Банкирлер басынады, борышкер ашынады
Банкирлер басынады, борышкер ашынады
© коллаж: Елдар Қаба

Банктердің, ЖСО-лардың кепілге қойылған мүлікті – бизнес нысанын, баспананы, автокөлікті су тегінге сатып жіберуі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Әу баста, несие бергенде сол кепіл мүліктің жоғары бағаланғаны еш ескерілмейді. Салдарынан дүние-мүлкі аукционда сатылғаннан кейін де борышкердің берешегі өтелмейді, сол бойы қарыз болып қалады. Үйінен айырылып, күйі кеткен, табыс көзінен қол үзіп, тұрмысы құлдыраған борышкер ашынған жағдайға жетеді.

Қанша адамның мүлкіне қауіп төнді?

Қазақстандықтардың қарыз борышы­на батуы қорқынышты ауқым алып бара­ды. Ресми статистика бойынша, 2021 жыл­дың бірінші жартысында жеке тұл­ғалардың алған несие көлемі 8,6 триллион тең­геге жетті. Яғни, іңгәлаған сәбиден ең­кейген кәріге дейін, 19 миллион халқы­мыз­дың әрбір өкіліне шақсақ, 453 мың теңгеден келеді. Бұл сома осымен тоқтамай, алапат ауқыммен ары қарай артып жатыр. Ха­лықтың несиелену көрсеткіші былтырдан бері 26%-ға өсіпті. Мұндағы тұтынушылық несие сомасы 5 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылғыдан 19,4%-ға көп. Ал тұ­тынушылық кредиттің пайыздық ставкасы өзге несие өнімдеріне қарағанда бірнеше есе жоғары екені мәлім. Пандемия және дағдарыс ұзаса, қанша адамның кредит төлеуге қабілетсіз болып қалатыны, дүние-мүлкінен айырылатыны белгісіз. Мамандар өзге елдерге қарағанда Қа­зақстанда кредитті өтеу жүктемесінің ауыр­лығына назар аудартады. Себебі банктердің несие үшін алатын сыйақы, комиссиялары аса қымбат, оның үстіне елде жалақы деңгейі төмен, ұлттық валюта құнсызданып барады. Мұндай жағдайда азаматтардың қарыз төлеу мүмкіндіктері де күрт азаяды. Trading Economics рейтингін талдаған Ranking сарапшыларының мәліметінше, кредиттер мен ел тұрғындарының орташа жалақысының ара-қатынасы жөнінен Қазақстан дамыған елдерден де, тіпті посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерден де кейін қалып қойды. Нақтылай кетсек, Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,3 жалақыға ғана тең. Мысалы, азамат екі ай жалақы алмаса, табыс таппаса, борышқа белшеден батады. Өзге елдерде бұл өріс кеңдеу: көрші Ресейде айырмашылық – 5,4, көрші Қытайда – 8,1, Арменияда 5,8 орташа жалақыға дейін барады. Бұл аражік да­мы­ған елдерде тіпті жоғары: Аустралияда – 41,3, Швейцарияда – 29,1, Норвегияда – 28,2, Португалияда 21,4 орташа жалақыға дейін жетеді.

Сауда дегені көзбояу ма?

Алматыдағы қанды қырғынға қоғам­ның реакциясы көп жайттан хабар береді: әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақ­стандықтардың көп бөлігі бес адамды жер жастандырған қанішерді айыптаған жоқ, керісінше бар кінәні бассыз кеткен жеке сот орындаушыларына және солармен әмпей-жәмпейі бір банк секторына аударды. Ақпарат құралдарының жазуынша, Дуж­нов пен Демирчянның банк алдын­дағы қарызы 121 миллион теңгені құраған. Олардың кредит алғанда кепілге қойылған мүлкі – Бағанашыл ықшамауданындағы тұрғын емес үй-жайлары кезінде жалпы сомасы 184 миллион теңгеге бағаланыпты. Алайда ЦентрКредит банкінің түсінді­руінше, несиесін қайтаруды доғарған борышкерге сол жылжымайтын мүліктерін өз бетінше нарықтық бағамен сатуға мүм­кіндік берілген, бірақ олар ол мүм­кіндікті пайдаланбаған көрінеді. Нәтижесінде, 184 миллионның мүлкі 96 миллионға баға­лан­ған және тездетіп аукцион арқылы өткі­зілген. Яғни, коммерциялық мүлкі сатыл­ғаннан кейін де борышкер шамамен 30 миллион теңгедей қарыз болып қалған. Осыдан кейін ЖСО-лар борышкердің Ақбұлақтағы үйіне қол салады. Жалпы ауданы 200 шаршы метрден асатын және 7 сотық жері бар үлкен үй 30 миллионнан арзанға бағаланады. Аукционда оны атыс кезінде қаза тапқан марқұм Нұрахмет Тұрғанов сатып алған. Борышкерлердің бұл үйін тартып алудың арты неге әкеліп соқтырғаны белгілі. Жалпы, ЖСО-лардың қысастығы, қиянаты, қулығы туралы көптен айтылып келеді. Белгілі заңгер Қайрат Жұртболов өз парақшасында кейбір банктің, жеке сот орындаушыларының кепіл мүліктер сатылатын «сауданы» қалай өткізетінін паш ететін құжатты жариялады.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы аса тар­тым­ды коммерциялық жылжымайтын мүлік баға төмендету әдісімен сатылды: саудаға бірін-бірі білмейтін екі әлеуетті үміткер қатысып, бір-бірімен бәсекелескен. Бұл ретте екеуі де интернетке бір IP-адрестен қосылыпты! Бұл дегеніміз – саудаға қа­тысқан қос сатып алушы не бір бөлмеде, не бір компьютерде отырып, бағаны қан­шаға дейін төмендететіні туралы өзара келіскен. Бас прокуратура қызығушылық білдірсе, қылмыстық іс қозғауға жетерлік материалдарды ұсына аламын», – деді Қ.Жұртболов.
Жеке сот орындаушыларының респуб­ликалық палатасы оның сұратуымен атал­ған электронды аукционға қатысушы­лар­дың ІР-адрестері туралы мәліметті ұсы­ныпты. Құжатта лот бойынша екі қатысу­шының да жүйеге бір ІР-мекенжайдан кіргені расталған. Әрине, кейде бір бизнес орталықтағы екі кеңсе ортақ ІР-адрестен интернетке шыға береді. Себебі жеке ІР-мекенжай ұс­тау қымбатқа түседі әрі ай сайын або­ненттік төлем төлеп отыру керек. Дегенмен заңгер мықты ІТ маманмен кеңескенін және мына жағдайда баға бойынша ымы­раласу көріністері барын жеткізді.

Кернеуді шектеу жоя ма?

Жалпы, осы салада үлкен әлеуметтік кернеу қордаланғаны байқалады. Павло­дар қаласында борышын өтей алмаған, төлем төлеуді тоқтатқан кәсіпкердің кот­теджін банк тартып алады. Жылжымайтын мүлік аукцион арқылы сатылған. Алайда жаңа қожайынға сән-салтанатты коттедж орнына жартылай қираған үй тиген: «мүл­кім тым арзанға кетті» деп ашуланған кәсіпкер кегін коттеджден алған. Енді жаңа қожайын ЖСО-дан келісімшартты бұзып, кепіл жарнасын қайтаруды талап етті, ал жеке сот орындаушысы бұрынғы ие­сін жауапкершілікке тарту жолын іздес­тіреді. Әділет министрлігі оған сотқа шағымдануға кеңес беріпті. Банк банкрот болса, оның клиент­теріне, әсіресе борышкерлерге қиын. Әсел С. Алматының Таугүл шағынауданындағы ипотекасы бар бір бөлмелі пәтерді сатып алады. Алайда ізінше Астана банкі лицен­зиясынан айырылып, жабылып қалды. Енді Астана банкінің ликвидациялық комиссиясы оның иелігіндегі жылжы­май­тын мүлікке «мүліктік шағым» түсірген. Егер банкті жоюшылар сотта жеңсе, жас баласы бар ана далада қалуы ықтимал.
«Банктің ликвидациялық комиссиясы менің 3,5 миллион теңге төлегенімді де ескермей отыр: пәтер бағасынан ол со­маны шегеруден бас тартты. «Пәтерді то­лық бағасына сатып ал!» деген талап қой­ды. Бұл ретте баспананың құнына жаңа бағалау жүргізіпті. Алматыда кейінгі бес жылда жылжымайтын мүлік қымбаттағаны белгілі. Пәтер менің меншігіме толық кө­шіп үлгермегендіктен, тартып алуға құқы­лы көрінеді. Бүгінде ликвидациялық ко­миссия баспанамды аукцион арқылы сау­даға қойғалы жатыр. Өз пәтеріне қол жет­кізу үшін адал тапқан ақшаларын банк­ке беріп келген көптеген адам осын­дай күйде. Олар да үйлерінен қуылып, же­тімбұрыш жағалап қалайын деп тұр», – де­ген жалғызбасты ана бұл үй оның жалғыз баспанасы екенін айтты. Ол мемлекеттен кредитін кешіруді сұрамайды, берешегін ары қарай төлеуге дайын. Тек комиссияның өз шартын біржақты таңып, тізеге сал­ғанына наразы.
Қарызы өтелмеген мүліктің бұрынғы иелері ғана емес, сондай-ақ жаңа иелері де жиі зардап шегеді. Мысалы, кәсіпкер Мұрат Рақымжанов Ақмола облысының Бурабай ауданына қарасты Зеленый бор ауылындағы 5,5 гектар жерді сатып алады. Бұл телім – коттедждер үлгісіндегі тұрғын үй кешенін салуға бөлінген «майшелпек» жер. Жаңа қожайын ол учаскеге банктердің бірі тыйым салғызып, құрылысты бұғаттап тастағанын білген.
«Банктің бұл ісі заңсыз. Себебі жер телімі банктің борышкері «ASI инвес­тициялық құрылыс компаниясы» ЖШС-іне тиесілі емес. 2021 жылғы 15 шілдедегі электронды аукционның қорытындысы және 26 шілдедегі сатып алу-сату келі­сімшарты бойынша бұл жердің қазіргі мен­шік иесі менмін. Биылғы 26 шілдеде мү­лікке қойылған бұрынғы бұғаттауды жою туралы қаулы да шықты. Сондықтан банктің іс-әрекеттерін, соның ішінде жер теліміне қойған тыйымын жоюдан бас тар­туын құқыққа қайшы деп санай­мын», – дейді кәсіпкер.
Алматыдағы оқиғадан кейін билікке ұсыныс жолдаған сарапшылар мен қоғам белсенділері тұйықтан, тығырықтан шығу үшін бірнеше бастаманы жүзеге асыру қажет екеніне назар аудартты. Біріншіден, бұғатталған мүлікті өткізу қағидаларына шұғыл өзгеріс енгізіп, банктермен, ЖСО-лармен сыбайлас, аффилирленген тұл­ғалардың электронды аукциондарға қаты­суына тыйым салу керек. Сонда банктердің кепілге қойылған мүліктерді ымыралас тұлғаларға төмендетілген бағамен сатуына тосқауыл қойылады. Екіншіден, қазір кепіл мүлікті оның бағалау құнының тең жартысына дейін арзандатып, сатып жіберуге жол беріледі. Сондықтан мүліктің төменгі шегін бел­гілеп, сауда кезінде оны нарықтық құны­ның 70%-ынан төмендетуге тыйым салған жөн. Үшіншіден, сарапшылар жалғыз ғана баспанасын кепілге қоятын адамдарға банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие беруіне шектеу енгізген жөн дейді. Қалай болғанда да, Алматыдағыдай оқиға қайталанбас үшін биліктің сабақ алып, тиісті қорытынды шығарғаны, лайықты шаралар қабылдағаны абзал.

Елдос СЕНБАЙ