаланылатын 1-жылу электр орталығы және 2-жылу электр орталығы 13-қазандығы газға ауыстырылып, биыл 1-жылу электр орталығында тағы 3 энергетикалық қазандық газға көшірілмек.
Қала әкімдігі сол сүйінші хабарды көпке созбады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазір елордада үш газ қазандығының құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл қазандықтардың қуаты ЖЭО-3-тен 3 есе асып түседі. Тиісінше қазіргі тапшылықтың орнын толтыруға да, құрылыс жұмыстары жүретін жаңа аудандарды жылумен қамтуға да мүмкіндік береді.
Сондай-ақ газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Газ қазандықтары жаңа теміржол вокзалының аумағында, Қорғалжын тасжолының бойында және Тельман елді мекенінде орналасқан. Осылайша, «Оңтүстік-Шығыс» қазандығы «Мыңжылдық» ауданын, жаңа теміржол вокзалы аумағын, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды және т.б. жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тельман» қазандығы «Бағыстан» тұрғын үй кешені, Ұлы Дала даңғылы, «Тельман» елді мекені аумағын қамтиды. Өз кезегінде үшінші – «Тұран» газ қазандығы Қорғалжын тасжолы, Тұран даңғылы бойындағы және т.б. құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаланың қысқа дайындығын пысықтау мақсатында құрылыс алаңдарын аралап шыққан елорда әкімі сорғы-сүзу стансасының (ССС-3) құрылысымен да танысқан. Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынса, ал жаңа сорғы-сүзу стансасы-3 қуаттылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам су береді. «Қаламыздың дамып келе жатқанын ескерсек, қазірдің өзінде суға деген қосымша қажеттілік бар. Сол үшін сорғы-сүзу стансасы-3 биыл жыл соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі. Осылайша сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Ал 2023 жылдан бастап сорғы-сүзу стансасы-3 жұмысының қуатын одан ары арттыру көзделіп отыр», – дейді қала әкімі Алтай Көлгінов.