Шекарадағы кептеліс: келіп жатқандар кім?

шекара

Бітім салтанат құрған елде бақуатты өмір болады. Бейбітшіліктен айырылған елден береке кетеді. Дәл қазір солтүстік көршіні бейберекетсіздік жайлай бастады. Ресейдің 50-ден аса өңірінде ауқымды наразылық шаралары өтті және жалғасты. Митингілердің ортақ ұраны – «Мобилизацияға жол жоқ!». Бас көтеруге дәл ХХ ғасыр басындағыдай азаматтарды соғысқа алу жарлығы түрткі болды. Одан құтылуға тырысқан ресейліктер жаппай көрші елдерге қашуда. Бұған қарсы Қазақстан қандай амал-шара қабылдамақ?

Шекара жабыла ма?

2022 жылғы 21 қыркүйектен бері жігіттерін соғысқа бермеу үшін көшеге шыққан жұртшылық «Соғыс құрысын!» деп ұрандап жатыр. Осыған бола, кем дегенде екі мыңнан астам адам ұсталып, қамалған. Дегенмен, РФ тұрғын­да­рының басым бөлігі бұғып, үнсіз қарсылық шараларын таңдады. Яғни олар шетелге қашты. Салда­рынан, ресейліктер визасыз бара алатын елдерге ұшақ пен пойыз билеттері бір ай алға сатылып кет­кен. Қазақстан қалаларындағы ха­л­ыққа қызмет көрсету орталық­тары да толған ресейліктер: бір то­бы уақытша тіркеуге тұрса, бас­қалары тұрақты тұру ықтиярхатын рәсімдеуге асық. Тіпті біздің елдің азаматтығын алуға бел буғандары бар. Орал, Павлодар және Ресей­мен шектесетін басқа қалалар мен елді мекендерде қонақүйлер, жалға берілетін баспаналар босқан ре­сейліктерге толды. Алматыда бір түн­нің ішінде пәтерді жалға алу ақысы еселеп өсті. Тіпті айына бір миллион теңге сұрай бастады.

Әлеуметтік желіде екі ел шека­расын жаяу-жалпылап кесіп өтіп жатқан ресейліктердің видеолары жариялануда. Ресейдің Челябі об­лы­сындағы «Бугристое» және Қа­зақстанның Қостанай облысын­дағы «Қайрақ» өткізу бекеттерінде арғы жақтан бірнеше шақырымға созылған көліктердің кезегі туын­дады. Жергілікті тұрғындардың түсіндіруінше, көлігі бар ресей­ліктердің бәрі бірдей қоныс ау­дарып жатқан жоқ, Қазақстан жағынан арзан әрі импорттық қат тауарларды қаптатып сатып алып, кері оралады. Әйтсе де, Ресейде мобилизация жарияланғалы жүк көліктеріне қарағанда жеңіл авто­мобильдер қарасы күрт артқан. Челябі облысының шекара бас­қар­масының хабарлауынша, «Бу­гристоеның» өткізу мүмкіндігінен 3 есе көп көлік жиналыпты. Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттерінде де көп шақырымдық кептеліс қалыптасты. Кешеден бері кесіп өте алмағандар бар.

Жалпы, қазақ еліне қанша ресейлік қашып кірді? Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатты алаң­даған қазақстандықтар бұлай жа­л­ғаса берсе, «көптеген қала мен елді мекенде мемлекет құраушы тұрғы­лықты ұлттың үлесі тағы азайып қалады, орыс мектептері қаптап ашылады» деген қауіптерін білдіріп жатыр. Біз бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға қой­дық. Ол халқымызды қатты маза­лаған осы сауалдарды құзырлы органдарға бағыттап, мәселе кө­теріп жатқанын жеткізді.

«Әуе жолдары арқылы көп адам келе алмайды. Бізді алаңдатып отырғаны – құрлық жолдары. Пан­демия кезінде Қазақстан кешігіп болса да шекараларды тарс жапты. Қазір сондай шаралар қабылдау қажет. Бұл, өкінішке қарай, Парла­менттің құзырына кірмейді. Ол үшін Үкімет қаулы қабылдауы не­месе ведомствоаралық комиссия шешім шығаруы керек. Құқық қорғау органдары жағдайды ұдайы бақылап отыр. Жоғарыда жауапты тұлғалар бас қосып, осы мәселені талқылап жатыр. Мүмкін, алда бір шешім қабылданар. Өйткені Ре­сейдегі жағдай ушыға беретін түрі бар. Біз шекараға бекем болуға тиіс­піз. Тіпті қаптаған тобыр ше­караны бұзып өтуге талпынуы да ықтимал», – деді Б.Смағұл.

Қазақстанға қанша ресейлік енді?

Халық қалаулысы биылғы ка­никул кезінде Қазақстанның шека­расын аралап, соның ішінде Ре­сеймен арадағы шекара бөлім­ше­лерінде де болғанын, жай-күйімен танысқанын әңгімеледі.

– Ресеймен шекара жақтағы жағдай бұрынғыға қарағанда, сон­дай-ақ Қытаймен, Қырғызстанмен арадағы шекарамен салыстырғанда көш ілгері. Бірақ бәрібір осал тұсы жетерлік. Дрондар тым аз. Байла­ныста да проблема бар. Қарда жүр­гіш машиналары (снегоход) жиі сынып, жүруінен тұруы көп. Шека­ра бөлімшелерін заманауи дрон­дармен, байланыс құралдарымен, көлік және техникамен жете жаб­дықтау қажет. Ал шекаралық өткізу бекеттерінде мобилизацияға дейін де үнемі кептеліс болып жататын. Рентген аппараттары тапшы. Олар­дың да жаңасын орнату талап етіледі. Сонда ғана шекараны бері қарай кесіп өтетіндердің заңсыз заттарды көлікке мұқият жасы­рып алып өтпеуіне тосқауыл қоя алады, – деді депутат.

Бұған қоса, оның байламынша, көші-қон қызметін күшейткен жөн. Олар елге кірген шетелдік­тердің әрқайсысы қайда жүргенін мұқият қадағалап отырғаны ма­ңызды. Қазақстанға кіріп алып, мерзімі бітсе де, тұрақты тіркеуге тұрмаған РФ тұрғындары бар. Б.Смағұл Үкімет шекараны толық жаба алмаса, онда 50 жасқа дейінгі ресейліктердің кіруіне тыйым салуға болатынын айтты: бұл – мо­билизациялық жастағы ер-азамат­тар. Бұдан тек Қазақстан экономи­касына қаржы салатын инвестор­ларды, елімізге бизнесін көшіретін кәсіпкерлерді босатуға болады.

Бақытбек Смағұл құзырлы органдардан алғызған «Қазақстанға келген Ресей азаматтары туралы ақпаратты» ұсынды. Сонымен, 21 қыркүйекті қоса алғанда, 2022 жылы Қазақстанға Ресей Федера­циясының 1 миллион 656 мыңнан астам азаматы кіріп үлгерген. Са­лыстырсақ, былтыр дәл осы кезең­де бұл сан небары 453 мың 788 адам­ды құрады. Сонымен бірге ел­ден 1 млн 643 мыңдай Ресей аза­маты шықты (былтыр 457 260). Бұлардың арасында Қазақстанды жерсінбей, ары қарай басқа елдерге аттанғандары, РФ азаматтығын жаңа алып, керісінше, Ресейге көш­кендері және басқасы бар. Яғни, тоғыспалы процестер арқа­сын­да елімізде РФ тұрғындары шектен тыс қаптаған жоқ. Өйткені алда лек артып, сальдо күрт артуы мүмкін.

«Бізді алаңдататыны – кейінгі күндердегі жағдай. Соңғы бір тәу­лікте, 21 қыркүйекте Қазақстанға 10 300 РФ азаматы келген. Соның ішінде елорда әуежайы арқылы 695 адам ұшып келді. Ресейлік паб­ликтер, сарапшылар РФ Қорғаныс министрінен соңғы бір апта бойы мобилизация жариялауды талап еткені мәлім. Тиісінше, жедел де­ректерден осы аптада Ресейден бізге эмиграция күшейгенін көріп отырмыз. Тарата айтсам, 14 қыр­күйекте Ресейден – 8 279, 15 қыр­күйекте – 9 786, 16 қыркүйекте – 11 146, 17 қыркүйекте – 11 976, 18 қыр­күйекте – 9 275, 19 қыркүйекте – 8 745, ал 20 қыркүйекте – 8 560 адам елге енді. Бұл тіпті пандемияға дейінгі жылдардағыдан көп: 2019 жылы орта есеппен 4 мыңдай ресейлік келетін, 5,3 мыңы кете­тін», – деді Б.Смағұл.

Бірақ құзырлы органдар биыл келушілер қатарының өсуіне 2022 жылы 11 сәуірде құрғақтағы шека­раның карантиннен соң ашылуы себеп болды (бұрын тек әуежаймен келу мүмкін болған) деп түсін­ді­ріпті. Нәтижесінде, 11 сәуірден бас­тап келген 1 107 843 реселіктің 1 028 114-і не 92,2%-ы құрлықтағы шекараны кесіп өткен. Яғни, жағ­дай ушыға берсе, құрлықтағы ше­ка­раны жапса, жеткілікті болады.

Депутат «Бүркіт» бірыңғай ақпа­раттық жүйесіне сілтеме жасай отырып, бүгінде Қазақстанда 196 940 ресейлік уақытша тұрып жатқа­нын хабарлады. Тағы 64 935 Ресей азаматы тұрғылықты тұрып жатыр, оның 6 398-і – қоныс аударған қан­дастарымыз. Жыл басынан бері
РФ азаматтарының келуі туралы 110 998 хабарлама түсті. Мұның сыр­тында жыл басынан РФ аза­мат­тары елімізде 94 616 ЖСН ресім­деді. Санкцияға түсіп қалмау үшін қазақстандық құзырлы органдар бүгінде оларға ЖСН тағайындауда сақтық таныта бастаған. Әйтпесе, ЖСН алған жатжұрттықтар саны бірнеше миллионға жетер ме еді?

2022 жылы көші-қон заңнама­сын бұзғаны үшін 2 959 РФ азаматы әкімшілік жауапкершілікке тар­тыл­ды. Соның 203-і елден аласталды.

Қазақстан қашқындарға қолайлы ел ме?

Ресейден жөңкіле көшкен эми­гранттар мен релоканттарға көмек­тесетін «Гайд в свободный мир» бірлестігінің негізін қалаушы Ира Лобановская Inbusiness.kz пор­талына сұхбатында соғыстан қаш­қан ресейліктер үшін ең ыңғайлы ел Қазақстан екенін хабарлапты. Оның мәлімдеуінше, РФ азамат­тары барлық мүмкін болған тәсіл­дермен елден кетіп қалуға ұмты­лу­да. Гайд сервисінен кеңес сұраған­дардың саны бір күннің ішінде 1 миллионнан асып жығылды. Осыған байланысты ұйым ресей­ліктер шетелдік паспортсыз кіре алатын елдердің тізімін жасаған, ол қысқа ғана: Еуразиялық одақ ел­дері. Басқа елдердің бәрі әлгі пас­портты талап етеді. Әйткенмен, И.Лобановская Арменияның Әзербайжанмен арасында қарулы жанжал болып жатқанын, Қыр­ғызстанда Тәжікстанмен шекара­сындағы шиеленісі шешілмегенін, бұл елдер тұрақты тұруға қолайсыз саналатынын ескертті. Беларусь болса, соғысты қолдаған ел, оған қашқан ресейліктер көп тоқтамай, ары қарай ұшып кетулері шарт.

«Қазақстанда РФ азаматтары тіркеусіз 30 күн жүре алады. Тұр­ғылықты жері бойынша тіркелген соң тағы 60 күн тұруға рұқсат. Оң мен терісті таразыласақ, азамат­тар­дың көбі Қазақстанды таңдайды», – деді ол. Бірақ Қазақстан мобили­зациядан құтылып кету үшін ғана жарайды. Ал тұруға қымбат. Сон­дықтан ресейлік сарапшы Қазақ­станға лек-лек болып тасқындап жатқан ресейліктердің үлкен бөлігі Қазақстанда қалмайды деп бол­жады. Қазақстан мен Ресей ара­сын­да депортациялау және экстра­дициялау салаларында мол құқық­тық база түзілген. Оған сәйкес, құқық қорғау органдары Қазақ­стан­да тұрақты тұратын ресей­лік­терді, соның ішінде РФ аза­мат­тығын алғанымен республикамызда қалған экс-қазақстандықтарды да Ресейге ұстап беруі мүмкін.

Ресейлік сарапшы РФ азамат­тарының Қазақстаннан да ауа кө­шуіне түрткі болатын себептерді атады: елді қымбатшылық жай­лау­да. Одан гөрі, айталық, Мексикада тұру арзанырақ. Бұған қоса, Қа­зақ­стан РФ азаматтарына, дезертир­лерге босқын мәртебесін бермейді.

Еуразиялық одақ аясындағы келісімдер бойынша Қазақстан олардың бәріне өз азаматта­ры­мызбен тең дәрежеде медициналық көмек көрсетуге, тіпті зейнетақы төлеуге мәжбүр болады. Мұның бәрі дағдарыстан онсыз да күй­зелген экономикаға салмақ болса керек. Үкіметтің әлеуметтік, эко­но­микалық салаларына жауапты министрліктері осының бәрін ескеріп, сценарий құрып, қамда­нып отырса жөн. Әзірге олар түсі­ніктеме берген жоқ.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.