Такси қызметіндегі «тиран»
Такси қызметіндегі «тиран»
© коллаж: Әсел Балтақызы
701
оқылды
Елімізде халық такси қызметінің қымбаттағанын айтып жиі шағымданады. Әсіресе, саланың толығына жуығын уысында ұстап тұрған «Яндекс.Такси» компаниясына қатысты арыз көп. Таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы алпауытқа қатысты тексеріс жүргізіп жатқанын жариялады. Себебі сервис бағаны негізсіз өсіре берген. Бірақ шикілік мұнымен бітпейді. Баға саясатын басқаратын кім? Соңғы 10 жылда Қазақстанда такси бағасы орта есеппен 5 есеге өскенін осыған дейін де сарап­шылар айтып жүрген еді. Дегенмен «Яндекс.Такси» қымбатшылықтың көкесін көрсеткісі келгендей екен. Алматыда кептеліс кезінде қала­ның ішіндегі тасымалдар үшін ба­ғаны 2 500-3 500 теңге аралығында белгілеген. Осы үшін жауапкерші­лікке тартылар сыңайы бар. Со­нымен, такси қызметінде кем-кетік көп. Energyprom есебінше, 2022 жылы Қазақстан такси қыз­метінің бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Өйткені бәсе­келестік жоқ, ол жоқ жерде баға жоғары болады. Елдегі ең танымал жалғыз компания сол ғана, басқа таңдау көрмейсіз. Таяуда такси жүргізушілерін салық төлеуге міндеттеу туралы заң жобасы шықты. Енді олар жаппай салық төлеуге көшсе, қызметтің бағасын тіптен көтеріп жіберуі мүмкін. Жалпы, такси қызметінде негізгі табысты жүргізушілер емес, компания мен таксопарктер кө­ретін секілді. Мәселен, қазір үлкен қалаларда көлікті жалға алып (күніне 9-12 мың теңге аралығы) таксиші болып жүргендер бар. Қараңыз, күніне 9 мың теңгеге ав­токөлік жалдайды, жанармайы тағы бар, оның үстіне күндік табы­сының 20-22 пайызын «Яндекс» пен таксопарк алса, оларды жа­рытарлық күн көреді деп айта ал­маймыз. Зейнетақы, медсақ­тан­дыру төленбейді, ешқандай әлеу­меттік төлем жасалмайды. Сон­дықтан такси жүргізушілері елдегі орташа айлық көлемінде ақша табу үшін күніне 14-15 сағаттан жұмыс істейді. Содан қарсы тараптың пі­кіріне ұшыраймыз. Қазір такси ба­ғасын көтеруді сұрайтын жүргі­зушілер көбейіп кеткен. Мәселен, Дастан есімді «Яндекс» жүргізушісі осыны құптайды.
– Кептеліс уақытын айтпа­ғанда, көбіне «Яндекс» жолдың жырақтығына қарамастан 600-800 теңгелік тапсырыстарға жібереді. Оның 120-160 теңгесін комиссия етіп алады. Кеткен бензиніміз бар. Оларды есепке алғанда ештеңеге жарымайтынымызды түсінесіз. Әрине, халыққа да тиімді болғаны дұрыс. Бірақ мұншама арзан баға­ны қоюдың қажеті жоқ, – дейді ол.
Айтпақшы, таяуда біз осы мә­селеге байланысты Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі ерекше ұсыныс даярлауға ниеттеніп жатқанын жазған едік. Ведомствоның ұстанымы бойынша такси қызметіндегі жүргізушілерді салық төлеуге міндеттеп, салмақ салудың қажеті жоқ. Ойластырған дүние келесідей: Еңбек министрлігі «Яндекс.Такси», «Индрайвер» секілді алпауыт такси компа­ния­ларымен келіссөз жүргізуге кі­ріспек. Бұл компаниялар адам тасымалдайтын өзіне қарасты жүргізушілерден комиссия ала­тыны белгілі. Ал ведомство ком­панияларды комиссиядан түскен ақшасының 4 пайызын жүргі­зушілердің әлеуметтік төлемдеріне аударуды міндеттемекші екен. Әзірге мұның ұсыныс күйінде ғана екенін ұмытпаған жөн. Кәсіптің көзін тапқандар көбейді Былтырдан бері такси қыз­метіне қатысты түрлі «қызықтар» ашылуда. Осындайда «такси қыз­меті қомақты табыс әкелмейді» де­ген пікірді жоққа шығаратын жайт­тар кездеседі. Мысалы, был­тырдан бері кейінгі кезде өз ма­шинасы бар мемлекеттік қызмет­шілердің интернет-агрегаторлар мен автотасымал сервистерінде тіркеліп, сол арқылы жолаушылар тасып, қосымша пайда табуы жиі­леп кеткен екен. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, шенеуніктерге «педагогтiк, ғы­лыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға қатаң тыйым салынған. Сондықтан мемлекеттік қызмет істері ведом­ствосынан осы мәселеге қатысты түсініктеме сұраған кадр бөлім­дерінің өтініші қаптаған болатын. Басты сауал – «Мемлекеттік қыз­метшілердің «Яндекс.Такси» және «Индрайвер» мобильді қосым­шаларына тіркелу арқылы көлік қызметін ұсынуы кәсіпкерлік қызметке жата ма?». Бұған былтыр Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төра­йы­мы Анар Жайылғанова жол бер­ме­ген жөн деп жауап қатқан еді. Оның айтуынша, заңнама бойын­ша мемлекеттік қызметшілердің кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
«Автомобиль көлiгi туралы» заңның 1-бабының 25-2) тармақ­шасына сәйкес, таксимен тасы­малдаушы – бұл жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бо­йынша қызметтер көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлік кодекс­тің 2-бабының 1-тармағына сәй­кес, азаматтардың қызметтер көр­сету арқылы таза кіріс алуға ба­ғытталған дербес, бастамашыл қыз­меті де кәсіпкерлік саналады. Осының негізінде, көлік қызметін ұсыну қызметі кәсіпкерлік қыз­метке жатады деп пайымдаймыз», – деген еді агенттік төрайымы.
Осыған қарамастан мұндай бизнестің қарқыны әлі тоқтамай тұрғанын жиі естіп жатамыз. Қош, «Яндекске» қатысты сұрау салға­нымызда, компанияның баға сая­сатынан бөлек тұста да шикіліктері жететінін аңғардық. Жауапкершіліктен жалтаратын компания Қазіргі уақытта «Яндекс.Такси» қызметінде 150 мыңнан астам қа­зақстандық жұмыс істейді. Ком­панияға таксопарк иелері де ренжіп отыр. Кей таксопарктердің «Ян­декс» қосымшасына тіркеліп, агре­гаторлар ретінде жұмыс істейтінін білеміз. Олардың қол астында жүргізушілер болады. Таксопарк иелері ең басты мәселенің бірі – жүргізушілердің қауіпсіздігі екенін айтып отыр. Табыстан үлес алып отырғанына қарамастан «Яндекс» жауапкершіліктің барлығын соңғы орынға ысырып тастаған екен. Бұны бізге Алматыдағы «Автомода» таксопаркін басқарған Гүлбаршын Думан айтып берді.
– Біріншіден, бағаны «Ян­декстің» басшылығы белгілейді. Ал таксопарктерде мұндай мүмкіндік жоқ. Баға әсіресе жауынды күндері, кептеліс кезінде көтеріледі. Екін­шіден, қазір жүргізушілер табыс­тың 20-22 пайызын «Яндекс» ала­­ды деп ойлайды. Негізі ком­пания 15-17 пайызын, қалған 5 пайызын ғана таксопарк иеленеді. Үшін­ші­ден, ең басты айтқымыз келгені – «Яндекс» жүргізушілер арқылы табыс таба тұра, мойнына жауап­кершілік алмайтыны. Кесі­рі таксо­парктерге тиеді. Мыса­лы, былтыр Ұзынағашта адам тасымалдап жүр­ген жүргізушіні пышақтап кет­ті. Одан соң адам алып келе жат­қанда бір жүргі­зушімізді әскери қызметші жеке автокөлігімен соқты. Бірақ әскери қызметші эпи­лепсиямен ауырады делініп, жа­уапкершіліктен босап кетті. Ал жәбірленуші тарапқа 6 мың теңге ғана төленді. Оның бә­рінде ал­пауыт компания тыс қал­ды. Яғни, «Яндекс» жүргізу­ші­лердің мүддесін қорғамайды, – дейді ол.
Гүлбаршын Думан мұндай проблемалардың көптеп кез­десетінін, соның бәрінде «Яндекс­ке» хабарласа алмайтындарын айтады. Тек робот жауап қатып, әр нәрсені сұрағандай болады екен. Міне, алпауыттың қауіпсіздікке жауап бермейтінінің анық көрінісі. Жүргізушінің көлігі бұзылып, жолда қалғанда да эвакуатор ша­қыруды мойнына алмайды. Ай­на­лып келгенде, әбіргерге түсетін – жүргізушінің өзі. Жүргізушілер де жетісіп тұрған жоқ Жолаушы ретінде «Яндекс.Go» қосымшасы арқылы такси шақырт­саңыз, жүргізушінің аты-жөні, фо­тосуреті, рейтингі көрініп тұра­ды. Дегенмен жүргізушілердің кей­бірі өзі жайлы мәліметті дұрыс жеткізбейді екен. Гүлбаршын Ду­ман­ның айтуынша, такси жүргі­зушілері екі аптада бір рет фото­ба­қылаудан өтеді. Яғни, өзінің бет-бейнесін, автокөлік салонын, ша­нағы мен жүргізуші куәлігін, тех­пас­портын суретке түсіріп, бағ­дарламаға жүктеп, тіркеп отыруы тиіс.
– Бірақ жүргізушілер деректе­рін дұрыс көрсетпей жататын кездер болады. Менің такспо­пар­кімде де ондайлар кездесті. Аға­сының немесе әкесінің деректерін тіркейді де, басқа адам таксист болып жүреді, – дейді ол.
Бұдан соң жолаушылардың арыздануына негіз бар. Жалған мә­лімет арқылы жолаушы тасы­малдайтын жүргізушілердің сал­ғырттығы да қауіпсіздік мәселесін үдетіп отырғандай. Қайткен күнде де, «Яндекске» қатысты мәсел­е­лерді құзырлы органдар заңмен ретке келтіретін кез жетті. Әйтпесе бұған қатысты даулардың биыл басылатын түрі жоқ.