«Жылу бағасының тарифі қайта-қайта қымбаттап жатыр. Ал қыста үйлерде дұрыс жылу да болмайды. Былтыр қыс бойы қала халқының көпшілігі дірдектеп шықтық. Қыс бойы әр үйден жинаған қаражатқа барлық жөндеуді жүргізіп, ЖЭС-ын да баяғыда салып алатындай уақыт болып еді ғой. Бірақ ұрлап жатқан қоғамда ол мүмкін де емес сияқты», – деді қала тұрғыны Жанна Камалиден.Тұрғындарды толғандырған жайт әлеу- меттік желілерде де бірнеше мәрте жұрттың талқысына түскен. Жақында мәселе «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнында өткен брифингте қайта көтерілген. Коммуналдық кәсіпорын басшылығының мәліметінше, бүгінде жылу қазандықтары қаладағы 4 942 нысанды жылумен қамтамасыз етіп тұр. Оған 1 025 көпқабатты және 2 673 жеке тұрғын үй, 116 білім беру, 46 денсаулық сақтау, 120 мәдениет орны мен мемлекеттік мекемелер және 962 өнеркәсіп орны мен басқа да ұйымдар кіреді. Қаланың көп тұрғын үйлерінің салқындап кеткенін кәсіпорын басшысы жылу қазандығымен қатар тұрғындардың өздерінің кінәсінен туындағанын мәлімдеді.
«Былтыр қалада тұрғын үйлердің көпшілігі қатты салқындап кеткені рас. Біздің қазандықтардағы агрегаттар барлық жылу маусымында жұмыс істегендіктен қажетті гигаколориямен қамтамасыз ете алмай қалды. Бірақ биыл біз біраз бөлшектерін ауыстырдық. Дегенмен барлығын бір жылу маусымында ауыстырып шығу мүмкін емес. Жылу маусымы 7 айға созылғандықтан жөндеу жұмыстарына бар-жоғы 3-4 ай ғана қалады. Келесі жылы тағы да көптеген жөндеу жұмысы жоспарланған», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Руслан Мәкішев.Тұрғындардың өздері де кінәлі... Бас директордың айтуынша, тұрғын үйлерде температураның төмендеуіне тұрғындардың өздері мен көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің де кінәсі бар. Өйткені көптеген пәтер иелері тиісті жауапты органдардың еш келісімінсіз ішкі жылу жүйелерін өзгертіп, едендеріне жылу қосып, жылу тікқұбырының диаметрін тарылтып, жөндеу жұмыстарында металлопластикалық материалдар қолданып, жылудың дұрыс таралуына елеулі кедергісін келтірген. Мұнымен қоса, тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативтерінде білікті мамандардың болмауы да жылу маусымына тұрғын үйлердің дайындықсыз қалуына әкеліп соққан.
«Биыл «Көкшетау Жылу» қазандық жабдықтарына 2 миллиард 508 миллион теңгеге жөндеу жүргізді. Атап айтқанда, РК-1 жылу қазандығының агрегаттарына, желілік құбырлар мен сорғылардың ілмекті арматураларына, мазут шаруашылығына, химиялық тазарту қондырғысына ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді. Ал РК-2 жылу қазандығында мердігер ұйымдар үш көміртозаңды қазандық агрегатына жөндеу жүргізіліп жатыр», – деп толықтырды Руслан Мәкішев.Ондаған үй жылу маусымына әзірленбеген... Коммуналдық кәсіпорын басшысы жөндеу жүргізілді деп ауыз толтырғанымен, қаладағы көп үй әлі де болса жылу маусымына әзір болмай шықты. Деректерге сенсек, Көкшетаудағы 936 тұрғын үйдің тек 874-і ғана қысқа әзір. Сондай-ақ иесіз 161 үйдің 61-і, Станционный кентіндегі 19 үйдің біреуі басқару органының болмауы себепті қытымыр қысты жылусыз қарсы алу қаупі төнген. Кәсіпорын басшылығы тұрғын үй инспекциясы мамандарымен бірлесіп, бұл үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бірақ бірқатар мәселелер барын жеткізді.
«Жыл сайын жылу маусымы аяқталғаннан кейін біз баршасына арнайы нұсқаулар береміз. Әсіресе, басқару органдары жоқ үйлерде түсіндіреміз. Қазір тұрғын үй инс- пекциясымен бірге осы нысандардың әзірлігін пысықтаудамыз. Әрине, олардың көбі күрделі мәселе туындатады. Біз жиын өткізіп хабарландыру жасаймыз. Көпшіліктің арасында ештеңеге көнбейтін нысандар да бар. Олар жылуға ең соңғы кезекте бірақ қосылады», – дейді Руслан Мәкішев.Коммуналдық кәсіпорын жылу тарифінің бағасын көтеруге ниетті екенін де жеткізді. Бағаны көтеруге көмірдің қымбаттауы себеп болыпты-мыс.
«Бүгінгі таңда біздің кәсіпорын орташа жылу беру тарифін 15 пайызға көтеруге өтінім берді. Өтінім қазір Ақмола облысының табиғи монополияларды реттеу департаментінің қарауында жатыр. Тарифті көтеру қажеттілігі кәсіпорын қазандықтарындағы негізгі энергия ресурсы – көмірдің шамадан тыс қымбаттап кетуімен байланысты болып отыр», – деді «Көкшетау Жылу» бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Асқар Нұрмағанбетов.Осыған дейін Көкшетауға арнайы сапармен келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов Көкшетаудағы жылу электр стансасының кешігу себептерін атап, қыр- күйекте аукцион өтетінін хабарлаған. Бірақ жергілікті тиісті басқарма басшылығы аталған аукцион әлі өткізілмегенін жеткізді. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, биыл энергия ресурстарына қосымша қомақты қаражат бөлініп орталықтандырылған жылуға қосымша жүздеген нысандар қосылған.
«Биыл жылу желілерін жаңғыртуға және энергия ресурстарын алуға 8,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қосымша 21 көпқабатты үйді, 581 жеке тұрғын үйді және 9 әлеуметтік саладағы нысандарды орталықтандырылған жылуға қосуға мүмкіндік берді. ЖЭС-ті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салуға техникалық-экономикалық негіздеме толығымен жасалған. Барлық құжаттар республикалық деңгейде Үкіметке тапсыруға шешім қабылданған. Бұл мәселемен қазір энергетика министрлігі айналысуда. Министрдің соңғы сапарында жол картасы жасалды. Аукцион өткізу мерзімі қыркү- йекке белгіленген. Әзірге күтіп отырмыз», – деді Данияр Қуанышбаев.P.S.
Сонымен, күрделі мәселенің әлі де болса түйіні тарқатылған жоқ. Жылуға жүздеген тұрғын үй биыл да қосылып алған. Ал қырық жамалған жылу қазандықтарының биылғы қыста қуаты жете ме деген сұрақ көптің көкейін мазалайды. Мәселе қалада ЖЭС салынбай шешілмейтіні айдан анық. Ал әлі аукционы өткізілмеген стансаның қашан қаланың пайдаланылуына берілетіні бір Аллаға аян...
Ақмола облысы