159 мың теңге мотивация бола ма?
159 мың теңге мотивация бола ма?
315
оқылды
Биыл көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан, бала санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-74 400 теңге аралығында жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы бүгінде 370 мың отбасыға төленеді. Енді сегіз және одан көп баласы барларға жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни, сегіз балаға қазіргідей 74 мың емес, 85 мың, он бес балаға 159 мың теңгеден төленеді. «Көпбалалы аналармен, де­путаттармен талқылау барысында жәрдемақыны одан ары саралау қажет деген ортақ пікірге келдік. Таяу уақытта заңға түзетулер ен­гіземіз. Заң ақпан не наурызда қабылданса, осы жылдың қаңта­рынан бастап күшіне енеді. Ендігі уақытта 8 баласы барларға 74 мың емес шамамен 85 мың теңге, 9 ба­лаға 96 мың, 10 балаға 106 мың және 15 балаға 159 мың теңге бе­ріле­ді», – деді Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр Бір­жан Нұрымбетов министр­лік­тің кеңей­тілген алқа отырысында. Оның айтуынша, елімізде 15 баласы бар бір ғана отбасы бар. Бұл отбасы Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ал 8 және одан да көп баласы бар отбасы­лардың саны – 2 451 екен. Былтырдан бері әлеуметтің осал тобын әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған саясат тоқсан сайын же­тілдіріліп келеді. 15 балаға 159 мың теңге жәрдема­қы беру туралы бас­тама да өңір­лердегі аналардың ұсы­нысынан кейін қарастырылып жа­тыр. Ал 159 мың теңге аналарды қан­­ша­­лық­ты ынта­ландыратынын уақыт көрсетер. Аналар ұсынысы де­мек­ші, енді бала күтімі бойынша тө­ле­нетін жәр­демақы мерзімін 3 жыл­­ға дейін ұлғайту да қарас­тырылуда. «Біз бала күтімі бойынша жәр­демақы мәселесін көтеріп жатыр­мыз. Біз оны төлеу мерзімін 1,5 не­­месе 3 жылға дейін ұлғайту нұс­қасын қарастырудамыз. Та­бысы аз отба­сылардағы мектепке бармай­тын мүгедек балаларға кепілден­дірілген әлеуметтік топ­таманы үйі­­не жет­кі­зу мүмкіндігі қарасты­ры­­лады», – деді Біржан Нұрымбетов. Министр жаңа жылдан бастап тағайындалатын атаулы әлеумет­тік көмектің ерекшелігіне тоқтал­ды. Оның айтуынша, АӘК тоқсан са­йын тағайындалады, егер ең­бекке қабілетті әлеуметтік көмек алу­шы­лар ұсынылған жұмысқа орналасу­дан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасы үшін тоқта­тылады. Ал мүгедектерді жұмыспен қамту квотасын орындамаған ком­панияларға мемлекеттік сатып алу­ларға қатысуға шектеу енгізіл­мекші. Бүгінгі таңда елімізде ша­ма­мен 695 мың мүгедектігі бар адам тұрады. «Шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, биыл мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзге­рістер енгізу туралы бастама кө­тердік. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орын­дамайтын ірі және орта компания­лар үшін мемлекеттік сатып алу­ларға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады. Жапония мен Германия тәжірибесіне жүгініп, жұмыспен қамту квотасының орнына арнайы қорға өтемақы төлеуді енгізудің балама тетігін қарастырып жатырмыз», – деді ол. Айтқандай, «Еңбек» мемлекет­тік бағдарламасы аясында мик­рокредит және қайтарымсыз грант беру құралдары мүгедектігі бар адам­дардың бизнес бастамаларына бағытталады.   Тұмар МЫРЗА