Димаштың Лас-Вегаста Әнұранды фонограммамен айтқаны рас па?
Димаштың Лас-Вегаста Әнұранды фонограммамен айтқаны рас па?
4,008
оқылды
Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің  Лас-Вегаста өткен үшінші жекпе-жегінен соң Димашты «Әнұранды жанды дауыста айтпады» деп сөгіп жатқандар көп. NEGE тілшісі отандық  ән сахнасында ұзақ жыл тәжірибесі бар аға буын әншілерге хабарласып, жеке пікірін сұраған еді. Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі: – Шынымды айтсам, өз басым сол күні қазада жүргендіктен, Димаштың ол орындауын көре алмадым. Бірақ соңынан «фонограммамен орындады» деген әңгімені естідім. Тіпті, солай болған күнде де, бұл – әнші емес деген сөз емес қой. Онсыз да әлемді тума талантымен мойындатып қойған бала. Димашымызды ұйықтап жатқан жерінен оятып алсаң да, Әнұранды нақышына келтіріп орындап беретіні белгілі. Оған ешкім шүбә келтіре алмайды. Дүбәра қазақтар қазақша сөйлеуге именіп жүргенде, Димаштың жер әлемді қазақша сөйлеуге тілін сындырып жатқаны – өз алдына үлкен еңбек. Бағдат Сәмединова, ҚР еңбек сіңірген әртісі: – Мен сол күні шетелде болдым. Сондықтан Димаштың орындауын телеарнадан емес, қалта телефон арқылы тыңдадым. Бірақ жанды дауыста орындағанына күмәнім жоқ. Негізі, ондай үлкен ареналар ән салуға арналмағандықтан, дыбыстың акустикасы нашар шығады. Сондықтан фонограммамен айтса да еш олқылығы жоқ деп ойлаймын. Себебі Димаштың таланты Әнұранды орындауға толығымен жетеді. Қайта жұдырықтай басымен сондай үлкен додаға шақырту алып, жерлесіне қолдау білдіргенінің өзі қаншалықты?! Өз басым ошақтың басында отырып алып, біткен іске қол қойып, одан қалса біреудің балағынан тарту мақсатында түрлі әңгіме айтатын жандарды суқаным сүймейді. Димашты сөккендер күйсей бермесін! Ақжол Мейірбеков, ҚР еңбек сіңірген әртісі: – Димаш Әнұранды жуан, яғни  баритон дауыста тамаша орындап шықты. Ал «фонограммамен айтты» дегенге мүлде келіспеймін. Жуырда елімізде жеке концертін бермекке күн-түн демей дайындалып жатыр. Соған қарамай, сонау Лас-Вегасқа Генаны қолдауға барғанының өзі оның отансүйгіштігін білдіреді.