Бұдан бөлек, сотта прокурор Мұзаффар Мүтәліпов айыптау анықтамасында тағы бірнеше дәлелдеме оқып берді. «Айымбетов Бұхарбаевқа Нұр-Сұлтанға 50 мың теңгеге, Шымкентке 21 мың теңгеге билет сатып алған. 2019 жылдың желтоқсан айында ол 80 мың теңгеге сағат, 320 мың теңгеге iPhone телефонын сатып алған. 2020 жылдың сәуір айында үйге әрқайсысы 31 мың теңгеден екі шырша, 159 мың теңгеге әртүрлі заттар сатып алған. 2020 жылдың мамыр айында 193 мың теңгеге иіс су алып берсе, маусым айында 242 мың теңгенің киімін төлеген. Қазан айында 1 миллион теңгеден асатын жиһаздың қаржысын төлеген», – деп атап өтті прокурор.
Полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаев сот үкімімен ҚР ҚК-нің 362-бабы «Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қауіпсіздігі орташа мекемеге қамалды. Сонымен қатар жергілікті полиция басқармасының бұрынғы басшысы өмір бойына мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және тараптар оған шағымдануға құқылы.
Құқық қорғау органдарындағы мұндай жүйесіздіктер тәрбие жұмысының ақсап жатқанын айғақтап-ақ тұр. Ал жұрттың полицей десе, жиырылып қалатыны осындайлардың кесірінен болса керек. Қарап отырсаңыз, мұндай тойымсыз полицейден ұлт намысын ойлайтын бұзақы абыройлы болып тұрған сияқты...