Елімізде адамды бет-бейнесінен танитын камералар қолданысқа жаппай енгізіле бастамақ. Әзірге оның Алматы қаласынан басталатыны белгілі болып отыр. 2025 жылға дейін қала бойынша осындай 7 мың камера қойылады. Ендеше қоғамдық қауіпсіздік үшін орнатылатын бақылау құрылғылары тоталитарлы түрдегі қадағалау құралына айналып кетпей ме? Игілігінде дау жоқ Расында да, осынау алмағайып уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы ерекше. Бұл тұста жеделдік те керек-ақ. Сондықтан бейнебақылауға түскен қылмыс пен құқықбұзушылықты көріп қана қоймай, оны кімнің жасағанын сол бойда анықтау, «ізі суымай» ашылатын істердің статистикасын арттыра түспек. Ал бұл өз кезегінде құқық қорғаушылардың «құрығы ұзын» екеніне көзі жеткен қылмыскерлерді абайлап аттап басуға мәжбүр етері сөзсіз. Осы ретте мұндай жеделдікке жету үшін Ішкі істер министрлігі цифрландыру шараларын жан-жақты жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде полиция қызметінде түрлі жоба жүзеге асырылуда. Олардың негізгісі – бейнебақылау жүйесін интеграциялауға арналған «Кілем жабыны», ведомстволық ішкі бейнебақылаумен қамтуға арналған «Жаппай бейнебақылау», полиция қызметкерін бейнежетондармен және планшеттермен қамтамасыз етуге арналған «Цифрлы полицей», полицияны шұғыл шақыруға арналған «SOS түймелері», Аndrоid және ІОS операциялық жүйелері үшін қолжетімді «102» мобильді қосымшасы» жобалары.
«Қазір республика аумағында әртүрлі меншік нысанында 795 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар болса, «Кілем жабыны» жобасы бойынша оның 164 мыңға жуығы аумақтық бөлімшелердің Жедел басқару орталықтарына қосылған. Соның ішінде 7 367 мектеп бар. «Жаппай бейнебақылау» аясында полиция органдарының, арнайы мекемелердің және қылмыстық-атқару жүйесі объектілерінің қызметтік кабинеттеріне 18 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. «Цифрлы полицей» шеңберінде сыртқы қызмет полицейлері 83% қызметтік планшеттермен қамтамасыз етілген. Ал құқыққа қайшы әрекеттер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде полицияны шұғыл шақыруға арналған «SOS түймелерінің» қазір еліміз бойынша 124 данасы орнатылған. «102» қосымшасын 71 мыңнан астам пайдаланушы жүктеп алған. Іске қосылғаннан бері мобильді жүктеме арқылы 168 мыңға жуық хабарлама келіп түскен, оның 95,1 мыңы – қоңырау, 30,5 мыңы – мәтіндік хабарлама, 42,4 мыңы – өтініш. Қызметтік жұмысты цифрландырудың маңызды жобаларының бірі – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесе енгізіліп жатқан қылмыстық іс жүргізуді электронды форматқа көшіру жобасы. Сонымен қатар VIN нөмірін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін енгізу арқылы көлік құралының тарихы туралы ақпарат алу сервисі іске қосылды. Функционал іске қосылған сәттен бастап (2021 жылғы 10 қазаннан) азаматтардан 1 млн-нан астам сұрау салу келіп түсті және өңделді», – дейді ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Әділ Сәрсенов.Осы цифрландыру жұмыстарының ішіндегі ең бір тиімдісі – бейнебақылау жүйесі екені белгілі. Әйтсе де, еліміз үшін 800 мыңға жуық камераның өзі тым аздық етеді екен. Халықаралық стандартқа сай 100 адамға 15 бейнекамерадан келуі үшін әлі 2,8 млн бақылау құрылғысы қажет. Сондықтан да бұл жұмыстар жалғаса бермек. Оның бір бағыты адамның бет-әлпетін тану әдісі болмақ. Алдағы 5 жылда мұндай жаңашылдық «Сергек» жүйесіне интеграцияланатын болады деп жоспарлануда. Алматы қаласындағы 7 мың бейнебақылау камерасы осы жоспардың басы.
«Жауапты және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру кезінде жедел әрекет ету, әуежайда, вокзалдарда және адам көп шоғырланатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2026 жылдан бастап бейнеталдау және бет-әлпетті тану функциясы барлық бейнебақылау жүйелеріне біріктіріледі. Сондай-ақ 2027 жылға қарай бейнебақылау жүйесі террористік тұрғыдан осал нысандардың бәріне және көпқабатты тұрғын үй кешендерінің аулаларына камералар орнату арқылы кеңейтіледі», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.Шетелдегідей ұқсата білгенге озық технологиялардың игілігі көп. Мәселен, Қытай мен АҚШ-та сатушысы жоқ дүкендер бар. Онда сатып алушы шығар есікке жақындаған кезде камералар оны танып, алған затының ақшасын автоматты түрде есепшотынан шешіп алады. Сондай-ақ адам ұрлығы кезінде жәбірленушіні де, қылмыскерді де дер кезінде анықтап, уақытында ұстаған деректер көптеп кездеседі. Таяқтың бір ұшы – сенім Технологиялық жаңашылдықтардың күнделікті өмір салтымызға дендеп еніп жатқаны рас. Соның ішінде осынау антропометриялық тәсілге негізделген функциялар бүгінде кең қолданыста жүр. Мәселен, екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы аккаунтқа кіргенде, әлде несие рәсімдегенде жүзімізді 98%-ға дейін қателеспей танитын бейнетанушы бағдарлама арқылы қауіпсіздік талаптарын орындайтынымыз жасырын емес. Ал кейбір стратегиялық нысандарда, мекемелер мен мектептерде мұндай жүйе соңғы екі-үш жылдан бері пайда болды. Мәселен, былтыр Астанадағы әуежайда, мешіттерде және жаяу жүргіншілердің жерасты өткелінде тесттік үлгіде іске қосылғаны хабарланды. Ал №59 мектеп-лицейі мен №22 мектепте пилоттық жоба ретінде пайдалануға берілді. Мұнда Astana Innovations және Clockster компаниялары орнатқан турникет есебіндегі жүйе оқушылар мен мектеп қызметкерлерін тек танып өткізіп қана қоймай, олардың дене температурасын автоматты түрде өлшеп, қызуы жоғары болса, кіруге рұқсат бермей қояды. Бұл тұста заманауи озық жетістіктердің қауіпсіздік игілігіне қызмет еткені дұрыс болар, әйтсе де қоғамда мұндай жаңашылдыққа сақтықпен қарау әдебі басым болып тұр. Интернеттегі комментарийлер мен посттың дені «бұл – цифрлы концлагерь», «тоталдық қадағалау дәуірі басталды» деген сыңайда болып келеді. Таяқтың екі ұшы бар демекші, Үкіметтің тану құралы ретінде ұсынып отырған жүйесі аңду құрылғысына айналып кетпесе болғаны.
«Әрине, егер моральдық этиканы бекем ұстанатын, жауапкершілігі жоғары лайықты адамдар басқаратын болса, озық технологиялардың игілігі өте көп. Әйтсе де, біздің қоғамдағы әртүрлі деңгейдегі басшылардың моральдық та, этикалық та қасиеттері әлі де болса пісіп-жетілмегеніне көзім жетіп тұрғандықтан, бұл жүйенің теріс мақсатта қолданылып кетпейтініне сенбеймін. Тіпті, қауіптенемін. Оған біздің шенеуніктердің түрлі коррупциялық және өзгедей де ауыр қылмыстардың фигуранттары болып жатқаны дәлел. Оның үстіне, біздің қоғамда әлі демократиялық құндылықтар толық орныққан жоқ. Мемлекеттік органдар халыққа бағынышты, әсіресе құқық қорғау саласы толық есеп беретін болса, онда бұл жүйеге сенуге болар еді. Ал қазіргі жағдайда мұндай құралдар репрессивті аппараттың жекелеген белсенділерді, саяси жағымсыз адамдарды, басқа да тұлғаларды қудалау құралына айналып кететінін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да сарапшы қауыммен, саясаттанушылармен ақылдаса отырып, бұл әдісті әзірге тек нағыз қажет деген жерлерде, әуежай, су қоймалары сияқты террористік қауіп зор нысандарда ғана пайдалану керек деген ойға тоқталдық. Осы себепті оны тек кезең-кезеңімен енгізбесе, толықтай енгізуге әлі ерте», – дейді Facebook-тегі «ІІМ реформасын талап етеміз» тобын ұйымдастыру-шылардың бірі Ерлан Нұрпейісов.Осы ретте халықтың полицияға сенбейтін реті бар. Өйткені ұялы телефондарды ЖСН арқылы жеке адам басына тіркеген кезде олардың ұрлығын тоқтата аламыз деп уәде берген ІІМ бұл тұста да технологиялық шешімдерді нәтижелі пайдалана алмады. Әйтсе де, бұл бастаманы қолдаушылар да жоқ емес.
«Конспирогиялық теориялар бойынша адамның бет-жүзін танитын камералар қудалау мақсатында пайдаланылып кетуі әбден мүмкін. Бірақ бұл одан толықтай бас тартуға тиіспіз дегенді білдірмесе керек. Біз оның қоғамдық қауіпсіздік жағына да көбірек көңіл бөлгеніміз жөн. Нақты заңдармен бекітіп, теріс мақсаттарға пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Сондықтан да мұндай камераларды орнатқан дұрыс. Өйткені қазір бар технологиялық мүмкіндік сапалық жағынан да, форматы жағынан да адамдарды идентификациялауға толықтай мүмкіндік бермейді. Мәселен, біреулер мүлкін ұрлап кеткен адамды табуға полицияға көмектесіп, сол маңайдағы камералардан видеосын тауып беріп жатады. Соның өзінде де полицияның әрекетсіздік танытатынын естіп, көріп жүрміз. Менің ойымша, заңға бағынып жүрген адам үшін қорқатын ештеңе жоқ. Жеке өз басым жаппай бақылаудан қорықпаймын», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.Негізінен, мұндай жүйе бүкіл әлемде бар екенін қарапайым мысалмен түсіндіріп беруге болады. Ол азаматтық мақсатта қолданады. Яғни, осы Facebook-тің өзі-ақ жасанды интеллект арқылы сіздің суретіңізді тауып әкеліп, өзіңізге ұсынатыны бар. Google-дің іздеу жолағында да сурет арқылы табу функциясы қолданушыларға көп көмек. Енді осыны ішкі істер саласына әкелудегі түйткіл сенімге ғана тіреліп тұрған сияқты. Сол себепті де, сарапшылар адамды тану камераларын жаппай емес, тек ІІМ-нің мәліметтер базасында тіркеуде тұрған контингент кездескенде ғана автоматты түрде шығарып беретін аяда пайдалану қажет деп санайды. Ал басқа адамдардың мәліметтерін өздерінің келісімінсіз енгізбеу керек. Естеріңізде болса, бұл жүйені енгізуге қатысты бұған дейін де дау болып, сол Алматының өзінде меморандумға қол қойылғаны жөнінде әңгіме гу-гу ескен еді. 2020 жылы «Полиция департаменті мен Көк базар әкімшілігі меморандумға қол қойыпты» деген ақпарат шығып, кейін ол ресми түрде жоққа шығарылған болатын. Соның жалғасындай болып өткен аптада тағы да бұл әңгіме қайта көтеріліп отыр. Оған кім рұқсат бергені, қалай жүзеге асатыны нақты белгісіз. Ең бастысы, қоғамдық қауіпсіздіктен бұрын персоналды мәліметтер қауіпсіздігінің толықтай сақталғаны абзал.