Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласында оң өзгеріс болды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенінде атқарылатын жұмыстар мен алдағы міндеттер нақты көрсетіліп келеді. Осы орайда Қызылорда облысында да ауыл шаруашылығы жыл санап қарқынды дамып жатқаны байқалады.
Қай кезде де аграрлық саланың аймақ экономикасында алатын орны ерекше. Негізгі кәсібі егін шаруашылығымен тығыз байланысты өңір халқының еселі еңбегі нәтижесін беріп отыр. Мемлекет қолдауын сезініп, өнімдерді алыс-жақын шетелге экспорттау, суды ысырапсыз пайдалану жүйесін жолға қою мақсатында әртараптандыру шараларын жүргізуге мүмкіндік артты.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында су тапшылығы болып, егін шаруашылығына үлкен кедергісін тигізгені мәлім. Соған орай биыл Сырдария өзеніндегі су тапшылығын жою үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы қалпына келтіру және бұрғылау жұмыстарын жүргізу, ағын суды қайта пайдалану және елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 133 дана сусорғы сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күні елді мекендерге 96 сусорғы жеткізілді. 26 ұңғыманың бұрғылау жұмыстары мен 14 каналды тазалау жұмыстары жүргізіліпті.
Жалпы биыл облыс бойынша 188,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі – 78,6 мың гектарды құрады. Нәтижесінде былтырмен салыстырғанда күріш алқабы 5 мың гектарға қысқарып, оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 7,3 мың гектарға ұлғайтылған.
Қазіргі таңда агросаланың алдында тұрған негізгі міндет – елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда Қызылорда өңірінде азық-түлікпен қамту, сондай-ақ ішкі өнімнің қажеттілігін анықтау бағытында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз ету мақсатында табанды шешімдер қабылдап, бастама оң нәтиже беріп отыр. Соның негізінде суармалы жерлерден 1 433 гектар қосымша жер дайындалып, 6 802 отбасына бөлініп берілді. Осы арқылы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы тың серпін алды.
Сондай-ақ, егін шаруашылығын әртараптандыруға байланысты Украина ғалымдарының ауыл шаруашылығы дақылдары сұрыптарын өңірімізде тәжірибе ретінде егу бастамасы да қолға алынды. Атап айтқанда, Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылындағы «Жетікөл Жері» ЖШС-де украиндық ғалымдардың қатысуымен биыл 200 гектар жерге күздік бидайдың украиндық 4 сұрыптарын егуге бетбұрыс жасалған. Ал келер жылдан бастап 10 гектар жерге алманың 4 сұрыбын егуді және суды аз қажет ететін соя, күнбағыс, жүгері дақылдарының жаңа сұрыптарын егуді межелеп отыр.
Бұдан бөлек, аймақтың Жаңақорған ауданында «Қызылорда AGROPlus» ЖШС тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге қызанақ егу жобасын қолға алыпты. Осы мақсатта 3000 гектар алқаптың 10 гектар жеріне қызанақтың американдық 3 сұрыбы тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы егілген. Серіктестік 2025 жылға дейін межеленген 3000 гектар жерді толық айналымға қосуға ниетті. Сондай-ақ түріктің «TAT GIDA» компаниясымен бірлесіп томат шығаратын зауыт құрылысын жүргізуді де жоспарлап отыр.
Салалық басқарманың мәліметіне сәйкес, бүгінде облыс бойынша 26,3 мың гектар күрішке орақ салынып, орылған көлемнің 18,9 мың гектары бастырылған. Әр гектарынан орташа 46,3 центнерден өнім алынуда екен. Егін жинау жұмыстарын 10 қазаннан кешіктірмей аяқтау көзделіп отыр.
Жалпы Сыр күріші қай кезде де үлкен сұранысқа ие. Соның негізінде күріш өнімімен республика халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етумен қатар алыс-жақын шетелдерге де экспорттау ісі жолға қойылған. Оның ішінде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне экспортталады.
Нәтижесінде барлық экспортталған өнімнің 91,8 пайызы күріш дақылына тиесілі. Соның ішінде биылғы жартыжылдықта Қызылорда облысынан 26,5 млн долларды құрайтын 50 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталған.
Жалпы аймақта агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту, аграрлық аймақ ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстар ауқымды. Бұл мақсатта жаңадан инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары да ашылуда.
Өткен жылдың өзінде өңірде агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асырылып, 151 адам жұмыспен қамтылған.
Ал биылғы жылы құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 271 жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде. Оның ішінде, құс шаруашылығын дамыту мақсатында қуаттылығы 3 500 және 1 500 тонналық екі құс фабрикасы, халықаралық стандартқа сай сапалы ет өнімдерін өндіретін қуаттылығы 5000 тонналық ет өңдеу комбинаты, тауарлы сүт фермасын жаңғырту, мал бордақылау алаңын құру сынды тың жобалар бар.
Негізінен 2025 жылға дейін өңірде жалпы құны 56,2 млрд теңгені құрайтын тағы 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 975 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.