Демалыс күндері елордада Алматы мен Жетісу облысы жәрмеңке өткізеді
Демалыс күндері елордада Алматы мен Жетісу облысы жәрмеңке өткізеді
Фото: qarmaqshy-tany.kz
702
оқылды
Елордада 17 және 18 қыркүйек күндері дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы елордада Алматы және Жетісу облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі хабарлады. Екі өңірдің тауар өндірушілері елордаға 459 тонна өнім әкеледі. Оның ішінде, 84 тонна – көкөніс, 62 тонна – жеміс-жидек, 48,7 тонна – картоп, 41,5 тонна – ет, 9 тоннадан астам – сүт өнімдері, 8 тонна – балық, 500 кг бал, сондай-ақ 189 тонна өзге де өнімдер бар. Мәселен, Жетісу облысы 54 тауар түрін, Алматы облысы 42 түрін ұсынады. Олардың арасында өсімдік майы, қант, ұн, жарма, ұлттық сусындар және басқалар бар. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама дайындалды. Жәрмеңкеде тауар бағасы нарықтан 10-20%-ға төмен болады. Жәрмеңке әр сенбі және жексенбі күндері 13 қарашаға дейін өтеді. Өтетін орны: Тұран даңғылы, 48 мекенжайында «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаң. Ал 24-25 қыркүйек күндері Батыс Қазақстан және Атырау облысының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынады.