– Президент ұсынған жаңа саяси реформалар еліміздегі саяси жүйенің жаңаруын бастап, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға негіз болады, сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» принципіне сай келеді.
Ел билеу оңай емес. Мемлекет басқарушы тұлғаның білімі мен қабілеті, тәлімі мен тәжірибесі, тәубесі мен тәуекелі, сабыры мен қанағаты, ары мен мінезі, мемлекетшіл ұстанымы, саясаткерлік деңгейі, дипломатиялық өрісі, бабалар аманаты мен халық сеніміне адалдығы сынға түседі. «Президент өкілеттілігінің бір реттік 7 жыл мерзімі» Ата Заңның 91-бабына тасқа таңба басқандай өзгермейтін етіп енгізілуі Мемлекет басшысының жаңа саяси реформасының бүгініміз бен ертеңіміз үшін маңызды екендігін аңғартады. Әртүрлі саяси амал-тәсілдер арқылы Президенттік құзырлы тақта ұзақ отырудың алдын кеседі, жоғарғы билік алаңында әділеттілікке жол ашады. Президентті 7 жылға бір мезгілге ғана сайлау механизмі Мемлекет басшысының жауапкершілігін арттыра түседі, реформасын толық әрі нәтижелі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, бір адамның мемлекеттік билікті меншіктеп алуына, Президенттің маңайында ықпалды топтардың пайда болуына жол бермейді. Саяси монополияның болмауына да негіз болады деп ойлаймын. Кешегі ескі билік жүйесінің ең басты қателігі – бір адамның билік тұтқасында тым ұзақ отырғандығы болатын. 30 жыл бойы бір ғана тұлғаның ықпалында болу ішкі саяси тұрақтылықтың бұзылуына, халықтың наразылығына алып келді. Мемлекет басшысының бүгінгі саяси реформасы осы қателіктерді қайтадан болдырмауға, демократиялық принциптің салтанат құруына, халық сенімін нығайтуға қызмет етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси реформасы мемлекеттің демократиялық даму жолын мақсат тұтады, әділетті билік ұстанымына бағытталған. Егер нәтижелі іске асыра алсақ, «Тоқаев реформасы» деген атпен ел тарихында құрметті орын алатын болады. Тілі шыққан, зейіні қалыптасқан жеті жасар бала зейнет жасына жеткенше жеті президенттің дәуірін көзбен көре алады. «Ата Заңға өзгеріс керек емес» деп жүрген азаматтарды осы тұрғыда терең ойлануға шақырамын. Әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп тұрған сындарлы кезең – мемлекет тағдыры тығырыққа тірелмес үшін бәрімізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да қаралауға емес бағалауға, бөлінуге емес бірігуге, жала жабуға емес, әділетті болуға ұмтылғанда ғана саяси мәдениеті қалыптасқан прогресивті қоғам, іргелі мемлекет қалыптастыра аламыз. Көзқарасымыз, саяси партияларымыз, ұстанымымыз, пікірлеріміз алуан түрлі болса да, мұратымыз бір болсын!