Алдағы 10 жылдың ішінде еліміз атом электр станcасын салмақ. Себебі Қазақстанда энергия тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұрынғыдай көмір жағып, энергия өндіру өткеннің ісіне айналды. 1,4 млн тонна уран қорына ие мемлекетіміз осы мәселені шешу үшін АЭС салуы тиіс. Дегенмен бұл істе түйіні тарқамаған жайттар да бар.Құрылысқа кімдер қатысады?
Таяуда «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобаның тізімін ұсынды. Олардың ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар. Бұл жайында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. «Негізгі жоба – еліміздің оңтүстігінде базалық қуат көзін салу жобасы. Болжамдық-энергетикалық теңгерім 2032 жылға қарай қуаты 2 400 мегаватқа дейінгі атом стансасын салу қажет екенін көрсетті. Сондықтан Үкіметтің жетекшілігімен қор осы жобаны іске асыруға кірісті», – деді ол.
Сәтқалиевтің айтуынша, аталған жоба халықаралық инвесторлар тобының көмегімен жүзеге асырылмақ екен. Олар «ең озық технологияларды» қолдану жағын қарастырмақ. «Самұрық-Қазына» басшысының сөзіне қарағанда, ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) компанияларының ұсыныстары қаралады. Әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері бар, халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі жеткілікті. Бірақ қор басшылығы аталған компаниялардың бәрін ысырып тастап, ресейлік «Росатомға» иек артуы мүмкін секілді. Неге? Екі жылдан бері Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтып келеді. Бұл ақпарат қоғамда ірі резонанс тудырғаны да есте. Содан соң DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі» тақырыбында сауалнама жүргізді. 1 100 адам қатысқан сауалнамада азаматтардың 55 пайызы қарсылық білдірген. Ал былтыр желтоқсанда «Самұрық-Қазына» «Росатоммен» келіссөз жүріп жатқанын растаған. Сондықтан секем алуымыз негізсіз емес.
Биыл маусымда Энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС Алматы облысындағы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында салынатынын айтқан болатын. Болжам бойынша, жоба құрылысына 5 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін болған. Дегенмен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстан атом электр стансалары» АЭС-тің екі реакторының құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанда әрқайсысының қуаты 1,4 мың МВт болатын 2 реакторлы АЭС салу керек. АЭС-ті пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырған.
«Росатомның» құрығы ұзарды
Сарапшылар «қауіпсіздігіне кепілдік жоқ» дейтін «Росатом» әлемнің біраз елінде ықпалды. Қазір энергия тұтынуының өсу жылдамдығы бойынша әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұрған Түркияның өзі мемлекеттердің энергетика сұранысын қамтамасыз етіп отырған мұнай, табиғи газ, көмір қорының қарқынды түрде азаюы энергия ресурстарын түрлендіруге себеп болып отырғанын мойындады. Енді Ресейдің «Росатом» компаниясы Түркияның Жерорта жағалауындағы Мерсин провинциясында 2018 жылдан бері АЭС салып жатыр. Екі ел арасындағы ортақ келісім 2010 жылы жасалған еді. Бүгінде 4 блоктан тұратын стансаның негізі қаланған алғашқы блогының құны – 20 миллиард доллар. Ресей президенті бұл жобаның барлық сала бойынша орыс-түрік қатынасын дамытып, достық пен өзара түсінісуді арттыратынын мәлімдеді. Түркия президенті АЭС-тің алғашқы блогы 2023 жылы іске қосылатынын жеткізді. Бұл ретте энергия көздерін сатып алушы ел саналатын Түркия өзінің ресурстары жеткіліксіз болғандықтан және энергетика нарығындағы баға ұдайы өсіп отыратындықтан, сыртқа тәуелді. Сондықтан да балама энергия ресурсына мойынсұнуға мәжбүр. Алайда қол қойылған келісімшарт хаттамасындағы «Жоба компаниясы электрмен қоса АЭС-тің меншік иесі болып саналады» деген сөздің өзі Ресейдің Түркия территориясында өндірген электр энергиясын өзі қалаған мекемеге немесе мемлекетке сату бойынша шешім қабылдаушы жалғыз ел екенін көрсетеді.
Түркияға енді шегінерге жол жоқ. Өйткені АЭС салу туралы шешімінен бас тартатынын хабарлаған Болгарияға Ресей 1 миллиард еуро көлеміндегі сот талабын жіберген болатын. Сондай-ақ 2012 жылы Владимир Путиннің Бішкекке сапары аясында Қамбар-ата ГЭС-1 мен Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС құрылысы туралы келісім жасалған. Ал 2015 жылдың соңына қарай Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев күрделі экономикалық жағдайда Ресей стансаның құрылысы бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайды деп мәлімдеп, 2019 жылы келісімнің күшін жойды. Сонда да Ресей бірден жобаның негізгі мердігері «Русгидро» екенін алға тартып, Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС нысаны құрылысының сметасына сәйкес, Қырғыз Республикасына 37 миллион долларды талап еткен есеп-қисапты жібере қойған еді.
Сондай-ақ Өзбекстанды жылына 55 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етіп отырған ең ірі Газли кен орнының сарқылып бара жатқаны айтылды. Сол себепті ол елге де Ресей тарапынан АЭС-тің газды ішкі тұтыну көлемін азайтып, оны экспортқа шығаруға және еркін айырбасталатын валюта қорын көбейтуге мүмкіндік беретіні ескертілді. Содан кейін өзбек билігі де АЭС салу туралы шешімді шұғыл қабылдады...
Қоғамды күдік жайлады
Бар мәселе энергия тапшылығынан басталып тұр. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмір электр стансаларының үлесінде. Кеңес Одағы кезінде салынған Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС сияқты ірі кешендер көмірмен жұмыс істейді. Олардан атмосфераны ластайтын заттардың көп бөлінеді. Ал Дүниежүзілік банктен бастап көптеген үлкен қаржы орталығы көмірмен жұмыс істейтін стансаларды қаржыландыруды тоқтатып жатыр. Оған қоса, салық пен айыппұл көлемі де артқан. Ал өзінің органикалық отыны жоқ Франция, Белгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндияда атом стансаларының электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп отырғаны рас. Бұл ретте сарапшылар көмірдің жаһандық қоры 270 жылға дейін, мұнай 50 жылға дейін, газ 70 жылға дейін жететінін болжаған. Ал АЭС-ке пайдаланылатын 5 718 400 тонна уран қоры 2 500 жылға дейін жететін көрінеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия десек, одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бізге бәрібір атом электр стансасын салуға тура келетін сияқты. Оның үстіне, Қазақстанда уран таблеткалары мен жылу бөлуші элементтер өндірісі жолға қойылғандықтан, өзіміз өндіріп жатқан отынды өз игілігімізге пайдалану қажеттігі де жиі айтылып жүр. Дегенмен қоғамымыздың қорқынышы басым. Владимир Школьник «Қазатомөнеркәсіпті» басқарып тұрған кезінде «Бірқатар елдер қалай болғанда да, атом энергетикасына мұқтаж екенін түсінді. Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай 16 атом реакторын тұрғызбақ. Франция да АЭС қызметін ұзартуды шешті. АҚШ соңғы 30 жылдан бері алғаш рет екі атом стансасының құрылысына рұқсат берді. Өкінішке қарай, біздің қоғам атом энергетикасын қабылдауға әлі дайын емес», – деген еді.
Сала бойынша сарапшы Қазбек Бейсебаев бұл тұста ескеруіміз керек көп дүние барын айтады. Ол: «Соңғы уақытта бізде сонша көп энергия тұтына қояды деген ешбір алып өндіріс іске қосылған жоқ. «Бәленің бәрі майнингтен келіп отыр», – дейді мамандар. Қазақстанда біреулер отырып алып, майнинг үшін электр қуатын аяусыз тұтынып жатыр. Қазақстанның электр жарығын аждаһадай жұтып жатқандардың мұны биліктің келісімінсіз жасап отырғанына да ешкім сенбейді. Көлеңкелі майнинг Қазақстанда өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Өзіміздің мол энергиямыз бола тұра, соған зар болып, оны да сырттан аламыз. Бізде цифрландыру жүріп жатыр, бұл жағдайда электр энергиясы аса маңызды стратегиялық ресурсқа айналады» деген пікірде.
Енді әр нәрсенің артықшылығымен қоса кемшілігі де болатынын ескерсек, АЭС салу үшін өте көп қаржы мен су керек болады. Станса маңында ураннан үлкен көлемдегі қалдықтар қалады. Оны сақтау үшін жер астында инфрақұрылым болуы қажет. АЭС-те төтенше жағдай өте аз кездеседі дегенмен, апат бола қалған жағдайда оның алдын алу мен радиацияны жою мүмкін емес... Қалай десек те, өнеркәсіп пен халықтың электр қуаты қажеттілігін қанағаттандыру үшін әлемде әзірге атом энергетикасына балама жоқ. Қорыта айтқанда, әзірге іске жауаптылар қай елдің компаниясын таңдағаны белгісіз. Мемлекет үшін ең бастысы қауіпсіздік жағы болғандықтан, мамандар егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіп барып жұмысқа кіріскенін қалайтынымыз сөзсіз.