Мемлекет биылдан қалдырмай жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды қабылдауға ниетті. Осы күні елімізде 1,3 миллион адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған екен. Бірақ заң қабылданамын дегенше көп талқылаудан көз ашпайтын секілді. Себебі тараптардың таласына түскен тұстар бар. Заң аясында азамат өз несиесінен түгелдей құтылады, алайда соған сай бірқатар мүмкіндігі шектелмек. Сонымен, банк пен борышкердің хақында нендей түйткілдер бар? Ілкі бастаманың ілгерілеуі Банкроттық туралы заңның қабылдануын елімізде 2015 жылдан бастап белсенді азаматтар сұрай бастаған еді. Өйткені сол кезеңнен бастап Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі өсіп бара жатқаны алаңдатқан. Банктерге борышын өтей алмағандардың көбеюінен әлеуметтік мәселелер ушығып, қоғамда ажырасу, өз-өзіне қол жұмсау секілді келеңсіз жағдайлар тіркелген-ді. Ойлаңыз, 2019 жылы қазақстандықтардың банктерге қарызы 4 трлн теңге көлемінде болды. Биыл 6,6 трлн шегінде. Айналдырған 3 жылға толмайтын уақыттың ішінде қарыз көлемі 61 пайызға ұлғайған. Ал сарапшылар несие алатын азаматтардың көбеюін тікелей қымбатшылықпен байланыстырады. Мәселен, биыл қазақстандықтар табысының 50-55 пайыздан астамын азық-түлік сатып алуға жұмсалатыны анықталды. Демек, тапқан қаржысының жартысы «қарынның қамына» кетеді. Сарапшылар бұл қымбатшылық жайлаған кедей мемлекеттерге тән құбылыс екенін жиі айтады. Демек, халықтың несие алуға деген сұранысының артуының бір себебі – осы қымбатшылық. Сондықтан Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қабылдауға қажеттілік туды. Яғни, әлдебір себептерге байланысты қарызды төлеу мүмкіндігі болмаса, заң жүзінде борыш жойылады. Әйтсе де, аталған заңның қабылдануына қарсылық та бар. Ең алдымен, оған қаржы институттары, банктер қарсы болатыны даусыз. Себебі бұл олардың бизнес-моделіне едәуір әсер етеді. Бөлшек саудадағы үлесі, яғни тұтынушылық несие портфелінің қысқаруына әкеледі. Екіншіден, халықтың тұтынушылық несиесін жойғанымен, жартылай қайтарылған несиелер үшін банктер салық төлеуі (пайда тапқаны үшін) мүмкін. Сондықтан қаржы институттары үшін мұндай займдарды проблемалы несиелер ретінде қайтаруға тырысқан тиімді. Сайып келгенде, банкроттық кез келген жағдайда банк үшін жағымсыз рәсім. Негізі, Қазақстанда банкроттық туралы заң жоқ емес, бар. Бірақ ол заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Ал экономикалық қатынастардың басқа қатысушылары, сіз бен біз секілді жеке тұлғаларға аталған заң қарастырылмаған. Яғни, азаматтарды күтпеген жерден туындаған қолайсыз жағдайлардан құқықтық қорғау жоқ. Мәселен, ипотекалық қарыз алушылар төлей алмаса, жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін. Жалпы, бірқатар дамыған елдерде бұл мәселелер өркениетті түрде шешіледі. Тіпті, көршіміз Ресейдің өзінде жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жұмыс істеп тұр. Мәселен, Ресейде осы заңның енгізілуінен бастап жыл сайын 15-25 мың азаматтың борышы жойылады. АҚШ-та банкроттық туралы істерді мамандандырылған соттар қарайды. Азаматтың немесе компанияның жеке жағдайына байланысты банкроттық рәсімдерінің әртүрлі түрлері бар. Мәселен, білім алуға арналған несиелер, балаларды дамытуға арналған қаражат, алимент, сот шешімімен төленетін айыппұлдар, жарақат алып қалуға байланысты міндеттемелер, ипотека бойынша төлемдер кешіруге жатқанымен, алаяқтық секілді жолмен алынған қарыз мемлекет есебінен кешірілмейді. Осылайша, АҚШ заңы азаматтарды сауықтыруға, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, «жаңа өмір» бастауға мүмкіндік береді. Ал Швецияда банкроттық туралы заңға қосымша ретінде «Қарыздан құтылу туралы» заң қабылданған. Ұлыбритания мен Францияда қарыз мерзімі 120 күннен асатын міндетті банкроттық институт бар. Жапонияда қарызды мүлік сату арқылы өтеу, «жою» процедурасы деп аталады. Бірақ өзін банкрот деп жариялаған азаматтар компанияларды басқару құқығынан айырылады. Сонымен, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды енгізетін болдық. Дегенмен оған қарсы уәж айтатындар заң қабылданса «жалған банкроттық» туралы өтініштер мен құжаттар қаптап кетуі мүмкін деп күмәнданады. Ол пікірдің де жаны бар. Мысалы, осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көптеген ауқатты отбасы табысын жасырғаны әшкереленгенін білеміз. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерделеп, жеке тұлғаларға банкроттық рәсімдерін қолдануға нақты талаптар қоюы қажет. Сонда біздің отандастарымыз шешілмейтін қаржылық қиындықтарды өркениетті түрде шеше алады. Банктер де оңды-солды қарыз таратуды азайтар еді. Талқыға түсер тармақ көп Ұлттық банктің хабарлауы бойынша, қазір қазақстандықтардың банктерге қарызы 6,6 трлн теңгеге жеткенін айттық. 2021 жылмен салыстырғанда, банк алдындағы берешек 33,3 пайызға өскен. Бұл ретте жеке тұлғалардың 1-30 күн аралығындағы өтелмеген берешегі 84 пайызға өсіп, 333,1 млрд теңгені құраған. Ал 90 күннен асқан берешек көлемі 12 пайызға ұлғайып, 417,7 млрд теңгеге жетіпті. [caption id="attachment_218083" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Таяуда Мемлекеттік кірістер комитеті елімізде банкроттықтың үш түрлі процедурасын енгізу қарастырылып жатқанын хабарлады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Мұнда азаматтың банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлар алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспауы керек. Екіншісі – сот банкроттығы. Бұл тәсілді қарызы 4,9 млн теңгеден асатын азаматтар пайдаланады. Үшіншісі – клиенттің төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасы. Сот арқылы қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеу енгізіледі. Бәрі тап-тұйнақтай көрінгенімен талқыға салар мәселелер жетерлік. Соңғы рет Мәжіліс депутаттары мен Қаржы министрлігінің қатысуымен осы заң жобасы талқылағанда бір мәселе бойынша келіспеушілік болған. Тараптар банкроттыққа ұшыраған азаматтардың әлеуметтік кепілдігі туралы ортақ пікірге келе алмапты. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, тиісті заң жобасы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып дайындалып жатыр екен.
«Заң жобасының әзірлену себебі – халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпашылығы және азаматтардың едәуір бөлігі өздерінің қаржылық жағдайларының нашарлауына бетпе-бет келуі. Бүгінде 1 300 000 адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған. Заң шеңберінде соттан тыс банкроттық процедураға 1600 АЕК дейін қарыз болған азаматтар қатыса алады. Бұл 4 миллион 900 мың теңгені құрайды. Бұған банктер мен микроқаржылық ұйымдар, коллекторлық агенттіктер алдындағы алдындағы қарызы бар азаматтар жатады. Екіншіден, ресми табысы жоқ болса немесе кірісі борышкерлердің өзіне және асырауындағы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі (36 018 тг) мөлшерінен аспайтын борышкерлер қатыса алады. Бұл ретте борышкерлерде мүлік болмауы керек», – деген Біржанов.Сарапшылар жиі талқылап жүрген тармақ – борышкердің жалғыз баспанасына қатысты жағдай. Яғни, клиенттің жалғыз баспанасы болса, ол банкроттыққа ұшырағаннан кейін үйінен айырыла ма, банкроттыққа ұшыраған азаматтар ары қарай несие алуы мүмкін бе? Вице-министрдің сөзінше, егер борышкердің тұрғын үйі банктен ипотекаға алынған болса, өндіріп алуға жатады. Сонымен қатар банкроттыққа ұшыраған адамға кредит алуға 5 жылға дейін шектеу қою заңнама жобасында бар. Бірақ 2006 жылы Қазақстан халықаралық пактты ратификациялаған. Ол бойынша егер азаматтың жалғыз баспанасы болса, онда үйді тартып алуға тыйым салынған. Тартып алған жағдайдың өзінде азаматқа әлеуметтік балама тұрғын үй ұсынылуы тиіс. Міне, мәселенің күрделі тұсы – осы. Ал Мәжіліс депутаты Дания Еспаева заң жобасында бірнеше даулы тармақ бар екенін айтады.
«Ең бірінші мәселе – ол әлеуметтік қорғау. Заң жобасында борышкердің баспанасы кепілде тұрса, өндіріп алуға жататыны айтылған. Біз борышкердің мүлкі кепілде тұрғанымен, оны санитарлық нормаға сай талаптар бойынша баспанамен қаптамасыз ету керегін ұсынып отырмыз. Одан бөлек, сотқа дейінгі борышкерлікті тануға банктер алдындағы қарызын 12 ай көлемінде өтемеген азаматтар жатады. Біз бұл мерзімді 6 айға дейін қысқартуды ұсынамыз. Борышкер 6 айда шағын несиесін өтей алмаса, қалған 6 айда да оны өтейтініне күмән бар», – дейді депутат.Шамасы, заң жобасы алдағы уақытта тағы талай талқылауға түсетін іспетті. Өйткені даулы дүниелердің тиегі ағытылмай кететін болса, келешекте басқа емес, борышкерлер әуре-сарсаңға түседі. Осы түйткілдер шешілмейінше, заң жобасын қабылдауға асықпаған абзал. Бірақ борышкерлердің жайы да кезек күттірмей тұрғаны алаңдатады.