Кеше түскі сағат 12 жарым шамасында Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданы, Бәйдібек би көшесі, Бозарық тұрғын алабындағы айналма жолда «Гелиос» ЖШС-на қарасты 23 тонналық бензин тасымалдайтын «Камаз» жүк көлігі аударылған.
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше жүргізуші рөлді басқара алмай, автокөлік бір бетіне аударылып, көліктегі АИ-95 маркалы бензин төгілген. Оқиға орнында өрт болмаған және ешкім де зардап шекпепті.
Оқиға орнына Шымкент қаласының Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 26 қызметкер, 4 техника, «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының 1 техникасы мен 3 қызметкері және полицейлер жұмылдырылған.
Төтеншеліктер өрт сөндірушілер төгілген мұнай өнімдеріне «Пурга-5» маркалы көбікті оқпанпен шабуыл жасағанын, қазіргі уақытта төгілген жанар-жағар майдың көлемін анықтап жатқанын айтады.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы