Банкроттық туралы заң: борышкер баспанаға бас қатырады
Банкроттық туралы заң: борышкер баспанаға бас қатырады
656
оқылды
Мемлекет биылдан қалдырмай жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды қабыл­дауға ниетті. Осы күні елімізде 1,3 миллион адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған екен. Бірақ заң қабылданамын дегенше көп талқылаудан көз ашпайтын секілді. Себебі тараптардың таласына түскен тұстар бар. Заң аясында азамат өз несиесінен түгелдей құтылады, алайда соған сай бірқатар мүмкіндігі шектелмек. Сонымен, банк пен борышкердің хақында нендей түйткілдер бар? Ілкі бастаманың ілгерілеуі Банкроттық туралы заңның қабылдануын елімізде 2015 жыл­дан бастап белсенді азаматтар сұрай бастаған еді. Өйткені сол кезеңнен бастап Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі өсіп бара жатқаны алаңдатқан. Банк­терге борышын өтей алмаған­дар­дың көбеюінен әлеуметтік мәсе­лелер ушығып, қоғамда ажырасу, өз-өзіне қол жұмсау секілді ке­леңсіз жағдайлар тіркелген-ді. Ой­лаңыз, 2019 жылы қазақстан­дықтардың банктерге қарызы 4 трлн теңге көлемінде болды. Биыл 6,6 трлн шегінде. Айнал­дыр­ған 3 жылға толмайтын уа­қыт­тың ішінде қарыз көлемі 61 пайызға ұлғайған. Ал сарапшылар несие алатын азаматтардың кө­беюін тікелей қымбатшылықпен байланыстырады. Мәселен, биыл қазақстандықтар табысының 50-55 пайыздан астамын азық-түлік сатып алуға жұмсалатыны анық­талды. Демек, тапқан қаржы­сы­ның жартысы «қарынның қа­мына» кетеді. Сарапшылар бұл қымбатшылық жайлаған кедей мемлекеттерге тән құбылыс еке­нін жиі айтады. Демек, халықтың несие алуға деген сұранысының артуының бір себебі – осы қым­батшылық. Сондықтан Қазақ­станда жеке тұлғалардың бан­крот­тық туралы заңын қабылдауға қажеттілік туды. Яғни, әлдебір себептерге байланысты қарызды төлеу мүмкіндігі болмаса, заң жү­зінде борыш жойылады. Әйтсе де, аталған заңның қабылдануына қарсылық та бар. Ең алдымен, оған қаржы институттары, банк­тер қарсы болатыны даусыз. Се­бебі бұл олардың бизнес-моделіне едәуір әсер етеді. Бөлшек сау­да­дағы үлесі, яғни тұтынушылық несие портфелінің қысқаруына әкеледі. Екіншіден, халықтың тұтынушылық несиесін жойға­нымен, жартылай қайтарылған несиелер үшін банктер салық тө­леуі (пайда тапқаны үшін) мүмкін. Сондықтан қаржы институттары үшін мұндай займдарды проб­ле­малы несиелер ретінде қайтаруға тырысқан тиімді. Сайып келгенде, банкроттық кез келген жағдайда банк үшін жағымсыз рәсім. Негізі, Қазақстанда банкрот­тық туралы заң жоқ емес, бар. Бі­рақ ол заңды тұлғалар мен кә­сіп­­керлердің мүддесін қорғайды. Ал экономикалық қатынастардың басқа қатысушылары, сіз бен біз секілді жеке тұлғаларға аталған заң қарастырылмаған. Яғни, азаматтарды күтпеген жерден туындаған қолайсыз жағдай­лар­дан құқықтық қорғау жоқ. Мә­се­лен, ипотекалық қарыз алушылар төлей алмаса, жалғыз баспана­сынан айырылып қалуы мүмкін. Жалпы, бірқатар дамыған елдерде бұл мәселелер өркениетті түрде шешіледі. Тіпті, көршіміз Ресей­дің өзінде жеке тұлғаның бан­крот­тығы туралы заң жұмыс істеп тұр. Мәселен, Ресейде осы заң­ның енгізілуінен бастап жыл сайын 15-25 мың азаматтың бо­рышы жойылады. АҚШ-та бан­крот­тық туралы істерді маман­дан­дырылған соттар қарайды. Аза­маттың немесе компанияның жеке жағдайына байланысты банкроттық рәсімдерінің әртүрлі түрлері бар. Мәселен, білім алуға арналған несиелер, балаларды да­мытуға арналған қаражат, али­мент, сот шешімімен төленетін айыппұлдар, жарақат алып қалуға байланысты міндеттемелер, ипо­тека бойынша төлемдер кешіруге жатқанымен, алаяқтық секілді жолмен алынған қарыз мемлекет есебінен кешірілмейді. Осы­лай­ша, АҚШ заңы азаматтарды сауықтыруға, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, «жаңа өмір» бастауға мүмкіндік береді. Ал Швецияда банкроттық туралы заңға қосымша ретінде «Қарыздан құтылу туралы» заң қабылданған. Ұлыбритания мен Францияда қарыз мерзімі 120 күннен асатын міндетті банкроттық институт бар. Жапонияда қарызды мүлік сату арқылы өтеу, «жою» проце­ду­расы деп аталады. Бірақ өзін банкрот деп жариялаған азаматтар компанияларды басқару құқы­ғынан айырылады. Сонымен, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды енгі­зетін болдық. Дегенмен оған қар­сы уәж айтатындар заң қабыл­данса «жалған банкроттық» ту­ралы өтініштер мен құжаттар қап­тап кетуі мүмкін деп күмән­да­нады. Ол пікірдің де жаны бар. Мысалы, осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпте­ген ауқатты отбасы табысын жа­сырғаны әшкереленгенін білеміз. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шет мемлекет­тер­дің тәжірибесін мұқият зерделеп, жеке тұлғаларға банкроттық рә­сімдерін қолдануға нақты та­лаптар қоюы қажет. Сонда біздің отандастарымыз шешілмейтін қаржылық қиындықтарды өрке­ниетті түрде шеше алады. Банктер де оңды-солды қарыз таратуды азайтар еді. Талқыға түсер тармақ көп Ұлттық банктің хабарлауы бойынша, қазір қазақстандық­тардың банктерге қарызы 6,6 трлн теңгеге жеткенін айттық. 2021 жылмен салыстырғанда, банк алдындағы берешек 33,3 пайызға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың 1-30 күн аралығындағы өтелмеген берешегі 84 пайызға өсіп, 333,1 млрд теңгені құраған. Ал 90 күн­нен асқан берешек көлемі 12 па­йызға ұлғайып, 417,7 млрд теңгеге жетіпті. [caption id="attachment_218083" align="aligncenter" width="1388"]банкрот © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Таяуда Мемлекеттік кірістер комитеті елімізде банкроттықтың үш түрлі процедурасын енгізу қарастырылып жатқанын хабар­лады. Біріншісі – соттан тыс бан­кроттық. Мұнда азаматтың банк, микроқаржы ұйымы және кол­лекторлар алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспауы керек. Екіншісі – сот банкротты­ғы. Бұл тәсілді қарызы 4,9 млн тең­геден асатын азаматтар пайда­ланады. Үшіншісі – клиенттің төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасы. Сот арқылы қарыз­ды 5 жылға дейін бөліп төлеу ен­гізіледі. Бәрі тап-тұйнақтай кө­рін­генімен талқыға салар мәсе­лелер жетерлік. Соңғы рет Мәжіліс депутат­тары мен Қаржы министрлігінің қатысуымен осы заң жобасы тал­қылағанда бір мәселе бойынша келіспеушілік болған. Тараптар банкроттыққа ұшыраған азамат­тардың әлеуметтік кепілдігі ту­ралы ортақ пікірге келе алмапты. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, тиісті заң жобасы халықаралық тәжіри­белерді ескере отырып дайын­далып жатыр екен.
«Заң жобасының әзірлену себебі – халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпашылығы және азаматтардың едәуір бөлігі өзде­рінің қаржылық жағдайларының нашарлауына бетпе-бет келуі. Бүгінде 1 300 000 адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған. Заң шеңберінде соттан тыс бан­кроттық процедураға 1600 АЕК дейін қарыз болған азаматтар қатыса алады. Бұл 4 миллион 900 мың теңгені құрайды. Бұған банк­тер мен микроқаржылық ұйым­дар, коллекторлық агенттіктер алдындағы алдындағы қарызы бар азаматтар жатады. Екіншіден, ресми табысы жоқ болса немесе кірісі борышкерлердің өзіне және асырауындағы отбасының әр мү­шесіне шаққанда ең төменгі күн­көріс деңгейі (36 018 тг) мөлше­рінен аспайтын борышкерлер қа­­тыса алады. Бұл ретте борыш­кер­лерде мүлік болмауы керек», – деген Біржанов.
Сарапшылар жиі талқылап жүрген тармақ – борышкердің жалғыз баспанасына қатысты жағдай. Яғни, клиенттің жалғыз баспанасы болса, ол банкроттыққа ұшырағаннан кейін үйінен айы­рыла ма, банкроттыққа ұшыраған азаматтар ары қарай несие алуы мүмкін бе? Вице-министрдің сө­зінше, егер борышкердің тұрғын үйі банктен ипотекаға алынған болса, өндіріп алуға жатады. Со­ны­мен қатар банкроттыққа ұшы­раған адамға кредит алуға 5 жылға дейін шектеу қою заңнама жо­басында бар. Бірақ 2006 жылы Қазақстан халықаралық пактты ратификациялаған. Ол бойынша егер азаматтың жалғыз баспанасы болса, онда үйді тартып алуға ты­йым салынған. Тартып алған жағ­дайдың өзінде азаматқа әлеу­меттік балама тұрғын үй ұсынылуы тиіс. Міне, мәселенің күрделі тұсы – осы. Ал Мәжіліс депутаты Дания Еспаева заң жобасында бірнеше даулы тармақ бар екенін айтады.
«Ең бірінші мәселе – ол әлеу­меттік қорғау. Заң жобасында борышкердің баспанасы кепілде тұрса, өндіріп алуға жататыны ай­тылған. Біз борышкердің мүлкі ке­пілде тұрғанымен, оны санитар­лық нормаға сай талаптар бойын­ша баспанамен қаптамасыз ету керегін ұсынып отырмыз. Одан бөлек, сотқа дейінгі борышкер­лікті тануға банктер алдындағы қарызын 12 ай көлемінде өтемеген азаматтар жатады. Біз бұл мерзімді 6 айға дейін қысқартуды ұсы­намыз. Борышкер 6 айда шағын несиесін өтей алмаса, қалған 6 айда да оны өтейтініне күмән бар», – дейді депутат.
Шамасы, заң жобасы алдағы уақытта тағы талай талқылауға түсетін іспетті. Өйткені даулы дү­ниелердің тиегі ағытылмай кете­тін болса, келешекте басқа емес, борышкерлер әуре-сарсаңға тү­седі. Осы түйткілдер шешіл­мейін­ше, заң жобасын қабылдауға асық­паған абзал. Бірақ борыш­керлердің жайы да кезек күттірмей тұрғаны алаңдатады.