Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық бірыңғай тестілеу ережесіне енгізілген өзгерістер жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісінде баяндады.
Министрдің айтуынша, бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ұялы телефон, шпаргалка сынды тағы басқа заттарды пайдалану фактілері бар. ҰБТ-ға кірерде барлығы тексеріліп, тыйым салынған заттарды алып қоятыны белгілі. Бірақ ешқандай шара қолданылмайтын. Осыған байланысты биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған ережеге өзгеріс енгізілді.
«Енді, былай болады. Егер сені металл іздегіштен өткізгенде ұялы телефон анықталса, ұлттық бірыңғай тестілеуге мүлдем кіргізбейді. Себебі алдағың келді, тәртіп бұзатыныңды біле тұра, алып келдің. Осының өзі емтиханға кіргізбеуге себеп бола алады», - деді Аймағамбетов
Бұл тәртіп биылғы ақылы тестілеуден бастап енгізіліп отыр. Нәтижесінде тыйым салынған заттарды алып келу көрсеткіші азайған. Бұған дейін ондай заттар тестке келген түлектердің 60%-да анықталса, биыл осы көрсеткіш бірден 5%-ға төмендеген.