Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхендегі жұмыс сапарының екінші күнін Кувейттің премьер-министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен кездесуден бастады. Бұл күні Қ.Тоқаев Ауғанстан президентімен, халықаралық ұйымдар мен әлемдік ірі компаниялар жетекшілерімен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында сенімді серіктеспіз. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Ислам ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі штаб-пәтері ашылды. Бұл да біздің өзара ықпалдастығымызға тың серпін береді, – деген Мемлекет басшысы 2019 жылғы қаңтарда «Жусан» гуманитарлық операциясын жүзеге асыру кезінде әскери-әуе базасын пайдалану мәселесін шешуге көмектескені үшін Кувейт үкіметіне ризашылық білдірді.
Кувейттің премьер-министрі Қазақстанмен байланыстарды нығайтудың перспективасына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының аясында Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен және Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесті. Бұл кездесуде Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ықпалдастықтың, соның ішінде коронавирустың таралуына қарсы іс-шаралардың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Халықаралық Қызыл крест комитеті арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Халықаралық Қызыл крест комитетінің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Петер Маурерге ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.
Қазақстан Президенті белгілі америкалық сарапшы, Eurasia Group зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен кездесу өткізіп, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ал Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Қазақстанның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі лауазымы бекітілетінін айтты.
Қ.Тоқаев Siemens AG компаниясының атқарушы директоры Джо Кэзермен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың перспективасын талқылады. Әңгіме барысында цифрландыру мәселелеріне баса мән берілді. Кездесуде Қазақстан Үкіметі мен Siemens AG компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның маңызды рөл атқаратыны айтылды. Бұл құжат сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға тың серпін береді. Аталған меморандумға 14 ақпанда қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы аясында қол қойылған-ды.
Мемлекет басшысы қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының панельдік сессиясында «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйледі. Америкалық дипломат, Халықаралық байланыстар жөніндегі кеңес президенті Ричард Натан Хаас модератор болған іс-шара қызу пікірталас форматында өтті. Мемлекет басшысы өңірдің алатын орны туралы айта келе, Орталық Азияның жаһандық геосаясаттағы рөлі арта түсетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы форумға қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саяси басымдығы және еліміздің Ресеймен, Қытаймен, Еуроодақпен, АҚШ-пен, сондай-ақ Ауғанстанмен өзара қарым-қатынастары туралы әңгімеледі.
Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі арнайы тақырып ретінде талқыланды. Мемлекет басшысы есірткі тасымалына қарсы күрес жөніндегі шараларға, Қазақстанның терроризмге қарсы іс-қимылдарға қосқан үлесіне, «Жусан», «Русафа» операцияларының қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға президенттігінің басымдықтары, еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Осы ретте Президент экономиканы әртараптандырудың, инновациялар мен цифрландыруды дамытудың аса маңызды екеніне назар аударды.
Сессия соңында Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.