Биыл қыркүйекте көп телеарналардың жаңа маусымы басталғаны белгілі. Әдеттегідей барлық дерлік телеарнада сериалдар бар. Заманауиы да, тарихиы да, отандығы да, шетелдігі де бар. Дегенмен біздің назарымызға еліміздің екі ірі мегаполисінің атын иеленген арналардың таңдауы ілікті. Біріншісі – Astana телеарнасының Түркияның ATV арнасынан берілген «Дастан» телесериалы. Екіншісі – «Алматы» телеарнасы көрсетіп жатқан «Ұлы селжүктер» сериалы.
Әрине, қос сериалдың өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Astana арнасы көрсетіп жатқан «Дастан» сериалы сценаристердің қиялынан туған, ешбір тарихи оқиғаға қатысы жоқ туынды. Бірақ түркі халықтарының исламды қабылдауынан бұрынғы кезеңін сипаттауға тырысатын өнім. Шамасы, береке-бірліктен айырылған жұрттың ел болмайтынын көрсетуге тырысқан сыңайлы. Ал «Ұлы селжүктер» сериалы түбі бір түркі жұртының бір қанаты саналатын тайпалардың 1000 жылға жуық уақыт бұрынғы өміріне үңіледі. Соның ішінде нақты тарихи тұлғаларды экранда жандандыруға тырысыпты. Мәлікшах, Санжар, Мұхаммед Тапар, Низам-ул Мүлік, Хасан ас-Сабах тәрізді тұлғалар көрсетіледі. Сонысымен де ерекше. Әрі оғыз-селжүк жұрты қазақ танымына да алыс емес екені белгілі. Сол себепті бір этнограф, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевпен тілдесіп, оғыз-қыпшақ дәуірі жайлы бірер сұрақ қойған едік.
– Жамбыл Омарұлы, оғыз-селжүк кезеңін зерттеген тарихшылар бар ма?
– Оғыз-селжүк кезеңіне қатысты бізде концептуалды ғылыми зерттеулер жоқ. Қазақ тарих ғылымының қандай деңгейде екенін өзіңіз де білесіз ғой. Оғыздарға қатысты бізде бірде бір монография шыққан жоқ. Сержан Ақынжановтың қыпшақтарға байланысты «Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар» атты монографиясы орыс тілінде жарық көрді. Ал іс жүзінде қыпшақтарға дейінгі кезеңде оғыздар Ұлы даланың негізгі халқы болған. Махмұд Қашқаридің еңбегінде олар жайлы көп айтылады. Оның еңбегінде «Ұлы даланың иесі оғыздар» деп ашық айтылады. Оғыз тілін де айтады. Ол заманда Ұлы даланы «Мафазат-ал гуз» немесе «Оғыз даласы» деп атаған. Бірақ оғыз дәуірінің соңына, Х ғасырға қарай қыпшақ тайпалары күшейді. Қыпшақтар Сібірдің орманды дала аймағынан оңтүстікке қарай жылжи бастады. Бұл өзі қызық құбылыс. Сол кезде шығысқа қарай оғыз-ұйғырларды ығыстырып моңғол тайпалары орманды өлкеден далалық алқапқа кіре бастады. Қыпшақтар батыс алқапта көп болды. Қазір Барабы даласы деп аталатын, Обь пен Ертіс өзендерінің арасындағы аймақ еді. Бараб деген сөз «орманды дала» деген мағынаны білдіреді. Қыпшақтар сол өңірден келді. Қазақ арасында тараған Оғыз қағанның әңгімелерінде қыпшақты «ағаштық кеуегіннен табылған бала» деп сипаттайды ғой. Сонда айтылғандай, қыпшақ тайпалары орманнан шықты. Ал оған дейінгі даланың тарихы оғыздармен байланысты. Біздің «сақтар» деп жүргеніміз де оғыздар. Қазіргі саха-якут оғыз тілінің бір диалектісі. Көне диалектісі. Оларда да арийлік тілдерден енген сөздер бар. Шамамен, 15 пайыздай. Бізде 25 пайыз. Сахалар оғыздық негізін сақтап қалған халық.
– Сақтар дәуірін сөз етсек тым тереңдеп кетпейміз бе?
– Жалпы, мен өзім оғыз дәуірін үш кезеңге бөліп қарастырамын. Оны оқулықтарымда да жаздым. Сонымен, әлгі кезеңдерге тоқталсақ, біріншісі – прото оғыздық кезең. Бұл кезең қола дәуірінен бастап, сақтар заманына дейінгі уақытты қамтиды. Өйткені бұл Әбілғазы баһардүрді, өзге де шежірешілерді қарасаңыз, олардың барлығы Оғыз қаған, Қарахан кезеңі дегенді сол қола дәуірімен байланыстырады. «Біздің пайғамбарымызға дейінгі 3400 жылдар» дейді. Ол дегеніңіз, қола дәуірінің алғашқы кезеңі болып саналады.
Екінші кезең – ортағасырлық дәуір. Сіз сөз етіп отырған оғыз-селжүк заманы сол кез. Селжүк деген адамның аты. Оғыздардың қынық деген тайпасының көсемі. Негізі кейінгі Осман әулеті де оғыздардан тарайды. Селжүк мемлекеті Х ғасырда пайда болды. Әуелгі кезде олар Қарахан әулеттерімен тығыз байланыста болған. Тіпті, бейбіт қарым-қатынаста еді. Жалпы, оғыз бен Қарахан мемлекетінің өзара байланысты қызық дүние. Бастапқыда олар Қарахан билігін мойындады, оның әскери күші ретінде де қызмет істеді. Тіпті, Санжар сұлтан кезіне дейін жақсы қарым-қатынаста болды.
– Санжар сұлтан «Ұлы селжүктердің» соңғы билеушілерінің бірі ғой...
– Санжар сұлтан билеген оғыздар бергі түркімен, Хорезм жерінде қалғандары. Негізі, Селжүктің немерелері Тоғрыл мен Шағырай тұсында оғыздар батысқа қарай кетті. Ал Санжар сұлтанның күмбезі Түркіменстанда. Үргеніш жақта. Өмірінің соңында Санжар сұлтан түркімен жеріндегі оғыз тайпаларының біріне тұтқынға түскені жайлы да дерек бар. Кейін қашып құтылыпты. Мен Санжардың күмбезіне бірнеше рет барғым келді. Бірақ Түркіменстан жабық ел ғой, кіре алмадым. Санжардың күмбезі де Алаша хан кесенесіне ұқсайды. Екеуінің де ішінде, іргесінде саты бар. Бұлар – ерекше ескерткіштер.
Батысқа кеткен оғыздарды Сүлеймен шах бастаған. Ол Евфрат өзенінен өтіп бара жатқанда, суға кетіп қайтыс болыпты деседі. Ескі әңгімелердің барлығында солай. Сол Сүлеймен шахтан Ертұғрыл туады. Османның әкесі. Ал Осман ұрпақтары кейін үлкен империя құрды. Батысқа кеткен оғыздардың бірқатары кейін қайтып, Сырдың бойына келген деп айтылады. Нақты білмеймін.
– Қазақ фольклорында сол кезең жайлы айтылатын қандай әңгімелер бар?
– Қазақ фольклоры десеңіз, Оғыз қаған туралы қазақ аңыздарын оқу керек. Мұның толық нұсқасы Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім еңбектерінде бар. Бұлар Әбілғазы баһадүрдің еңбектеріне сүйенеді. Бірақ екеуі де, Мәшһүр мен Шәкәрім де қазақ арасында сақталған Оғыз заманы туралы қызықты деректерді қосып жібереді. Айталық, Мәшһүрдің қосқан деректерін Әбілғазыдан таба аламйсыз. Мәселен, Әбілғазы Оғыздың алтын үй жасатқанын айтады, бірақ оған дейін қандай үйде болғанын айтпайды. Ал Мәшһүр болса, алтын киіз үйден бұрын Оғыз лашық үйде тұрғанын жазады. Керегесі жоқ үй деп сипаттайды. Сөйтіп, «алғашқы киіз үйді жасаған оғыз еді» деген аңыз айтады. Өз басым оғыз кезеңіне қатысты қазақ арасында тараған фольклорды, аңыз-әпсаналарды жинап, бір кітап даярлап қойдым. Түрік тілінде. Бірақ әлі шыққан жоқ.
– Туыс тайпалардың байланысы қаншалықты болды?
– Жалпы, оғыз тайпаларында мемлекетшілдік идея өте күшті болды. Сол идеялар бізге де жетті. Айталық, Қарахан империясы да Оғыздың әкесі Қарахан заманын негізге алған идеологияға сүйеніп, сол құндылықтар негізінде пайда болған мемлекет. Әрі оғыз тайпалары түрлі мемлекет құрды. Біз айтып отырған селжүктер, олардың Ирак, Кіші Азиядағы мемлекеттері, Кавказдағы бектіктер, кейінгі Осман империясы оғыз тайпаларының мемлекетшілдік идеясының нәтижесі. Бұл идеология бізге де жетті. Әрі туыс тайпалардың өзара байланысының болғанын әлгінде айтып берген түрлі әпсаналардан да көреміз ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!