Астана – Жезқазған бағытындағы №65/66 алғашқы жолаушылар пойызы Ұлытау облысына келді. Тальго вагондарынан тұратын құрам Астанадан жұп күндері, Жезқазғаннан тақ күндері қатынайтын болады. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы хабарлады.
Бұған дейін, осы жылдың 5 қыркүйегінде "Алматы-2 – Жезқазған" қатынасындағы №73/74 пойызы іске қосылған болатын.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжановтың айтуынша, аталған пойыздарды іске қосу Қазақстанның мегаполистерімен жаңа өңірдің көліктік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Елордадан келген жаңа пойыз барлық заманауи талаптарға сай және қажетті жабдықтармен, соның ішінде ауа баптау жүйесімен және биоәжетханамен жабдықталған. Жол жүру кезінде жолаушыларға фильмдер көріп, музыка тыңдау үшін "Vputi.kz" мультимедиялық порталға кіру мүмкіндігі беріледі. Гранд класты вагондардың жолаушылары душ кабиналарын қолдана алады.