Ауыл тұрғыны полицияға бағынбағаны үшін қамауға алынды
Ауыл тұрғыны полицияға бағынбағаны үшін қамауға алынды
Фото: polisia.kz
171
оқылды
Ақмола облысында ауыл тұрғыны полицияға бағынбағаны үшін қамауға алынды,-деп хабарлайды Polisia.kz. Оқиға Жақсы ауданының Жақсы ауылында болды. Жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру кезінде “Екатеринбург – Алматы” автожолының 917 шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері “Chevrolet Aveo” маркалы автокөлігін тоқтатып, жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша әкімшілік хаттама жасалғаннан кейін жүргізуші полиция қызметкерінен өз автокөлігімен қашып кетпекші болды. Тәртіп бұзушыны тоқтату үшін полиция қызметкері капотқа секірген, алайда жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысты жалғастырған. Қабылданған шаралармен ауыл тұрғыны ұсталды, полиция бөліміне жеткізілді. Полиция қызметкерінің талаптарына бағынбау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адамға қатысты “қамауға алу” бұлтартпау шарасы қолданылды. Ақмола тәртіп сақшылары азаматтарға ескертеді: қызметтік міндеттерін атқару кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін Қылмыстық Кодекстің 379, 380-бабында көзделген жауапкершілік қарастырылған.