Тозығы жеткен үй жаңғырады
Тозығы жеткен үй жаңғырады
418
оқылды
Сыр өңірінде көпқабатты тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір облыс бойынша 1 222 көпқабатты тұрғын үй бар. Кешенді бағдарлама шеңберінде то­зығы жеткен үйлерді қалпына келтіру жұ­мыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының мәліметіне сәйкес, 2011 жылдың дерегімен жөндеуді қажет ететін 800 көпқа­батты тұрғын үй анықталған. Соған сәйкес 2011-2014 жылдары «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы ая­сында жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар 2015-2020 жылдар аралығында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағ­дар­ламасымен жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары істелсе, 2020-2022 жылдарға «Нұрлы жер – 2020-2025» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстары қол­ға алынып отыр. Осы жұмыстарға респуб­ли­калық бюджеттен 6,1 млрд теңге қаралған. Оған 193 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіліпті. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 129,8 млн теңгеге 25 көпқабатты тұрғын үй жөн­делсе, 533 млн теңге қайтарымсыз қаражат есебінен 17 үй күрделі жөндеуден өтіпті. Мемлекет қолдауымен үйлері жаңарған кейіпке енген тұрғындардың да ризашылық­тары шексіз.
«Есенов көшесі бойындағы үйімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап тұрғанына көп болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында үйімізге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде тозығы жеткен үйіміз қайта жаңғыртылып, жаңарған кейіпке енді. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған барша азаматтарға алғысым шексіз. Мемлекет қамқорлығының арқасында жайлы да жылы үйде тұрып жатырмыз», – деп ал­ғысын білдірді Есенов көшесі 20А үйдің тұр­ғыны Мақсатбек Нұрадинов.
Сол сияқты мемлекеттік бағдарламаның қамқорлығын сезінген тағы бір тұрғын – Нұрсұлу Қалмұратова да зор ризашылығын жеткізді.
«Ұзақ жылдар бойына жөндеу көрмей, жұпыны күйге түскен үйіміз биыл жаңарған кейіпке енді. Әктеу, сырлау жұмыстары талапқа сай жүргізілді. Қазір үйіміздің жөндеу жұмыс­тарының өте сапалы жүргізілгеніне қуаныш­ты­мыз. Үйіміздің сырт келбеті адам танымастай өзгерді. Қыс мезгілі жақындап келеді. Жөндеу жұ­мыстарын жылы мезгілде сапалы етіп жасап бергенімен ризашылығымыз шексіз. Енді қыс­тан қосылмай шығатын болдық. Бұл тұрғыда осындай игілікті іске мұрындық болған басшы­лық құрамға зор алғысымызды білдіреміз», – дейді аталған үй тұрғыны Нұрсұлу Қаныбек­қызы.
Жалпы, өңірде осындай жұмыстардың нә­тижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін кон­доминиум нысандарының үлесі 2011 жылғы межедегі 800 үйден 565 үйге азайған. Яғни, күр­делі жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұр­ғын үйлердің үлес салмағы 73 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеген. Ал биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сында республикалық бюджеттен облыстағы көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге 18 үйге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы