Бітім салтанат құрған елде бақуатты өмір болады. Бейбітшіліктен айырылған елден береке кетеді. Дәл қазір солтүстік көршіні бейберекетсіздік жайлай бастады. Ресейдің 50-ден аса өңірінде ауқымды наразылық шаралары өтті және жалғасты. Митингілердің ортақ ұраны – «Мобилизацияға жол жоқ!». Бас көтеруге дәл ХХ ғасыр басындағыдай азаматтарды соғысқа алу жарлығы түрткі болды. Одан құтылуға тырысқан ресейліктер жаппай көрші елдерге қашуда. Бұған қарсы Қазақстан қандай амал-шара қабылдамақ?Шекара жабыла ма?
2022 жылғы 21 қыркүйектен бері жігіттерін соғысқа бермеу үшін көшеге шыққан жұртшылық «Соғыс құрысын!» деп ұрандап жатыр. Осыған бола, кем дегенде екі мыңнан астам адам ұсталып, қамалған. Дегенмен, РФ тұрғындарының басым бөлігі бұғып, үнсіз қарсылық шараларын таңдады. Яғни олар шетелге қашты. Салдарынан, ресейліктер визасыз бара алатын елдерге ұшақ пен пойыз билеттері бір ай алға сатылып кеткен. Қазақстан қалаларындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары да толған ресейліктер: бір тобы уақытша тіркеуге тұрса, басқалары тұрақты тұру ықтиярхатын рәсімдеуге асық. Тіпті біздің елдің азаматтығын алуға бел буғандары бар. Орал, Павлодар және Ресеймен шектесетін басқа қалалар мен елді мекендерде қонақүйлер, жалға берілетін баспаналар босқан ресейліктерге толды. Алматыда бір түннің ішінде пәтерді жалға алу ақысы еселеп өсті. Тіпті айына бір миллион теңге сұрай бастады.
Әлеуметтік желіде екі ел шекарасын жаяу-жалпылап кесіп өтіп жатқан ресейліктердің видеолары жариялануда. Ресейдің Челябі облысындағы «Бугристое» және Қазақстанның Қостанай облысындағы «Қайрақ» өткізу бекеттерінде арғы жақтан бірнеше шақырымға созылған көліктердің кезегі туындады. Жергілікті тұрғындардың түсіндіруінше, көлігі бар ресейліктердің бәрі бірдей қоныс аударып жатқан жоқ, Қазақстан жағынан арзан әрі импорттық қат тауарларды қаптатып сатып алып, кері оралады. Әйтсе де, Ресейде мобилизация жарияланғалы жүк көліктеріне қарағанда жеңіл автомобильдер қарасы күрт артқан. Челябі облысының шекара басқармасының хабарлауынша, «Бугристоеның» өткізу мүмкіндігінен 3 есе көп көлік жиналыпты. Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттерінде де көп шақырымдық кептеліс қалыптасты. Кешеден бері кесіп өте алмағандар бар.
Жалпы, қазақ еліне қанша ресейлік қашып кірді? Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатты алаңдаған қазақстандықтар бұлай жалғаса берсе, «көптеген қала мен елді мекенде мемлекет құраушы тұрғылықты ұлттың үлесі тағы азайып қалады, орыс мектептері қаптап ашылады» деген қауіптерін білдіріп жатыр. Біз бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға қойдық. Ол халқымызды қатты мазалаған осы сауалдарды құзырлы органдарға бағыттап, мәселе көтеріп жатқанын жеткізді.
«Әуе жолдары арқылы көп адам келе алмайды. Бізді алаңдатып отырғаны – құрлық жолдары. Пандемия кезінде Қазақстан кешігіп болса да шекараларды тарс жапты. Қазір сондай шаралар қабылдау қажет. Бұл, өкінішке қарай, Парламенттің құзырына кірмейді. Ол үшін Үкімет қаулы қабылдауы немесе ведомствоаралық комиссия шешім шығаруы керек. Құқық қорғау органдары жағдайды ұдайы бақылап отыр. Жоғарыда жауапты тұлғалар бас қосып, осы мәселені талқылап жатыр. Мүмкін, алда бір шешім қабылданар. Өйткені Ресейдегі жағдай ушыға беретін түрі бар. Біз шекараға бекем болуға тиіспіз. Тіпті қаптаған тобыр шекараны бұзып өтуге талпынуы да ықтимал», – деді Б.Смағұл.
Қазақстанға қанша ресейлік енді?
Халық қалаулысы биылғы каникул кезінде Қазақстанның шекарасын аралап, соның ішінде Ресеймен арадағы шекара бөлімшелерінде де болғанын, жай-күйімен танысқанын әңгімеледі.
– Ресеймен шекара жақтағы жағдай бұрынғыға қарағанда, сондай-ақ Қытаймен, Қырғызстанмен арадағы шекарамен салыстырғанда көш ілгері. Бірақ бәрібір осал тұсы жетерлік. Дрондар тым аз. Байланыста да проблема бар. Қарда жүргіш машиналары (снегоход) жиі сынып, жүруінен тұруы көп. Шекара бөлімшелерін заманауи дрондармен, байланыс құралдарымен, көлік және техникамен жете жабдықтау қажет. Ал шекаралық өткізу бекеттерінде мобилизацияға дейін де үнемі кептеліс болып жататын. Рентген аппараттары тапшы. Олардың да жаңасын орнату талап етіледі. Сонда ғана шекараны бері қарай кесіп өтетіндердің заңсыз заттарды көлікке мұқият жасырып алып өтпеуіне тосқауыл қоя алады, – деді депутат.
Бұған қоса, оның байламынша, көші-қон қызметін күшейткен жөн. Олар елге кірген шетелдіктердің әрқайсысы қайда жүргенін мұқият қадағалап отырғаны маңызды. Қазақстанға кіріп алып, мерзімі бітсе де, тұрақты тіркеуге тұрмаған РФ тұрғындары бар. Б.Смағұл Үкімет шекараны толық жаба алмаса, онда 50 жасқа дейінгі ресейліктердің кіруіне тыйым салуға болатынын айтты: бұл – мобилизациялық жастағы ер-азаматтар. Бұдан тек Қазақстан экономикасына қаржы салатын инвесторларды, елімізге бизнесін көшіретін кәсіпкерлерді босатуға болады.
Бақытбек Смағұл құзырлы органдардан алғызған «Қазақстанға келген Ресей азаматтары туралы ақпаратты» ұсынды. Сонымен, 21 қыркүйекті қоса алғанда, 2022 жылы Қазақстанға Ресей Федерациясының 1 миллион 656 мыңнан астам азаматы кіріп үлгерген. Салыстырсақ, былтыр дәл осы кезеңде бұл сан небары 453 мың 788 адамды құрады. Сонымен бірге елден 1 млн 643 мыңдай Ресей азаматы шықты (былтыр 457 260). Бұлардың арасында Қазақстанды жерсінбей, ары қарай басқа елдерге аттанғандары, РФ азаматтығын жаңа алып, керісінше, Ресейге көшкендері және басқасы бар. Яғни, тоғыспалы процестер арқасында елімізде РФ тұрғындары шектен тыс қаптаған жоқ. Өйткені алда лек артып, сальдо күрт артуы мүмкін.
«Бізді алаңдататыны – кейінгі күндердегі жағдай. Соңғы бір тәулікте, 21 қыркүйекте Қазақстанға 10 300 РФ азаматы келген. Соның ішінде елорда әуежайы арқылы 695 адам ұшып келді. Ресейлік пабликтер, сарапшылар РФ Қорғаныс министрінен соңғы бір апта бойы мобилизация жариялауды талап еткені мәлім. Тиісінше, жедел деректерден осы аптада Ресейден бізге эмиграция күшейгенін көріп отырмыз. Тарата айтсам, 14 қыркүйекте Ресейден – 8 279, 15 қыркүйекте – 9 786, 16 қыркүйекте – 11 146, 17 қыркүйекте – 11 976, 18 қыркүйекте – 9 275, 19 қыркүйекте – 8 745, ал 20 қыркүйекте – 8 560 адам елге енді. Бұл тіпті пандемияға дейінгі жылдардағыдан көп: 2019 жылы орта есеппен 4 мыңдай ресейлік келетін, 5,3 мыңы кететін», – деді Б.Смағұл.
Бірақ құзырлы органдар биыл келушілер қатарының өсуіне 2022 жылы 11 сәуірде құрғақтағы шекараның карантиннен соң ашылуы себеп болды (бұрын тек әуежаймен келу мүмкін болған) деп түсіндіріпті. Нәтижесінде, 11 сәуірден бастап келген 1 107 843 реселіктің 1 028 114-і не 92,2%-ы құрлықтағы шекараны кесіп өткен. Яғни, жағдай ушыға берсе, құрлықтағы шекараны жапса, жеткілікті болады.
Депутат «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесіне сілтеме жасай отырып, бүгінде Қазақстанда 196 940 ресейлік уақытша тұрып жатқанын хабарлады. Тағы 64 935 Ресей азаматы тұрғылықты тұрып жатыр, оның 6 398-і – қоныс аударған қандастарымыз. Жыл басынан бері
РФ азаматтарының келуі туралы 110 998 хабарлама түсті. Мұның сыртында жыл басынан РФ азаматтары елімізде 94 616 ЖСН ресімдеді. Санкцияға түсіп қалмау үшін қазақстандық құзырлы органдар бүгінде оларға ЖСН тағайындауда сақтық таныта бастаған. Әйтпесе, ЖСН алған жатжұрттықтар саны бірнеше миллионға жетер ме еді?
2022 жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2 959 РФ азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның 203-і елден аласталды.
Қазақстан қашқындарға қолайлы ел ме?
Ресейден жөңкіле көшкен эмигранттар мен релоканттарға көмектесетін «Гайд в свободный мир» бірлестігінің негізін қалаушы Ира Лобановская Inbusiness.kz порталына сұхбатында соғыстан қашқан ресейліктер үшін ең ыңғайлы ел Қазақстан екенін хабарлапты. Оның мәлімдеуінше, РФ азаматтары барлық мүмкін болған тәсілдермен елден кетіп қалуға ұмтылуда. Гайд сервисінен кеңес сұрағандардың саны бір күннің ішінде 1 миллионнан асып жығылды. Осыған байланысты ұйым ресейліктер шетелдік паспортсыз кіре алатын елдердің тізімін жасаған, ол қысқа ғана: Еуразиялық одақ елдері. Басқа елдердің бәрі әлгі паспортты талап етеді. Әйткенмен, И.Лобановская Арменияның Әзербайжанмен арасында қарулы жанжал болып жатқанын, Қырғызстанда Тәжікстанмен шекарасындағы шиеленісі шешілмегенін, бұл елдер тұрақты тұруға қолайсыз саналатынын ескертті. Беларусь болса, соғысты қолдаған ел, оған қашқан ресейліктер көп тоқтамай, ары қарай ұшып кетулері шарт.
«Қазақстанда РФ азаматтары тіркеусіз 30 күн жүре алады. Тұрғылықты жері бойынша тіркелген соң тағы 60 күн тұруға рұқсат. Оң мен терісті таразыласақ, азаматтардың көбі Қазақстанды таңдайды», – деді ол. Бірақ Қазақстан мобилизациядан құтылып кету үшін ғана жарайды. Ал тұруға қымбат. Сондықтан ресейлік сарапшы Қазақстанға лек-лек болып тасқындап жатқан ресейліктердің үлкен бөлігі Қазақстанда қалмайды деп болжады. Қазақстан мен Ресей арасында депортациялау және экстрадициялау салаларында мол құқықтық база түзілген. Оған сәйкес, құқық қорғау органдары Қазақстанда тұрақты тұратын ресейліктерді, соның ішінде РФ азаматтығын алғанымен республикамызда қалған экс-қазақстандықтарды да Ресейге ұстап беруі мүмкін.
Ресейлік сарапшы РФ азаматтарының Қазақстаннан да ауа көшуіне түрткі болатын себептерді атады: елді қымбатшылық жайлауда. Одан гөрі, айталық, Мексикада тұру арзанырақ. Бұған қоса, Қазақстан РФ азаматтарына, дезертирлерге босқын мәртебесін бермейді.
Еуразиялық одақ аясындағы келісімдер бойынша Қазақстан олардың бәріне өз азаматтарымызбен тең дәрежеде медициналық көмек көрсетуге, тіпті зейнетақы төлеуге мәжбүр болады. Мұның бәрі дағдарыстан онсыз да күйзелген экономикаға салмақ болса керек. Үкіметтің әлеуметтік, экономикалық салаларына жауапты министрліктері осының бәрін ескеріп, сценарий құрып, қамданып отырса жөн. Әзірге олар түсініктеме берген жоқ.